0
270

Психоаналитик маман бала тәрбиесі жатырда емес, ата-анасының болашақ бала туралы ойланған сәтінен басталатынын айтады. Тіпті, жатырда жатқан сәбидің дүниеге көзқарасы анасы арқылы қалыптасады. Бірақ, бала тәрбиесі мұнымен аяқталмайды. Ата-ана балаға 5 жасқа дейін аса мұқият болып, психикасының дұрыс қалыптасуына жағдай жасауы қажет. Себебі, баланың болашағы осы кезеңмен тікелей байланысты. Мұнымен қатар, жасөспірімдік шақта да дұрыс бағыт-бағдар беріп, жол көрсетіп отыру маңызды. Осы орайда, қазақстандық психоаналитик Жанар Оспанова балаға қандай сөздер айтылуы керектігіне және олардың бала үшін қандай пайдасы бар екеніне тоқталды. Мұнымен қатар, күнделікті балаға бірнеше сауал қойып отыруға кеңес берді.

Мен сені жақсы көремін
Кез келген бала үшін өзін біреудің, әсіресе ата-анасының жақсы көретінін сезіну маңызды. Мұнымен қатар, ата-ана тарапынан берілетін махаббаттың бала болашағы үшін орны ерекше. Себебі, махаббаттың не екенін сезініп, біліп өскен бала ғана өзгелерді осы сезімге бөлейді. Осы сезімнің жетіспеушілігі баланы суицид жасауға әкеліп соқтыруы мүмкін. Өйткені, суицид жасау арқылы бала ата-анасын жазалайды.
Барың үшін бақыттымын
Бала үшін бұл сөзді естігеннен артық бақыт жоқ шығар. Себебі, ата-анасы ұрсысып қалса, ажырасып кетіп жатса, бала бірінші кезекте бұл жағдайға өзін кінә­лайды. Тіпті, өзінің мүлдем қатысы жоқ болса да. Ал кінәні сезінген адам үшін жазаның да барын ұмыт­пауы­мыз керек. Бала өзін әртүр­лі жолмен жазалауы мүмкін. Әрине, мұның барлығы бейсаналы дең­гейде жүзеге асады. Осындай жағ­дайлардың алдын алғыңыз келсе, жоғарыдағы сөздерді балаңызға жиі айтып отырыңыз.
Мен саған сенемін
Бұл сөздер баланы жастайынан жауапкершілікті сезініп, жетістіктерге жетуіне жағдай жасайды. Балаңыз сіз осылай айтып тұрған кезде «сүрініп» жатса, оған қолдау көрсете білген жөн. Өйткені, ол «Маған үлкен сенім артып отыр» немесе «Мен ата-анамның үмітін ақтай алмадым» деген оймен күйзе­ліске түсіп кетуі де ғажап емес.
Мен өзіңмен мақтанамын
Қоғамда көп ата-ана баламды өзгелермен салыстыратын бол­сам, бәйгеден оза шауып келеді деп қате ойлайды. Керісінше перзен­тіңізді өзге балалармен мүлдем салыс­тырмауға кеңес беретін едім. Осы қате түсінік салдарынан кейін бала бүкіл өмірін өзгелерден асып түсуге арнап өтеді. Ол үшін «әр сәттен ләззат алу» және «шынайы сапа үшін жұмыс істеу» сынды түсініктер жат болып қалады. Балаңыз балабақшада сахнаға шығып өнер көрсеткен болса да, бәтеңкесінің бауын байлап, әліппеден жаңа әріп үйреніп келген болса да, мақтай түсіңіз. Себебі, бұлардың барлығы ересек адам үшін болмашы дүниелер болғанымен, кішкене балапандар үшін үлкен жетістік. Мұнымен қатар, бала белгілі бір жетістікке жеткен кезде ғана назар аударудың салдары жаман болмақ. Осылай жасайтын болсаңыз, бала кез келген нәрсені сізге ұнау үшін жасайды. Ал біреуге ұнауды бірінші орынға қойып өсетін баланың өзіндік мені қалыптаса қоймайды.
Кез келген сәтте өзіңмен біргемін
Балалардың қиындықтары ере­сек адамдар үшін болмашы дүние болып көрінгенімен, бұл келең­сіздіктердің оларға қатты әсер ететінін ұмытпайық. Міне, осындай сәтте балаңыздың жанынан табы­лып, құшағыңызға басып, «Кез келген сәтте өзіңмен бірге боламын» деп айту маңызды. Сонда ғана бала ересек өмірде жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға қорық­пайтын болады. Әрине, кейбір келеңсіз жағдайларда балалардың өздері кінәлі болып шығады. Мұн­дайда балаңызды кінәлауға асық­паңыз. Керісінше оның жақтасы болып, осы кінәсін өзінің түсінуіне мүмкіндік беріңіз.
Алғыс айтыңыз
Балаңыз ойыншықтарын жинап, үй тазалауға немесе т.б. нәрселер жасауға көмектескен болса, бұл үшін міндетті түрде алғыс айтыңыз. Бастапқыда оның бұл жұмысты қаншалықты сапалы орындағаны маңызды емес. Кемшіліктерін кейін айтып үлгересіз. Бар болғаны осы сөзді есту арқылы бала сізге көмектескісі келіп тұратын болады. Мұнымен қатар, бала қарапайым сыпайылық ережелеріне үйренеді.
