Билл Гейтс

0
45

Толық есімі Уильям Генри Гейтс. Алайда әлем оны Билл Гейтс деп таниды. Америкалық кәсіпкер, қоғам қайраткері, филантроп, Microsoft компа­ниясының негізін қалау­шы­лардың бірі және жай ғана әлемдегі ең дәулетті адам.
Меліс СЕЙДАХМЕТОВ.
«Президент және Халық»

Билл 1996-2007 жылдар ара­лығында, 2009 бен 2015 жылы планетаның ең бай адамы болып танылған. Forbes журналының мәлімдеуінше Билл Гейтстің 2015 жылғы дәулеті 79 млрд дол­ларға бағаланған. Бұл көрсеткіш арқылы ол 20 рет АҚШ-тағы, 16 рет әлемдегі ең бай адам атанды. Сондай-ақ Билл Гейтс қайырымдылыққа жұмсаған қаражат көлемі бойын­ша рекордшылардың бі­рі болып табылады. 1994-2010 жыл­дар аралығында жұбайы Мелинда Гейтс екеуінің құр­ған қорына жалпы көлемі 28 млрд доллардан асатын қара­жат аударған. 2010 жылы Гейтс барлық миллиардерлерді байлығының жарты бөлігін қайырымдылыққа жұмсауға ша­қы­рып, сенсациялық мәлім­деме жасаған болатын. Алайда өмір бойы тірнектеп жиғанының жартысын, асқан жомарт жан бол­маса оңайлықпен кім бере қояр дейсіз, нәтижесінде инициатива бұқаралық сипатқа ие бола алмады.
Гейтс кедей отбасынан шық­қандардың қатарынан емес. Бил­лдың арғы атасы қала мэ­рі және сенатор, ал бергі, өз атасы Ұлттық банктің вице-президенті болған. Ол 1955 жылы 28-қазанда Вашингтон штатындағы Сиэтл қаласында қорғаушы – Уильям Генри Гейст ІІ мен директорлар кеңесінің мүшесі – Мэри Максвелл Гей­тстің отбасында дүниеге келген. Кристи және Либби атты екі әп­кесі бар.
Гейтс Сиетлдағы ең беделді мектепте білім алып, оқу ор­дасының шағын компьютерінде өзінің бағдарламалық қа­білеттерін шыңдаған. Билл Гейтс 1973 жылы Гарвард университетіне оқуға түсіп, өзінің болашақ әріптесі Стив Бал­мер­ді кезіктіреді. Алайда екі жыл­дан кейін оқуын тастап, өзін толықтай бағдарламалық қам­тамасыз етуге арнайды.
Мектептегі досы Пол Аллен екеуі 1976 жылы MITS ком­паниясында программист бо­лып істей жүріп, өздерінің же­ке серіктестіктерін ашады. Көп ойлана келе компанияларын «Micro-Soft» деп атайды, яғни «microprocessors» шағын процессор және «software» бағдарламалық қамтамасыз ету дегенді білдіреді. Кейінірек компания атауындағы дефис тү­сіп, 1976 жылы 26-қарашада Нью-Мехико округтік секретариатында «Microsoft» атты жаңа сауда маркасы тіркеуден өтеді. Сол кезден басталған тынымсыз еңбектің арқасында, компьютерлік технология саласында көптеген айтулы жаңа дүниелер пайда болды.
Алайда шынымен де тари­хи сәт, жиырма жылдан кейін, 1985 жылы 20-қарашада Microsoft Windows операциялық жүйесінің өмірге келуімен орын алды. Осылайша Билл Гейтсті әлемде әйгілі әрі ең дәулетті еткен Windows дәуірі бастау алды.
Билл Гейтс өмірінде үш мәрте көлікті мас күйінде жүргізгені үшін тұтқындалып, әкімшілік жазаға тартылған. Сондай-ақ Гейтс 1997 жылы тағы істі болады. Алайда бұл жолы сот залына айыпталушы ретінде келіп, істі жеңіп шығады. Чикаго қаласының тұрғыны Адама Квин, Гейтстен ірі көлемде ақша өндіріп алуды көздеп, оны қисынсыз деректермен боп­са­ламақ болады. Бірақ онысынан түк шығара алмай, керісінше жал­ған әрекеті үшін 6 жылға бас бостандығынан айрылады.
1994 жылы 1-қаңтарда Билл Гейтс Мелинда Френчпен отау құрды. Олар алғаш 1987 жылы Нью-Йоркте «Microsoft» компаниясы өткізген пресс-брифингте кездесіп, біраз уақыт бірге істес болған. Олардың үш балалары бар – Дженнифер Катарин (1996 ж.), Рори Джон (1999 ж.) және Фиби Адель (2002 ж.).
Гейтс діни көзқарасы бо­йын­ша атеистік бағытты ұста­натындай сыңай танытады. Бірде «The Times» журналының тілшісі «құдайға сенесіз бе?» деп сұрағанында «менде оны куәландыратын ешқандай дерек жоқ» деп жауап берген екен.
2005 жылы Билл мен жұбайы Мелинда Тайм журналы ұйға­рымымен жыл адамы атанды.
