Малайзиялық маркетингтік миссия

0
28

21-24 қыркүйек аралығында Қазақстанда денсаулық сақтау саласы бойынша іскерлік кездесулер өткізбек
Бүгінде Малайзияның ден­саулық сақтау саласы озық тех­нологиясымен, үздік қыз­метімен ерекшеленеді. Елде кәсіби құндылықтарды айы­рықша қастерлейтін, мейман­дос, білім-білігі жоғары меди­цина мамандары қызмет етеді.
Малайзия елінің Қазақ­стандағы елшілігінің сауда-сат­тық бөлімі Алматы мен Ас­тана қалаларында жергілік­ті на­рықты тереңірек түсі­ніп, сұра­нысты зерттеу мақ­са­тын­да іскерлік топ өкіл­дері­мен бірнеше кездесулер өт­кізді. Денсаулық сақтау сала­сындағы малайзиялық ком­панияларға арнап маркетингтік миссия ұйымдастырып берді. Бағдарлама тараптардың кәсіпкерлері арасындағы сауда-саттықты дамытуды көздейді. Іскерлік қарым-қатынас екі елге де пайдалы.
Малайзиялық делегация құ­рамында ресми тұлғалардан бөлек фармацевтика, медици­на­­лық құрылғылар және ме­дициналық туризм бойынша маманданған 9 компанияның өкілдері бар. Ұлттық Медицина Ассоциациясы мақұлдаған бағдарламаға сәйкес миссия өз жұмысын Алматы қаласында 21-қыркүйекте бастайды. Шара шеңберінде ықтимал импортерлермен, дистрибьюторлармен және жергілікті іскер топтармен кездесулер, бизнес семинарлар ұйымдастырылады. Іс-шара Алматы қаласындағы Grand Voyage қонақ үйінде өтеді. Малай делегациясы осы миссия барысында 40-қа жуық іскерлік кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.
Малайзия әлемдік нарықта медициналық биялайдың 60%-ы мен сүмбілеудің (кататердің) 80%-ын қамтамасыз етіп отыр. Өндіруші ретінде де, экспорттаушы ретінде де осы салада жетекші орынға ие. Малай елі өндіретін басқа да медициналық құрылғыларға жалқыкәделік ине, хирургиялық материалдар, қан құюға арналған жүйелер, қан қысымын таратқыштар, гемо­­диализ ерітінділері, меди­циналық газ, теріасты, омырт­қа­аралық, вентикулярлық ине­лер, медициналық желілер мен сөмке, диагностикалық рент­генографиялық жабдықтар, орто­педиялық өнімдер мен процедуралық құрамдар кіреді.
Малайзиядағы фармацевти­калық өндіріс жұмсақ желатинді капсулалар мен бәсең әсерлі дәрі-дәрмектерді, мөлшер­ле­мелік құралдардың барлық түр­лерін шығарады. Бүгінде Малай­зия осынау өнімдерін Азия-Тынық мұхит елдеріне, Таяу Шығысқа, Африкаға, Латын Америкасы мен Еуропаға экспорттайды.
Малайзия компанияларының Қазақстанға қызығушылығы тегіннен тегін емес. Олар медицина саласында Қазақстан рыногын жоғары бағалайды. Бұл өз кезегінде елдегі медицина саласын жетілдіруде айтарлықтай ықпалын тигізбек. Алайда малай кәсіпкерлері бетпе-бет келуі ықтимал бірнеше кедергілер байқалады. Ол ең алдымен жергілікті жағдайдағы ақпараттың шектеулілігі, тілдік кедергі және логистикалық жағдай. Осы тұрғыдан алып қарағанда ма­лай компанияларының Қазақ­стан сияқты ауқымды нарықта тұрақтап қалуы оңай болмайтын тәрізді. Бірақ іскер адамдар әрқашанда тапқыр келеді ғой. Уақыт өте келе мұның бәрі артта қалатыны сөзсіз. Қазақстанға дәрі-дәрмектен бастап, медициналық өнімдер мен құралдарды, сондай-ақ медициналық қызметтерін ұсынатын малайлық компа­ниялардың тізімін келтіре кетейік. Олар мына компаниялар:
1. HOVID BERHAD,
2. KOTRAPHARMA(M) SDN. BHD.,
3. ISCO INSTANT SOLUTION SDN. BHD.,
4. IDEAL HEALTH CARE SDN. BHD.,
5. DUOPHARMA(M) SDN. BHD.,
6. AIN MEDICARE SDN. BHD.,
7. UWC HEALTHCARE MFG (M) SDN. BHD.,
8. KCK PHARMACEUTICAL INDUSTRIES SDN. BHD.,
9. MALAYSIA HEALTHCARE TRAVEL COUNCIL,
10. YTY INDUSTRY SDN BHD,
11. KPJ HEALTHCARE BERHAD
Миссиялық бағдарлама ден­саулық сақтау, медицина бағыт­тарындағы малайлық және қазақстандық компаниялардың әріптестігін дамытады. Сондай-ақ іскерлік байланыс салаларын алдын-ала зерттеуді мақсат етеді. Әріптестікті нығайтуда Малайзияның сараптамалық мүмкіндіктері мол.
22-24 қыркүйек аралығын­да делегация өз бағдар­ла­ма­сын Астана қаласында жал­ғас­тырады. Малайзия елшілі­гінің сауда-саттық бөлі­мі таныс­ты­рылым жасау үшін жер­гілікті меди­цина маман­дары­мен, ірі меди­цина­лық орталықтардың өкілдерімен бірнеше өндірістік кездесулер ұйымдастыруды көз­деп отыр. Маркетингтік мис­сия өз бағдарламасын «Ас­тана-Денсаулық» көрмесіне қатысумен тамамдайды. Малай­зия елшілігі көрме кезінде меди­цина және денсаулық сақтау салалары бойынша Қазақ­стан мен ТМД бойынша іскерлік байланыс орнатпақ.
«Астана Медиа Пресс» жаңалықтар агенттігі

Жауап қалдыру