Әлемдегі ең бақытты мемлекет

0
126

Бутан – әлемдегі ең кедей мемлекеттердің бірі. Алай­да мемлекетте аштық, кедей­шілік, қылмыс секілді қоғам тыныш­тығын бұзатын теріс құбы­лыс­тар мүлде жоқ. Буддизмнің тантрикалық бағы­тын мем­лекеттің ресми діні ретінде жариялағандықтан әр­бір аза­маттың бақытты өмір сүруі мем­лекеттік идеологияға ай­­нал­ған. Сондықтан, Кон­ституцияның 9-бабында мем­лекеттің негізгі мақсаты – бу­тандық әрбір азаматтың бақытты болуын қамтамасыз ету заңы бекітілген. Осы мақ­сатты жүзеге асыру үшін Үкіметте Бақыт министрлігі құрылған. Бұл министрлік аза­маттардың бақытты болуын қамтамасыз етуі тиіс. 2005 жылғы ең соңғы әлеуметтік пікір-терім нәтижесінде бутан­дықтардың 45,2 пайызы «өте бақыттымын» десе, 51,6 пайызы «бақыттымын» ал 3,3 пайызы «бақытсызбын» деген пікір біл­дірген екен.
Расымен де бутандықтар өте бақытты, ақжарқын ха­лық болып саналады. Бұл елдің мәдениеті өте қызық. Ха­лық саны 700 мыңға жуық, дәстүр мен әдет-ғұрып қатаң сақ­талатын ел. Сыртқы әлеммен бай­ланыстары өте төмен бол­ғандықтан, жа­һандық озық технологиялар ел шекарасынан өтпейді деуге болады. Мысалға, теледидардың өзі 1999 жылдан бастап қана тұтынуға рұқсат етілген. Бутанда жануарларды өлтіруге, оларды жеуге бол­майды, тұрғындардың бар­лы­ғы көкөністерді тұтынады. Ауыл шаруашылығында хи­мия­лық тыңайтқыштарды қол­дануға, орманды бұтауға тыйым салынғандықтан бұл елдегі әрбір өнім экологиялық таза.
Мемлекет тұрғындарды азық-түлік жә­не киім-кешекпен то­лық қамтамасыз ететіндіктен қор­­шаған табиғатқа адам қолы тимеген. Елдің оңтүстігі толық орманды алқап. Онда сирек кездесетін әртүрлі өсім­діктер мен жануарлар көптеп ұшы­ра­сады. Тұрғындар толықтай «кхо» деп аталатын ұлттық киімде жүретіндіктен, қоғамда әлеуметтік теңсіздікті байқау қиын. Жастарға білім беру буд­далық монастырларда өтеді. Монас­тырлар білім беру қыз­метімен бірге сот, қоғамдық тәртіп сақтау мен жетім қалған балаларға қамқорлық көрсету қызметімен де айналысады.
Бүгінгі таңда ел билігіне Оксфордта білім алған жаңа король Джигме Кхесар келді. Шетелде білім алған коро­ль ел экономикасын жаң­ғыртып, сырт­қы елдермен байланыс­тарды күшейтуде. Жаңару мен жаңғыртулар нәтижесінде 2006 жы­лы ел тарихында бірінші рет парламент сайлауы болып өтті. Халық өз корольдерін өте қатты жақсы көріп, үлкен сый-құрмет көрсетеді. Король халықтан өзін алшақ ұстамай, олармен етене жақын қарым-қатынаста болады. Мысалыға, корольдің үйлену тойы бүкіл мемлекет дәрежесінде атап өтіліп, бірнеше күнге созылған мерекеге айналды. Мереке күндері король халық арасын аралап, олармен бірге сауық-сайран құрған.
Жалпы Бутан мемлекеті кедейліктің шыңырау түбінде жатсада, ең бақытты елдердің бірі болып саналуының негізгі себебі – билік пен халық арасындағы қарым-қатынастың шынайы ашық болуы және халық арасындағы дәстүр мен темірдей тәртіптің сақталуы деп саналады.

Жауап қалдыру