Малайзияның мұнай саласындағы мүмкіндіктері

0
62

Үстіміздегі жылғы 28 қыркүйекте Алматыда малайзиялық компаниялардың арнайы марке­тингтік миссиясы болып өтті. Мұнай-газ өндірісі саласында Орта Азиядағы жетекші іс-шара KIOGE аясында ұйымдастырылған жиынға 14 малай компаниясының өкілдері қатысты. Маркетингтік бағдарламаның мақсаты – Малайзияның әлемдік мұнай-газ өндірісіндегі мүмкіндіктері мен тәжірибесін таныта түсу.
Алғаш бұрғылау жұмыс­тары басталған 1910 жыл­дан бері мұнай малай елі үшін экономиканы өрге сүй­реуші негізгі салалар­дың бірі. Алайда бүгінде Малай­зияда иек артар бағыттар баршылық. Оңтүс­тік-шығыс Азияның экономикалық ғажайыбы ретінде әлемді мойындатқан ел аз ғана уақыт ішінде индустриялдық-аграрлық мемлекетке айналып шыға келді. Соңғы уақытта электроника мен туризм саласы мықтыларының қатарында да Малайзия жиі аталып жүр. Бұның барлығы бай мұнай қоры мен елдің мұхитқа шығу мүмкіндігінен бөлек, шетелдік инвестиция мен шетелдік қаржылай қарызды ақылмен жұмсаудың арқасы дейді сарапшылар. Болашақта осындай инвестиция біздің елге де құйылуы ықтимал. Үйренгенін, білген-түйгенін өзге елдермен бөлісіп жүрген малайзиялықтар енді біздің нарыққа енуді көздеуде. Әлемдік алпауыт компаниялар жұмыс істеп жатқан еліміздің мұнай-газ саласында бәсекеге түспек. Ұйымдастырылған маркетингтік миссия соның алғашқы «қарлығашы» іспеттес.
Білімімен бөлісіп, тәжіри­бесінен тәлім алам деушілерге өздерін таныстырған өн­дірушілер арасында QUARTERBACK SERVICES SDN BHD, EUREKA EFEKTIF SDN BHD, OTG TECH (ASIA) SDN BHD, WINMORE ENGINEERING SDN BHD атты компаниялар болды. Біз үшін әзірге аты да, заты да бейтаныс компаниялар келешекте Қазақстан экономикасындағы ірі ойын­шыларға айналуға ниетті.
Іскерлік әріптестік орна­тудың жай-жапсары сара­лан­ған жиында малайзиялық өндіру­шілер өзіндік жоспар, мүмкіндіктерін және қызмет түрлерінің ерекшеліктерін таныстырды.
QUARTERBACK SERVICES SDN BHD компа­ния­сының басқарушы директоры Мұстафа Камал Бин Таиб әріптестік байланыс орнаған жағдайда қазақ жастарын жұмысқа тартып, оларға бар білгендерін үйре­туге әзір екенін айтты.
– Мұнайдың әлемдік баға­сының төмендеуінің салдары­нан қара алтын мен көгілдір отын өндіретін елдер тасымал шығындарын төмендету мақсатында өз тәсілдерін қайта қарауға мәжбүр. Осы орайда аталған салаға арналған қызметтер мен құрал-жабдықтарды ұсынуда малайзиялық компаниялар балама бола алады. Нарықта 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан біздің компания тек Азияның өзінде Үнденезия, Бруней, Мьянма, Тайланд, Түркменстан секілді елдермен ынтымақтастық орнатқан. Біз бұрғы ұңғы­маларына диагностика жүр­гізуде жергілікті компания­лармен бірлесе жұмыс жа­сап, тәжірибемізбен бө­ліс­кіміз келеді. Және ағылшын базасымен техни­ка­лық мамандықтарда оқы­ған қазақ жастарының бі­лімін шыңдап, үйретіп, жұ­мыс­қа қабылдаймыз. Іскер­лік байланыс орнатуға, келіссөздер жүргізуге біршама уақыт кетуі мүмкін. Дей тұрғанмен келіссөздер оң нәтиже беріп, ұзақ мерзімді жоспармен іске кірісіп кетеміз деген үміт басым, – дейді Мұстафа Камал Бин Таиб.
