Нидерланды Ресейге ресми айып тақпақшы

0
60

«Малайзия әуе желілері» компаниясының МН17 рейсімен ұшып бара жатқан жолаушылар ұшағын Курск түбінде орналасқан 53-зениттік зымыран бригадасы қару-жарағы есебінде болған «Бук» өздігінен жүретін қондырғысынан атып түсірген. Мамырдың 24-і күні Нидерландтың Бюнник қаласында өткен баспасөз мәслихатында 2014 жылы жазда Донбасс әуесінде болған жолаушылар ұшағы апатына қатысты қозғалған қылмыстық істі тексеріп жатқан Біріккен тергеу тобы осылай деп ресми түрде мәлімдеді.
Ал 25 мамырда Нидерланды мен Аустралия үкіметтері малайзиялық жолаушылар ұшағын Шығыс Украинада атып түсіруге қатысы бар деп Ресейді ресми түрде айыптады. Нидерландтың сыртқы істер министрі Стеф Блок: «Үкімет енді Ресейді ресми түрде жауапкер етіп көрсету үшін келесі қадамға көшкелі жатыр», – деді.
Дәл осы күні ұлыбрита­ниялық «Беллингкэт» зерт­теу тобы «Бук» кешені­нен зы­мыран атуға қатысы болуы мүмкін ресейлік әске­ридің аты-жөнін атады. «Бэл­лингкэттің» мәлім­деуінше, операцияны елу жастағы ГРУ офицері Олег Иванников басқарған.
Еске сала кетсек, 2014 жылы 17 шілде де MH17 рейсімен Амстердамнан Куала-Лумпурға бет алған Boeing 777 жолаушылар ұшағын Донецк облысы әуесінде атып түсірген еді. Ұшақ бортындағы 298 адамның барлығы мерт болған. Құр­бандардың көпшілігі – Нидерланд азаматтары. Екі жолаушы (Нидерланд азаматтары) әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалып кеткендер санатында. Өйткені олардың ДНК-сын анықтау үшін септесетіндей денесінің тіпті болмашы қалдықтары да табылмаған.

Жауап қалдыру