Мен өзіңмен ақылдасқым келеді
Кейбір баланың белгілі бір салаға бейімділігі ерте жастан-ақ көріне бастайды. Мысалы, қызы­ңыз үйдегі қайшыны алып, шүбе­рек қырық­қанды ұнатады делік. Мұн­дайда бетін қағып, бірден ұрысып кеткен жөн емес. Керісінше оған осы салаға жақындай түсуіне жағдай жасау қажет. Үйге перде сатып алғанда немесе қандай да бір киімді үйлестіріп киетін кезде қызыңыздан кеңес сұраңыз. Сол кезде бала өзінің пікірі маңызды екенін сезініп өседі.
Дәл осы сұрақты жасөспірімдік шаққа таяп қалған немесе жасөс­пірім­дерге қоюға болады. Бұл жерде отбасыға қатысты ортақ мәселе талқыланатын болса. Мысалы, балалар бөлмесіндегі жиһаздың орнын ауыстыру немесе үйге жаңа бір зат сатып алу. Ең бастысы, баланың өз көзқарасын дәлелдей білуіне жағдай жасау қажет.
Шешіміңді құрметтеймін
Баладан пікірін сұрау бар және пікіріне құлақ асу бар. Құлақ асу дегенді бірден пікірін орынды етіп шығарумен шатастырмау қажет. Бала қандай шешім қабылдаса да, таңдау жасаса да, оған құрмет білдіріңіз. Балаңыз неліктен мұндай шешім қабылдағанын түсіндіруі тиіс. Яғни шешімінің жағымды және жағымсыз тұстарына талдау жасауға көмектесіңіз. Бұл бала­ның сыни көзқарасының қалып­тасуына септігін тигізеді. Бала­ңыздың жанында тәулігіне 24 сағат жүрмейтініңіз анық. Уақыт өткен сайын бірге өткізетін уақыт азая береді. Қандайда бір жаман ортаға кіріп кетпеуі үшін осылайша сыни көзқарасын қалыптастырған ұтымды.
Сенің қателесуге құқығың бар
Өзін қоярға жер таппай, жанын жегідей жеген бала үшін бұдан артық жылы сөз жоқ. Расымен де, кез келген адам қателесуге құқылы. Маңыздысы қателеспеу немесе осы қателіктің алдын алу емес, керісінше одан сабақ алуды үйрену. Кейде ата-аналар «Болды жылама. Кез келгеннің адамның басында болады» деп жылдам жұбатуға тырысады. Бұл – қате. Жараны дер кезінде емдемесеңіз, балаға жылап алуға мүмкіндік бермесеңіз, уақыт өте келе қауіпті ауруға шалдығуы мүмкін.
Келші құшақтайын…
Баланы құшақтаудың маңызы әлдеқайда көп. Оның қаншалықты пайдалы екенін кемінде екі себеппен түсіндіруге болады. Біріншіден, бала өзін біреу құшақтаған кезде әрдайым қорғайтын адамның бар екенін сезінеді. Таудай болған қиындығы әп-сәтте кішірейіп шыға келеді. Екіншіден, адамның психикалық денсаулығы тактильді қажеттіліктерін қанағаттандырумен байланысты. Адам өмір бойы осы қажеттілікті өтеуге ұмтылады. Тіпті, оны мысығымен немесе итімен құшақтасу арқылы өтеуі мүмкін. Дәлірек айтсақ, құшақтасқан кезде иммунитет жақсарып, қан құрамында гемоглобин деңгейі көтеріледі. Гипоталамус қанға окситоцин гормонын бөліп шығарады. Осы процесс әсерінен баланың сыртқы ортаға деген көзқарасы да жақсара түседі.
Бүгін мен сені ренжітіп алмадым ба?
Бұл сауалдың орны ерекше. Бір ситуацияны әр адам түрліше қабылдайды. Ата-анасы ренжітпедім деп ойласа да, белгілі бір жағдай бала үшін ауыр соққы болып тиюі мүмкін. Кейін осының барлығы жинала келе, бала кірпік шешеннің күйін кешетін болады. Жанына қадалған тікен уақыт өте келе көбейе береді. Көп тікенді алған кезде қалай ауыратынын айтпаса да түсінікті. Ал алмаса, жағдай мүлдем ушығып кетеді. Кейін мамандарға, ауруханаға қыруар қаржы жұмсамас үшін күнделікті осы сауалды қойып, жауабын міндетті түрде тыңдаңыз.
Арманың қандай?
Ұшқыштар А нүктесінен В нүктесіне бағыт алған ұшақтың тұмсығын минут сайын жетуі тиіс жерге бұрып отырады. Яғни ұшақ өздігінен ұшпайды. Сол секілді бала да арманына оны әйтеуір бір еске алу арқылы жетпейді. Күнделікті арманын еске салып отыратын болсаңыз, ол ертерек мақсатқа айналады. Кейін көп ұзамай жоспар да құрылады. Ересек адам бала күнгі арманын жүзеге асырған кезде ғана бақытты болатынын біліңіз. Тіпті, өзіне сай мамандықты да бала күнінде таңдап қояды.

sputniknews.kz

Бөлісу
Алдыңғы бет
Келесі мақалаҚазақстан 19-орында

Жауап қалдыру