Әдетте Гейтстің үстіне ілген киімінен, өзін күнделікті өмірде қарапайым ұстауынан, көпшілік оны жай кәдімгі орта табысқа күнелтетін адам ретінде қабыл­дап қалады. Алайда оның үйіне қарап, олай еместігіне бірден көз жеткізесің. Вашингтон кө­лін жағалай, 37 мың шаршы метрді алып жатқан алып үй, электрониканың заманауи соңғы жетістіктерімен жабдықталған. Батыстық баспасөз беттері Билл Гейтстің үйін 125 млн долларға бағалауда. «Болашақтың үйі» деп аталатын бұл баспана, қа­бырғалары шыны мен қара­ғайдан дайындалған бір-бірімен жалғаса орын тепкен үш павильоннан тұрады. Сондай-ақ үй ауласында отыз автокөлікке шақталған гараж, ал оның тө­рін­де Гейтстің алғашқы көлігі «Мустанг» тұр. Бірінші павильон – қонақтардың көңіл көтеруі үшін жасалған. Қабылдау бөл­­месі терезесінен Вашингтон көлінің тұсына қарай көз жү­гірт­кенде Олимпиадалық тау­дың керемет әдемілігі көрі­ніп тұр. «Болашақтың үйіне» келушілерге фильм, картина, музыка, телевизиялық шоуға де­ген қызығушылықтары бо­йын­ша бағдарланған, электронды түйреуіштер беріледі. Автоматтандырылған жүйе үй­де алғаш рет болған қонақтың талғамымен танысып, есінде сақтап қалады. Орталық па­вильон – кітапханадан тұра­ды. Үй кітапханасының маң­дайша­сында Френсис Скот Фицджеральдтың «Ұлы Гэтсби» романынан алынған на­қыл сөздер жазулы. Бөлменің жо­ғарғы бөлігінде ағашпен бе­зендірілген күмбез ілулі тұр. Кітапхананың жанында Гейтс­тің сүйікті істерінің бі­рі – батут секіргіш құралы қойыл­ған. Биллдің ойынша батутта секіру, креслода тербелгендей ойды зерек етеді. Сондай-ақ үйден жүзу бассейнін, жапондық моншаны және форельді көлді де кездестіруге болады. Гейтстің негізгі сүйікті ісі – бридж ойыны.
Билл Гейтс өз ойлары мен өмірге деген көзқарастарының негізінде бірнеше кітап жазған. «Болашаққа бастар жол» «Ой ұшқырлығымен бірдей бизнес» атты кітаптарында ақпараттық технологиялар заманында қо­ғам­ның даму бағытына және олардың бизнес міндеттерді шешу­дегі жаңаша маңызына тереңінен тоқталып кетеді. Бил­лдың екінші кітабы әлемнің үздік бестселлерлері тізімінде 7 апта бойы бірінші орында тұрып, әлемнің 25 тіліне аударылған, бүгінде 60-қа жуық мемлекетте сатылуда. Өзі туралы Биллдың рұхсатымен, рұқсатынсыз жа­зыл­ған кітаптардың саны өте көп. Мәселен Amazon.com сайтына «Gates» кілт сөзін жазып, іздеу пернесін басар болса, 137 632 нәтиже шығады.
Әлемнің ең бай адамын жайлы қызықты деректер жетерлік. Солардың бірқатарымен таныса отырыңыздар.
– Билл Гейтстің шотына минутына 6659 доллар түсіп отырады.
– Билл 1998 жылы Еуроодаққа ресми сапары барысында, сөз сөйлер алдында біреулер бе­тіне торт лақтырған. Билл оны істегендердің үстінен ша­ғымданбады.
– Гейтстің мектепте жасаған алғашқы бағдарламаларының бірі, оқу сағаттарын тиімді жос­парлауға бағытталған. Белгілі бол­ғандай, Билл оны сүйкімді қыздардың сыныбына түсу үшін арнайы жасаған екен.
– Гейтстің өмірінде қатты қа­телескен жері ол, ғаламторды алғашында болашағы жоқ са­ла деп айтқандығы. Артынша қателігін тез түсіне қойған Гейтс, салаға өзінің ең мықты мамандарын жұмылдырған.
– Билл Гейтс ресми түрде Гарвард университетінен шеттетіл­гендердің ішіндегі ең жолы бол­ған адам деп танылған. Сондай-ақ 2007 жылы 7-маусымда Гар­вард университетінің түлегі атанып, диплом табысталған.
– Гарвард профессорларының бірі Билл туралы пікірін білдіргенде «Ол керемет программист бола тұра, өте жағымсыз тұлға еді»деген.
– Билл Гейст университет оқытушыларына өзінің 30 жас­қа жетпестен миллионер ата­натындығын айтқан, іс жү­зін­­де өз айтқандарын асыра орындады. Ол 31 жасында-ақ миллиардер болған.
– Билл бала кезінде белгілі қайраткерлердің ойлау жүйесін түсіну мақсатымен Наполеоннан бастап Рузвельтке дейін белгілі тұлғалардың өмірі жайлы оқып шыққан.
– Гейтс жылына 1 млн доллар мүлік салығын төлейді.
–Гейтстің жай ғана жолы болғыш деуге келмейді. Ол өте еңбекқор адам. Өз кезінде аптасына 6 күн 13 сағаттан жұмыс істеген.

Жауап қалдыру