Шизофренияны емдеудің тың әдісі

0
12

Британ ғалымдары галюцинациялар кезінде сөйлейтін дауыстардың көшірмесін жасап, сол арқылы шизофренияға ұшырағандарды емдеп көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі The Lancet Psychiatry журналына сілтеме жасап. 
«Шизофрения кезінде науқастардың 70 пайызы саналуан дауыстарды естиді. Көзіне елестейтін образдармен сөйлеседі. Ол елестер науқасқа ұрысады, тіл тигізеді, өзіне де, басқаларға да қауіпті әрекеттерге үндейді. Аурудың осы іспетті белгілерін дәрі-дәрмекпен азайтуға болады. Алайда ондай терапиядан кейін де дауыстар жоғалмайды», – дейді зерттеудің авторы, профессор Том Крейг.
Жаңа әдіс бойынша алдымен науқастардың жиі еститін дауыстары компьютерлік бағдарламаға салынып, көшірмесі жасалды. Ал дәрігер дәл сол дауыспен басқа бөлмеде отырған науқаспен сөйлесіп тұрды. Ондай терапия бір жарым айға созылды. Нәтижесінде галюцинациялар азайды, науқастардың күйзеліске түсуі сирей бастады.

Жауап қалдыру