Бразилияда жаңа президент сайланды

0
25

 

Бразилиядағы президент сайлауының екінші кезеңінде әсіре оңшыл конгрессмен Жаир Болсонару жеңіске жетті. Бразилия сайлау комиссиясының хабарлауынша, 28 қазанда өткен сайлаудың екінші кезеңінде берілген дауыстың түгелге жуығын санағандағы нәтиже бойынша, Болсонару 55,5 пайыз дауыс жинады. Оның қарсыласы, солшыл «Жұмысшылар партиясының» үміткері Фернандо Аддад 44,4 пайыз дауыс алды.
Бразилияда 147 миллион сайлаушы тіркелген. Елде дауыс беру міндетті сана­лады. Сайлауда өзінің же­ңіске жеткені жарияланған соң Болсонару «Біз Брази­лияның тағдырын бірге өз­гер­теміз», – деп мәлімдеп, «Ін­жіл мен конституцияны бас­шы­лыққа алуға» уәде бер­ді.63 жастағы Жаир Болсонару – бұрынғы армия капи­таны. Ол миграцияны күрт азайтуды, қаруды еркін алып жүруді, экономикалық өсімге дем беру үшін салық пен әлеуметтік бағдарламаларды қысқартуды қолдайды. Қар­сыластары оның «дәстүрлі құн­дылықтарды қорғау» туралы мәлімдемелерінде әйелге деген жеккөрініштілік пен гомофобия элементтері барын айтады. Болсонару өзі армия қатарында қызмет еткен әскери диктатура дәуірі туралы бірнеше рет оң пікір білдірген. Ол президент болып сайланса өлім жаза­сын қалпына келтіріп, сы­байлас жемқорлықты жоюға, АҚШ-пен қарым-қаты­насты дұрыстауға уәде берген.

Жауап қалдыру