Джефф Безос

0
28

Джефф Безос – америкалық кәсіпкер, Amazon.com интернет-дүкенінің және Blue Origin аэрокосмостық компаниясының негізін қалаушысы әрі басшысы, The Washington Post баспа үйінің иесі. Айқын мақсат жолында батыл қадам жасай білетін өжет жан. Қалтасын бір жылда 10,4 млрд долларға қампайтып, 45,2 млрд доллармен әлем олигархтары тізімінде бестікті қорытындылап тұр.
Джефф Безос 1964 жылы 12-қаңтарда Американың Нью-Мехико штатында дүниеге келген. Джефф бала кезінен құрастырушылық қабілетімен көзге түседі. 6 жасқа толған шағында бөлмесінің кіре-берісіне оятар сағаттан жасаған дабыл қаққыш орнатып, ата-анасын таңдай қақтырған. Ойын баласының жасаған өнертабыстарының ішіндегі ең есте қаларлығы – қолшатыр мен фольга қағазының көмегімен жасаған күн сәулесінен қуат алатын микротолқындыпеш.
Колледжді тәмдасымен, фи­зик болуды армандаған Джефф, отбасы мүшелерінің ұйғары­мымен Пристон универ­ситетінің компьютерлік қамсыздандыру бөліміне оқуға түседі.
Джефф оқу ордасын үздік бітіріп, «Fitel» компаниясына программист болып орнала­сады. Қаржылық опера­ция­ларға арналған желіні құрас­тырудың шебері болуы­ның арқасында, оны «D. Е. Shaw» ком­паниясының президенті Дэвид Шоу байқап қалып, әріптес болуға шақырады. Көп ойланбастан, жаңа қыз­метке ауыс­қан Джефф, ол жақта да дарындылығымен ерекше­ле­неді. Алайда өзіне керегі бұл емес екенін тез ұғынып, жаңа идеялардың төңірегінде, әсіресе ғаламтордың мүмкіншіліктері жайлы толғана бастайды.
Осы аралықта «D. Е. Shaw» компаниясында қызмет ететін Маккензи атты бойжеткенмен танысып, жарты жылдан соң отау құрады. Маккензи сол кезде компаниядағы жұмысынан бөлек, қалам тербеуді жаңа бастап жүрген жас жазушы болатын. Бүгінде олар үш ұл мен бір қызды тәрбиелеуде.
Бірде Джефф Манхэттендегі төбесі көк тіреген ғимараттың 39-қабатында орналасқан кең­сесінде отырып, «Элект­ронды коммерцияны, дәстүрлі­ден көп табыс әкелетіндей етіп қалай істеуге болады? Адамдар әрқашан қандайда бір тауарды сатып алмас бұрын оны қолмен ұстап көрмей ме? Тек дәріні ғана біреудің ұсынуы бойынша сатып алады. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігімен байла­нысу тым қымбат. Бәлкім авто­көлік не болмаса компьютер сатармын? Жооқ, кепілді мін­дет­темелермен басымды қатыр­ғым келмейді. Онда не?», – деп терең ойға беріліп отыр­ғанында, телефонның шырылы қалың ұйқыдан оятқандай болды. Тұтқаны көтерсе, үйден қоңырау шалып тұрған әйелі екен. Ол «келеріңде маған дәрумендерді алуды ұмытып кетпе», – деп тіл қатады тұтқа­ның арғы жағынан. Сонда Джефф ойын бөліп жібергеніне сәл ашуланып, дауысын көтере «Романыңды бас көтерместен жазып отырсаң да, осындай ұсақ-түйекке бола хабарласуды ұмытпайды екенсің», – дей бергенінде тосын­нан ой туа кетіп, іздегенін тапқандай болды «Роман? Иә! Роман! Қа­лай ғана басыма келмеген, әрине кітап! Мың, он мың, жүз мың кі­тап бар. Автор, аннотация болды. Бастысы, адамдар ізде­гендерін табады. Қандай кітап дүкені бұндай алуан түрлі ассортиментімен мақтана алады. Ал ғаламтор, есепсіз көп ақпа­ратты сақтауға мүмкіндік беретін мінсіз контей­нер», – деп айқай салады.
