Солтүстік Корея қайтадан ядролық қарумен қорқытуға көшті

0
41

Солтүстік Кореяның жоғары лауазымды қызметкері АҚШ вице-президенті Майк Пенсті «ақымақ» деп атады және егер қарым-қатынасты дипломатиялық жолмен реттеу сәтсіздікке ұшыраса, ядролық қаруға жүгінуге дайын екенін мәлімдеді.
Солтүстік Корея Сыртқы ми­нистрінің орынбасары Чхве Сон Хидің айтуынша, Пхеньян АҚШ-қа келіссөз жүргізуді сұрап жалбарын­байды. Мұның алдында екі тарап 12 маусымға жоспарланған Трамп-Ким кездесуін кейінге қалдыру немесе одан мүлдем бас тарту мүмкіндігін айтқан болатын. Егер Вашингтон ядролық қарудан біржақты, яғни ешбір шартсыз бас тартуды талап етсе, Пхеньян президенттер кездесуі туралы шешімін қайта қарамақ. АҚШ вице-президенті Майк Пенстің Солтүстік Кореяны Либиямен салыстырып, егер Пхеньян ядролық бағдар­ламаны тоқтатпаса, оқиға Либия сценарийі бойынша өрбуі мүмкін деген сөзі Сол­түстік Кореяның ашу-ызасын туғызған-ды.
«Келіссөз жүргізу үшін немесе ядролық қаруларды қолдану үшін кездесетініміз АҚШ-тың шешімімен тікелей байланысты. Егер АҚШ бізді жылы қабақ танытқанымыз үшін кемсіте берер болса, басшылыққа КХДР – АҚШ саммиті туралы мәселені қайта қарауды ұсынамын», – деп мәлімдеді министрдің орынбасары. АҚШ прези­денті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын 12 маусымда Синга­пурде кездеспек. Олар қа­рым-қатынасты тұрақтан­ды­рып, КХДР өзіне қауіп төніп тұрған жоқ екенін сезініп, ядролық-ракеталық бағдар­ламаларды тоқтату мәселесін талқылауы тиіс.

Жауап қалдыру