Ең кедей президент

0
95

Әлемдегі ең кедей президент – Буркино Фасо (бұрынғы Жоғарғы Вольта) елінің пре­зиденті Томас Исидор Ноель Санкара. Революцияны алға жылжыту үшін табиғатынан харизматикалық Томас Санкара жеке бастың үлгісі маңызды деп есептеді. Елдің бұрынғы аты Жоғарғы Вольта атын Буркина Фасо (Адал адамдар елі) деп өзгертті. Президент әскери капи­танның 450 долларлық жа­ла­қысына күн көріп, өзінің айына 2000 долларлық жала­қысын жетімдер үйіне аударып отырған (төңкеріс жасап оны өлтірген кезде Санкараның жеке мүлкі билік басына келгенге дейін сатып алынған ескі «Пежо» автокөлігінен, мұз­датқышы істемей қалған тоңазытқыштан, үш гитарасы мен төрт велосипедінен тұр­ған екен). Оның үкіметі енгізген басты жаңалықтардың бірі барлық шенеуніктердің кіріс­тері мен есепшоттарын жа­риялау болды. Халық оны «аф­рикалық Че Гевара» деп атады.
Санкара алғашқы үкімет отырысына велосипед мініп кел­ген. Президенттік каби­не­тіне кондиционер орнатуға ты­йым салған. Өйткені мұндай байлыққа қол жеткізе алмайтын жұрттың алдында ұят болады деп есептеді. Жұрт көп жүре­тін жерлерде, офистерде өзінің портретін іліп қоюға «елде мен сияқты жеті миллион адам бар» деп рұқсат бермеді. Үкіметтің тек «Мерседестерден» тұратын автопаркі толықтай сатылды. Министрлердің қажеті үшін сол кездегі ең арзан «Рено-5» автокөліктері сатып алынды.
Санкара шенеуніктердің ай­лық жалақыларын қысқар­тып, жеке шофер ұстауға, бірінші класты авиабилеттер алуға тыйым салды. Шенеуніктерге қымбат батыстық костюмдерін өздерінде тігілген дәстүрлі мақ­та-мата түнікеге (туника) алмастыруды талап еткен. Жаңа жыл қарсаңында шенеуніктерге бір айлық жалақыларын әлеу­меттік қорларға беруді мін­дет­теді. Бірде Үкімет мүшелерінің жартысын халыққа пайдалырақ болады деп жермен жұмыс істеу үшін ұжымдық фермаларға жіберткені бар. Санкара билік басына келгеннен (1986 ж) кейінгі үш жылдың ішінде Дү­ниежүзілік банк Буркина Фасо елінде коррупция толық­тай жойылғанын мәлім­деді.
Бірақ коррупциясыз тіршілік жемқорлыққа үйреніп қалған шенеуніктерге ұнай ма? Ақыры олар Санкараның кезінде билік басына келуіне көмектескен досы капитан Блез Компаоре жүзеге асырған кезекті төң­керіске қолғабыс жасап, 1987 жылы 37 жастағы Сан­ка­раны өлтіріп тынды.

Жауап қалдыру