Өзбекстан – президент сайлауы қарсаңында

0
88

Үстіміздегі жылғы қаңтар айының соңына таман ақ­па­рат құралдарында Өзбекстан президенті Ислам Кәрі­мов­тың ден­сау­лығы күрт нашарлап, тіпті ес-түссіз жат­қан­ды­ғы туралы ақпарат желдей есті. Бұған елдегі «Өзбекстан ха­лық қоз­ға­лы­сы­ның» таратқан мәліметі түрткі болған еді. ӨХҚ өкіл­де­рі­нің айтуынша, 28-қаңтар күні кешкі сағат 20–30-дар шамасында 77 жас­та­ғы өзбек басшысы «Куксарай» резиденциясында ас ішіп отыр­ған кезде денсаулығы сыр беріп, есі­нен танып қалған.
Оның үстіне ресми Ташкент бұл жағдайды терістеп не растап қандайда бір түсі­нік­те­ме бермеді. Ал алдағы 29-наурыз­ға бел­гіленген президент сайлауы қар­са­ңында та­рал­ған тосын жа­ңа­лық Өзбекстан хал­қын қо­бал­жытып, көр­ші­лес елдерді елең еткізді. Сарапшылар болса, басқару тетігі бір адамның қолына шоғыр­лан­ған Өз­бек­станда төтенше оқи­ға бола қалған жағдайда мұ­ның салдары жалпы елде түрлі ке­лең­сіздіктерге әкеліп соқтыра­тындығын, сонымен қатар, өзі­не көр­ші­лес елдерге айтарлық­тай қауіп төндіруі мүмкін екенді­гін алға тартты.
Дегенмен, Ислам Кәрі­мов аман-есен қалпында 6-ақпан­да ел алдына шықты. UzDaily.uz ақ­па­рат көзінен хабар­лан­ған­дай, сол күні Ташкентте Кә­сіп­керлер мен іскер адамдар қоз­ға­лы­сы жә­не Либерал­дық-де­мо­кра­тия­лық партия­ның ұйым­дас­ты­руы­мен құрыл­тай өт­кі­зі­ліп, оған Өз­бек­стан­ның бар­лық өңі­рі­нен, Қа­ра­қал­пақ­стан және Ташкенттен бас-аяғы 300-ден астам өкіл қа­тыс­қан. Құ­рыл­тай барысында Ли­берал­дық-де­мокра­тия­лық партия атынан қазіргі іс басын­да­ғы Ис­лам Кәрімов прзидент­тікке үміт­кер ретінде ұсы­ныл­ды. Сон­дай-ақ аталмыш жиында Ислам Кәрімов сайлауалды баян­да­масын жасаған. Жалпы, И.Кәрімовтың ден­сау­лығы­на қатысты тосын да, шұ­ғыл жаңалықтар бұған дейін де айтылған. Мәселен, 2009 жылы комаға түсті делінсе, 2013 жылы инфаркт алғандығы ха­бар­ланған болатын. Алайда, аз­да­ған іркілістен соң ол қыз­ме­тін қай­та жалғастырып отырды.
Сарапшылардың пікірінше, саясат алаңынан оппозицияны барынша аластатқан бү­гін­гі би­лік жүйесі бірбет­кей­лі­гі­нен тана қоюуы екіталай. Тек ширек ғасырдан астам билік орын­та­ғын­дағы прези­дент­тің ден­сау­лық жағдайы ға­на жүйе­ге «то­сынсыйлар» әке­ліп, өз­ге­ріс­тер енгізуі мүмкін. Бү­гін­гі таңда әлем елде­рі­нің көп­ші­лі­гі сая­си-экономика­лық тұ­рақ­сыз­дық жағ­дайын­да екен­дігі белгілі. Соның ішінд­е НАТО-ның коалиция­лық күш­те­рінің Ау­ған­стан аума­ғы­нан шы­ға­ры­луы белгілі бір дең­гейде Өз­бек­станға да төнер қауіп­ті кү­шей­тіп отыр­ған­ды­ғы анық. Сырт көзге бір­қа­лып­ты қо­ңыр тірлік кешіп жатқан­дай кө­рін­ген Өзбекстанның ішкі қай­шы­лық­тары анағұрлым күр­де­лі. Сондықтан ел басқаруда ай­тар­лық­тай шыңдалған, тізеге салса да елдің тұтас­ты­ғын сақ­тау­ға барынша күш салып отыр­ған И. Кә­рімов сияқты саяси жет­ек­ші­нің рөлі әлі де ма­ңы­зын жой­ған жоқ.