Ал, мұнай-газ құбыр же­лісін тазалауға арналған құрал-жабдықтарды өндіретін EUREKA EFEKTIF SDN BHD компаниясының менеджері Хафис Кадирдың айтуынша құбыр желісін, су қоймаларын тазалайтын технологиялар өндірісінде Қа­зақстанның мүмкіндігі мол.
– Біздің компания өнді­рісте технологиялық таза өнімдерді пайдаланады. Олар құбыр жүйелерінің ұзақ жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Бұл тәжірибе Ресей мен Түркменстанда қол­данылып, жоғары ба­ғалануда. Тіпті, Түрмен­станда біздің компания аталмыш сала үздігі саналады. Бастысы – озық технологиялар қолданылатын бұл өндірісте құны нарық­тық бағадан арзан өнімдер пай­даланылады. Біз ұсы­натын өнімдердің бір ар­­тықшылығы – оларды сумен араластыруға болады. Соның арқасында құбыр тазалауда қолданылатын заттың 1 литрын сумен араластыру арқылы 20 литр өнім ала аласыз. Ал басқа өндірушілердің өнімдері сумен араластыруға келмейді. Кейбір сапалы өнімдердің бағасы нарықтық бағадан қымбатырақ болуы да мүмкін. Өйткені біз үшін сапа – басты назарда. Мұнай-газ саласы Қазақстан экономикасында үлкен маңызға ие болғандықтан, бұл салада өндірістің түрлі бағытын жолға қойып, қолда тұрған мүмкіндікті кеңінен пай­далануға болады – дейді ол.
Семинарға қатысқан OTG TECH (ASIA) SDN BHD компаниясы мұнай-газ және мұнай-химия сала­ларындағы ISO стандарты бойынша құбыр фланц­тары мен фитингілерін әзірлеумен айналысады. Компанияның аймақтық менеджері Уил Чу сұқбат барысында компа­нияның Petro Parts Sdn Bhd (PPSB) тобының құрамындағы экспорттық бөлімше екенін әрі жергілікті нарықта өз тауарларының жұмысын алға бастыруға мүдделі екенін айтты.
Кездесудің сәтті өтуі алыс­тан ат арылтып кел­ген әр компания өкілі үшін маңызды. WINMORE ENGINEERING SDN BHD ком­па­ниясының директоры Абдул Рахмен Бин Харири де өзге әріптестері сын­ды Қазақстанмен қа­рым-қатынас орнатқысы ке­леді. Компания құрал-жабдық пен құбыр желісінің қауіпсіздігінде әлемдік стан­дарттардың сақталуын қадағалайды әрі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Олардың көмегімен көптеген мемле­кеттердің мұнай-газ және мұнай-химия өндіріс орындарында озық инженерлік тәсілдер қолданылуда. Абдул Рахмен Бин Харири аталмыш кездесу бұдан арғы байланыстарға жол ашылады деп сенеді.
Жиын барысында екі ел арасындағы экономикалық байланыстарға тұсау салып отырған коммуникация мен логистика мәселелері талқыға салынды. «Тіліміз бас­қа, жер қашықтығы алыс» деп қол қусыру ма­лай­лықтарға тән емес сы­ңай­лы. Келешекте осы түйіт­кілдердің түйінін шешуге жұмыстанбақ.
Сондай-ақ іскер топ өкілдері жергілікті серіктестерімен арада туатын түрлі мәселелерге лезде әрекет етуді қажет ететін «бизнестегі сыни ойлау» тақырыбын да қозғай кетті. Пайда болуы бек мүмкін делінген қиындықтардың шешімін күні бұрын ойластырып қою тараптар арасындағы сауда-тауарлық және қызметтік байланыстарда, инвес­ти­циялық ынты­мақтас­тықта анағұрлым тиімді қадамдар жасауға мүмкіндік бермек.
Кездесуде Қазақстан сияқты мұсылман елі үшін әлемнің 150 елінде сұра­нысқа ие малайзиялық халал стандарт та тартымды жоба бола алатыны айтылды.
Малайзияның Қазақстан­дағы елшілігі екі ел арасында орнаған серіктестік байланысты нығайта түсу мақсатында қазақстандық жобаларға қолдау көрсетуге даяр.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«P&H»

Жауап қалдыру