Молдова Ресейдің әскери қимылына алаңдайды

0
61

Молдова Ресейдің Приднестровьедегі әскери күш­терінің ескертілмеген жүріп-тұрысына наразылық танытып, алаң болып отыр. Молдованың Приднестровье аймағындағы саясатын үйлестіруші Реинтеграция саясаты бюросы атты мемлекеттік агенттігі 15 маусымда Кишиневтің ЕҚЫҰ-ға шағым түсіргенін мәлімдеді. Молдова үкіметі сепаратистер басқаратын аймақта Ресейдің әскери көліктері мен жауынгерлері алдын ала келісілмеген түрде қозғала бастағанына наразы.
Өткен бейсенбіде Молдова билігі Ресей туы мен нөмірі тағылған 40 шақты әскери көліктің Приднестровье айма­ғы­ның солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын күре жолмен әлдебір тарапқа бет алғаны көрінетін видео жариялаған. Бұл жол Молдованың шығы­сындағы Украинамен шекара түбін бойлап өтіп жатыр.
Приднестровьенің сепа­ратист үкіметі бұл қозға­лысқа қатысы жоғын хабар­лады. Ал ресейлік әскер өкіл­дері кейінірек мәлім­деме жасайтындарын айтты. Мау­сымның 15-інде Молдова­ның сыртқы істер министрі Тудор Ульяновский БҰҰ Бас ассамб­леясы маусымның 22-сінде Ресей әскерін Приднест­ровьеден шығару мүмкіндігін талқылайтынын жариялаған.
«Украинадағы дағдарысқа қатысты Ресей әскері мен Приднестровье күштерінің әскери белсенділігі Еуропа аймағындағы шиеленісті ушықтырып тұр», – деді Ульянович. Молдова үкіметі мен аймақтағы басқа да елдер Ресей 2014 жылы Украинаның Қырым түбегін басып алып, Донбастағы сепаратистерге дем бергелі бері Мәскеудің саясатына сақсына қарап отыр. Шығыс Украинадағы қарулы соғыс кезінде 10 мыңнан астам адам қаза тапқан. 2014 жылы Ресей әскері мен сепаратистік күштер оңтүстік Украинадан Приднестровье аймағына өтіп кетуі мүмкін деген қауіп туған.
Приднестровьедегі ресейшіл сепаратистер 1990 жылы Молдовадан тәуелсіз екендерін мәлімдеген. Совет Одағы ыдырап жатқан сол кезде бұл аймақтың Румы­нияға қосылып кетуі мүм­кін деген болжам болған. 1992 жылы Приднестровье сепаратистері Молдова әс­керімен соғысып, мыңнан астам адам өлген. Кеңестік ке­зеңде Кремль аймаққа әскер кіргізіп, сепаратистердің билігін қорғап қалған.
Приднестровьенің тәуел­сіз­дігін ешбір ел мойын­да­маған. Тек Мәскеу се­паратистер құрған үкіметті ресми түрде жақтайды. 1992 жылы Ресей әскері делдал болып, екі тарап оқ атуды тоқтату туралы бітім жасаған.
Қазір сепаратистік аймақта Ресейдің 1400 әскері бар. 1999 жылы өткен ЕҚЫҰ саммиті кезінде Ресей әс­керін шы­ға­ру­ға міндет­тен­ген.

Жауап қалдыру