Осылайша, 1995 жылы 16-мау­сым­да әлемдегі алғашқы ин­тер­нет-дүкен ашылып, Amazon.com. деген атауға ие бол­ды. Бір ай өтер-өтпестен, Amazon АҚШ-тың барлық аума­ғына және әлемнің 40 мемле­кетіне тауар жөнелте бастады. Ал төрт жылдан кейін әлемнің жетекші интернет-дүкеніне айналып, бүгінге дейін ол орнынан тайқыған емес.
Алайда істі бастау Джефф үшін жеңіл бола қойған жоқ. Сайтты ашуға бастапқы капи­талының жоқтығынан Джефф дәулетті адамдардың есігін қағып, ісіне қаржы салуын сұрайды. Алғашқыда оның айт­қан­дары утопиялық көрін­гендіктен, оған ешкім қолдау көрсетпейді. Соңында ата-анасы жердемдесіп, салынған 300 мың доллар инвестиция, кейінірек миллиардтап қайтқан болатын. Арада біраз жыл өткен соң Джефф, «егерде мен әр инвфестордан жоқ деген жауапты естіген сайын, жинақ сандықшаға 5 центтен салып отырғанымда, әлдеқайда бұрынырақ миллиардер атанған болар едім», – деп өткерген қиындықтарды еске ала, көздеген мақсат жолында талмай еңбектенудің маңыздылығын меңзейді.
1997 жылы Amazon.com ға­лам­тор-дүкенінің акциялары алғаш рет Уолл-стритте саты­лымға шықты.
Безос ғаламтор-дүкенін алғаш ашқан адам ғана емес, сонымен қатар алғаш басқа сайттарға өз сайтының сілтемесін жасаған программист.
Көп кешікпей Amazon.com, АҚШ-тағы «Barnes & Noble» атты ірі кітап дүкенімен бәсе­келестікке түсіп, оны басып озады. Одан кейін «Barnes & Noble» компаниясы өздері­нің жеке ғаламтор-дүкенін ашуға мәж­бүр болды. Алайда ол әрекеттері кітап сатылы­мын­дағы көшбасшы орнын сақтауға сеп бола алмады.
1999 жылы Amazon.com-ның акцияларының құны бес есеге дейін өсіп, Безосты миллиардерлер қатарына қосады. Сол жылы «The Times» журналы оны «Жыл адамы» деп таниды.
Бүгінде Amazon.com сайты арқылы тек кітап қана емес, сондай-ақ жиһаз, құрылыс ма­териалдары, фильмдер, әуен­дер, ойын түрлері мен тағы басқа толып жатқан қажетті заттарды сатып алуға болады.
Джеф Безос қол жеткізген биігінде тоқтап қалмай, 2000 жылы «Blue Origin» компа­ниясын ашады. Компания кос­мостық туризм бағытында жұмыс жасайды. Оның сайты қол­данушыларды ғарыш са­пары жайлы терең ақпарат­тандырып, оны жүзеге асыру­шы көлік құралдары мен тех­ноло­гияларының жасақталу бары­сынан хабар береді.
Джефф Безостың сәтті жолы­ның сырын ұғуға тырыс­қандар оның сан қырлы көріністерін байқаған.
Ол бала кезінен мектепте де, университет қабырғасында да қатарластарының алдында жүрді. Оның өзіне деген шексіз сенімділігі кімнің болса да таңданысын тудырады. Со­нымен қатар ол өз қателіктері мен кемшіліктерін дер кезінде байқап, оны жою жолында үнемі өзін-өзі тәрбиелеп отырған.