Сондықтан да болар, елде би­лік мұрагерлігі туралы ара-тұ­ра айтылғанымен, нақты нә­ти­же­лі іс-қимылдар жоқ­тың қа­сы.
Саясаттанушы Расул Жұма­лының айтуынша, бүгінгі таңда Өз­бекстанда қандай қоғам құ­рыл­ғанын нақты айту қиын. «Шек­сіз биліктің классика­лық түрі ме, отбасылық түр­де­гі диктатура ма, феодалдық монархия ма, полицейлік мемлекет пе, олигархиялық капитализм бе тағысын тағы дегендей. Сондықтан «мұра­гер­лік» опе­ра­циясы қандай жолмен жүр­гі­зілсе де, Кә­рі­мов­тың өз білгенінше құрған би­лік жүйе­сі мен оған бойұ­сын­ған қо­ға­мы келер қауіптер­ден айналып өт­пе­сі анық» дейді ол.
Таяуда ресми Таш­кент­тің тапсырмасы бойынша алын­ған сауал­намаға сүйенсек, ха­лық­тың 80 пайызы елдің әлеумет­тік-эко­номикалық жағдайы жақ­сы әрі тұрақты деп бағалаған. Деген­мен, айтылған көрсет­кіш­тер шынайы өмірде басқаша көрі­ніс бе­ріп тұрғандай. Өзбек­стан­да орташа жалақы ресми мә­лі­мет бойынша 500 доллар делінсе, шын мәнінде 200 долларға да жетпейді. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, өзбек ағайындар 500 долларлап жалақы алса, ар­тынып-тартынып Ресейге, Қа­зақ­станға, тағы басқа елдерге жұмыс іздеп кетпес еді ғой. Сон­дай-ақ кейінгі жылдары Өз­бекстан халқының әлеу­мет­тік жағ­дайы күрделілену үс­тін­де. Мә­се­лен, биылғы жылы Ресей­дегі рубльдің құнсыздануы салдарынан өзбекстандық 2 млн.-ға тарта гастарбайтер елі­не қай­тып оралды. Яғни ел ішін­де жұ­мыс­сыздық деңгейі арт­қан сайын уа­қыт­ша іштен тынса да, билікке деген наразылық көз­қа­рас­тар асқына беретіні бел­гі­лі. Зерттеу­лерге сүйенсек, өз­бек­стан­дық еңбек мигрант­тары жыл сайын Ота­нына шамамен 6 млрд. доллар әкеледі екен.
Посткеңестік мемлекеттер пре­зи­дент­те­рі сияқты И. Кә­рі­мов те Өзбекстанды ұзақ жылдар бойы басқарып келе­ді. Жасы ұлғайған сайын ел арасында билік алмасу немесе мұ­ра­гер­лік мәселесі жиі қы­лаң бе­ре­тіні жасырын емес. Ендеше кәрімовтік билік алмасу дәлізі қандай сцена­рий­дің не­гі­зін­де жүзеге асы­рыл­мақ?
Мә­се­лен, Сирия немесе Әзер­бай­жан­дағы мұ­ра­гер­лік си­патты алып қарасақ, Хафез Асад және Гейдар Әлиев сияқты өз­бек­стан­дық пре­зи­дент­тің еркек кін­дік­ті баласы жоқ. И. Кә­рі­мов­тың екі қызы – Гүл­нара мен Лола саясатта әлсіз әрі бе­дел­сіз. Оның үс­тіне шы­ғыс­тық менталитет бойынша Өз­бек­стан­да әйел адамның саясат­та­ғы рөлі қашанда төмен са­нал­ған. Түр­кі­мен сценариі бойынша би­лік алмасу қисынға бір­ша­ма ке­ле­тін­дей. Өйткені Түрк­мен­стан­дағы оппозиция түгелдей тұн­шық­ты­рыл­ған. Кейбірі шетелдерге бой тасаласа, кейбірі түрмеде отыр.
