Ресей оппозициясы наразылық танытпақ

0
82

Ресейді әлемдік футбол сайысы дүрліктіріп тұрған тұста үкіметтің зейнет жасын ұлғайту жоспарына қарсылар саяси наразылық танытуда. Ұсынылған жоспарға наразылық шараларының біразы футбол матчтары өтетін уақыттармен қатар келеді.
Үкімет зейнетақы рефор­масы туралы заң жобасын өткен аптада жариялады. Ал бұл кезде футболдан әлем чемпионатын өткізіп жатқан тұста Ресей қалаларында демонстрация өткізуге қатаң шектеу қою ережесі күшіне енген болатын. Доп додасы кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы жарлыққа Ресей президенті Владимир Путин былтыр қол қойған.
Жер-жаһандағы миллион­даған жанкүйер Ресейдегі футбол жарысына көз тігіп отырғанда полиция өзге пікір­дегі халықтың наразы­лық ша­раларын күшпен басып тас­тауы мүмкін. Десе де, нара­зы жұрт футбол жарыс­тарына кесірін тигіз­беу­ге барынша тырысып жатқан сияқты.
Ресейдегі оппозиция сер­кесі Алексей Навальный ұсы­нылған реформаға нара­зылықты шілденің 1 күні елдің 20 қаласында ұйымдасқан түрде өткізуді ұсынды. Бұл қалалардың ешқайсысында футболдан әлем чемпионатының ойын­дары өтпейді. Навальный үкіметтің реформа жоспарын «ресей халқын тонау» деп сипаттады.
2012 жылдан бері Ресей демонстрацияға қатысты бірнеше заң қабылдады. Мамандардың айтуынша, бұл заңдар наразы жұрттың жария түрде қарсылық білдіруіне шек қояды. Соңғы жылдар ішінде Навальный бастаған жемқорлыққа қарсы демонстрациялар кезінде полиция көп адамды қамауға алған.

Жауап қалдыру