10 жылға жуық уақыт дикциясы мен артикуляциясын түзеп, сөз мәнерін жетілдірген. Осының арқасында оның пре­зентациялары әлемнің үздік таныстырылымдарының қата­рына жатады. Бұл Безосты планетаның аса қымбат модера­торларының бірі етті.
Amazon.com-дағы кезекті ерекшелік – компания өзінің қуаттылығына қарамастан, қатаң экономикалық тәртіп жүйе­сімен жұмыс істейді.
«2 пицца ережесі» – Безос ұстанатын фундаменталды ере­желердің бірі. Ол бойынша түрлі жобалармен айналы­сатын командалардағы қызмет­керлердің саны мейлінше аз болғаны ләзім. «Егер екі қорап пицца топ қызметкерлеріне аздық етсе, онда командалық штаттың тым үлкендігін біл­діреді. Ал әдетте штат үлкен бол­ғанда, еңбек өнімділігі төмендейді. Ондай жағдайда ком­пания шығынға батады. Сен­бесеңіз тексеріп көріңіздер» – деп есептейді Безос.
Джефф «клиенттің айтқаны әрдайым дұрыс» қағидатын мықтап түйген адам. Ол «біз келесі тоқсанның нәтижесі қан­дай болады деп бас қаты­рудың орнына, бар ынтамызды сатып алушының көңілін табуға жұмыс істетуіміз керек­піз», – деп үнемі қадап айтып отырады. Айталық, бірде Безос клиенттерге тауар жөнелткенде қолданылатын қораптың жо­басын жасауға бірнеше айлар жұм­сайды. Оның ойынша, қорап қаптамадан бөлек, кли­ент­тердің тұрмысына да пай­да­лы болуы тиіс.
Компанияның бренд болуы – адамдық абыроймен пара-пар нәрсе екендігін қаперінен еш шығармаған Джефф, егер компания бір адамның көңіліне жақпай қалса, ол оны бес емес, 5 мың адамға айтатындығына сенімді. Сондықтан ол әр клиентке бірегей көзқарас та­ны­тып, оның ризашылығына бө­ленуді, қыруар қаржы жұмса­латын жарнамадан артық кө­реді.
Сүйген ісіңмен шұғылдан атты ережесі де Безостың бойтұмарындай болып кеткен сөздер.
Бизнестің марғасқа өкілінің бұдан да басқа айтқан әр сөзі мен ойға алған идеясы жеке кәсіпті дөңгелетудің дара жо­лы секілденіп, жас бизнес­мен­дердің әліппесі іспеттес. Со­лардың кейбіреулері төмен­дегідей:
– Компаниялардың екі түрі болады. Бірі бағаларды көте­руге жұмыс істесе, екіншісі оларды арзандату жолында тер төгеді. Соның екіншісі болуға талпынған жөн;
– Тұтынушыға не керектігін айқындап алып, соның негізінде жұмыс жүргізу ең тиімді тәсіл;
– Ешқашан тәжірибе жасау­дан жалықпаңыз. Сонда ғана инно­вация пайда болып, кәсі­біңіз бәсекелестікке шыдас береді;
– Компанияңызға мінсіз жақ­сылық әкелетін өзгеріс енгіз­гіңіз келсе, сәтсіздікке даяр болыңыз;
– Бүгінгі кезең ғаламтор мүмкіндіктерінің алғашқы күні ғана, бізге одан әлі талай нәр­сені үйренуге тура келеді;
– 10 жылдан кейін қандай өзгеріс болады емес, он жыл өтсе де не өзгеріссіз қалады деген сауалдың төңірегінде стра­тегиялық даму концепциясын жасаған жөн;
Табысты кәсіпкер өзінің жетіс­тіктері жайлы сұраққа – «жәй ғана кейбір адамдар таби­ғатынан бірінші болуға бейім тұрады, бары сол» – деп жауап береді екен.

Меліс СЕЙДАХМЕТ.

Жауап қалдыру