Ал ел басқару мүмкін­ді­гі бар деп топшыланған, бү­гін­де Өзбекстандағы билік шең­бе­рін­дегі мықты ресурстарды қо­лы­на ұстаған бір­қа­тар тұл­ға­лар­ды атау­ға болады. Мә­се­лен, ел­дің премьер-министрі Шавкат Мирзияев са­мар­қандтық топта ық­палды саналады. Сонымен қа­тар, өз­бек­стан­дық саясаткер Таш­пулат Юлдашевтың айтуынша, бас­қа­лар­ға қарағанда, Мирзияев Кәрімовтың іші-бауырына кі­ріп, сеніміне ие болған адам. Ке­ле­сі ықпалдылардың бі­рі премьер-министрдің бі­рін­ші орынбасары Рустам Әзі­мов. Ол ташкенттік топтың сер­ке­сі. Бай­қау­шылардың бағалауын­ша, бәсекелестеріне қа­ра­ған­да Р. Әзі­мов ақылды, өте сақ және іс-әре­кетін жасырын жү­зе­ге асыр­ғанды жөн санайды. Сауат­ты экономист ретінде де жақ­сы танымал. Үшін­ші­сі – Рустам Иноятов. 1995 жыл­дан бермен қарай ешқандай үзі­ліс­сіз Ұлттық қауіпсіздік қыз­ме­ті­не басшылық етіп келе­ді. Сур­хан­дария облы­сы­ның тумасы. Бақылаушылар оның таш­кент­тік топпен біршама жақындығын алға тартады. Дегенмен, өзбекстандық саяси бәскелестердің өзара талас-тартысында Иноятов ортатұсты ұстанымда болуға тырысады онысы көбіне өзіне ұтымды да. Қатты орыстанған өзбек ретінде ол Мәскеудің көңіліне де жағып тұр.
Өзбекстан билігіне дін атын жамылған экстремистер тарапынан қауіп төнуі мүмкін. Олар көбіне биліктегі саяси у­шы­ғулар кезінде белсене тү­се­тіні Ауғанстан, Либия, Сирия, Ирактағы жағдайлар­дан бел­гілі. Сарапшылар билік басында И. Кәрімов қала ма, әл­де орын­та­ғына басқа біреу отырады ма, қа­лай болғанда да ел­ді бас­қа­ру оңай­ға түспей­тін­ді­гін алға тартады.
Қалай десек те бүгінгі таңда Өз­бекстанда сайлауалды науқан басталып кетті.
Сайлауға елдің қазіргі президенті, Өзбекстан либералды-де­мократиялық партиясы же­тек­шісі Ислам Кәрімовтен өзге Халықтық демократиялық партия басшысы Хатамжан Кетмонов, «Адолат» социал-де­мо­кра­тиялық партиясы атынан Наримон Умаров пен «Қай­та өрлеу» демократиялық-ұлт­шыл партиясынан Акмал Саидов сайлау науқанына қызу кірі­сіп те кетті. Бірақ, аталмыш пар­тия­лар­дың ешқайсысы билікке оппозицияда емес.
Президенттікке үміткерлер ай­мақ­тарды аралап елмен жүз­де­сіп үгіт-насихаттар жүр­гі­зу­де, теледидар, радио мен газет­тер ар­қылы өзде­рі­нің бағ­дар­ла­ма­ларын таныстыруда. Сая­сат­кер­лер мен сарапшылар бұл жол­ғы сай­лауда да И. Кәрімов­тың же­ңіс­ке жете­тін­дігіне кү­мән кел­тір­мейді. Жалпы бұған дейін, 2007 жылғы өткен ке­зек­ті сайлауда И. Кә­рімовке сай­лау­шы­лар­дың 88,1 пайызы дауыс берген, ал оның үш қарсыласы 3 пайыз­дан сәл артық дауыс жи­наған.
Ерлан БАПАНОВ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру