Ескерткіштер ескерусіз қалмайды

0
46

Ескерткіш – кең мағынасында елдің, халықтың мәдени мұрасының жалпылама атауы. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы мұражайлық, көрмелік маңызы бар заттар мен жылжымайтын ескерткіштерді, яғни құрылыстарды, ғимараттарды қамтиды. Ортақ типологиялық белгілері бойынша ескерткіштерді негізгі 4 түрге бөледі: археологиялық ескерткіштер, тарихи ескерткіштер, сәулет өнері ескерткіштері, монументтік немесе  өнері ескерткіштері. Сондай-ақ, ескерткіштерге тарихи-танымдық немесе тарихи-көркем құндылығы бар жазбаларды да жатқызуға болады.
Одан өзге ескерткіштер – ұлы тұлғаларды, белгілі қайрат­керлерді немесе елеулі тарихи оқиғаларды есте қалдыру үшін жа­салатын мүсіндік туын­ды. Бұл атау монумент деген ұғым­ның мағынасына жақын. Ескерт­кіштер халықтың өш­пес мұрасы, тарих шежіресі ре­тінде сақталып келеді. Ол мемлекет тарапынан жан-жақты қорғауға алынған. Осы орайда сейсенбі күні облыс орталығы Талдықорған қаласында Тари­хи-мәдени мұраны қорғау жө­ніндегі Алматы облыстық орта­лы­ғының ұйымдас­тыруы­мен Ха­лықаралық ескерт­кіштер мен тарихи мекендер күніне ар­налған  ғасырлар бойы ата­дан балаға мирас болып келе жат­қан көне заман мұра­ларымызды зерделеу, сақ­тау және қалпына келтіру, тиімді пайдалану жолдарын қарастыру мақсатында ауқымды мә­дени шара өткізілді.
Көктемнің шайдай ашы  күні мен жанға жайлы самалы ескен ертеңгілік сәтінде шараға қатысушылар қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың мүсіні қойылған ескерткіш алаңға жиналды.  Шара бары­сында Қазақстанның Мемле­­кет­тік Әнұран  орында­лып, ақын мүсіні алдына жанына гүл шоқтары қойылды. Сонымен бірге, өнерлі жастар ақынның өлеңдерін оқып, оның өлеңіне жазылған әндерді шырқады.
– Осындай ұйымдас­тыру­­шылық шаралардың өткі­зілуі өскелең ұрпақтың қазақ халқының  тарихы мен мәде­ние­тінің құндылықтарын терең  білуіне зор ықпал етеді, – дейді Қазақстан Суретшілер одағы­ның мүшесі, қаланың байырғы тұрғыны Тойлыбай Медешев.
Бұдан кейін шара Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған «Даңқ» алауында жалғасты. Қалалық мәдениет жә­не тіл­дер­ді дамыту бөлімі қыз­мет­кер­лері,  №2 мектеп оқу­шы­ларының қатысуымен өт­кізіл­ген басқосуда Ұлы Отан Со­ғы­сында  қаза  болған жер­лес­­теріміз жайында «Тарих бе­тіне үңіле отырып» атты баяндама оқы­лып, Халықтық «Ар­да­гер әже­лер» ансамбілінің орын­дауында Н. Тілендиевтің «Мен сен­дерді іздеймін» әні орын­далды.
Ал, айтулы датаға арналған шара жер жәннаты – Жетісудың талантты ұлдарының бірі, қазақ музыка өнерінің майталманы Нұрғиса Тілендиев ескерткіші алдында ұйымдастырылды. Онда домбырашылар ансамблі «Балбырауын» күйін  орындап,  музыка мектебінің оқушылары сазгердің әсем әндерін шырқады. Сонымен бірге, жиналған қауымға облыс бойынша жүргі­зілген археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған жәдігер­лер мен шет елдерде орналасқан ескерткіштер туралы бойынша дайындалған стендтер таныс­тырылды.

Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ,
 «Президент және Халық».

Алматы облысы

Жауап қалдыру