Ангела Меркель

0
41

Осыдан 12 жыл бұрын 51 жасында үкімет басына келген Ангела Меркель  ең жас федералдық канцлер еді және біртұтас Германияның басшылығын қолға алған алғашқы әйел болатын. Ағымдағы жылдың 24 қыркүйегінде өткен сай­лауда төртінші рет қатарынан канцлер болып сайланған Ангела Меркель бәлендей бір дарынымен, шешендік өнерімен ерекшеленбесе де,  талай рет «Forbes», «Time» журналында әлемдегі  ең ықпалды әйел болып аталды.
Ангела Меркель он сайлаушы­мен өткізілетін кездесуге де кешігіп көрген емес. Ол кез келген ортада өзінің орнын таба біледі. Мысалы, жыл сайын Мюнхенде өтетін сыра фестивалінде бір-екі литр сыраны біршама қызып алған адамдармен әңгімелесіп отырып ішіп тастап жүре береді. Ангела орта мектептің жоғары сыныбында келмей қалған мұғалімнің орнына  тарихтан сабақ та өткізген.  Қандай тақырып болса да қиналмайды.
Ол ең бастысы жұмыс істей біледі және оны жақсы көріп атқарады. Оның шаштаразда шаш­кеп­тіргіштің астында отырып құжатпен жұмыс істегенін телеэкраннан көрген   сайлаушылары тіпті тәнті болып,  бұрынғыдан да құрметтейтін болды.
Федералдық канцлер ретінде қызметтік пентхаусы болса да  Ангеле Меркель күйеуі физик-профессор Иоахим Зауэр екеуі жұмысына жақын жерден пәтер жалдап тұрады. Ал, өзінің айтуына қарағанда, бақшада жұмыс істеп,  тамақ пісіргенді жақсы көреді. Әсіресе, балықтан дайындалатын тағамдар мен сорпа, шницель, картоп қатқан сорпасы  аса дәмді екен.
Ангела Меркельдің қысымымен   феминистік  Германияда ірі кон­церн басқармаларында әйел адам­дардың болуы заң түрін­де бекітілді.  Меркель әр сөйлеген сөзінде, істеген ісінде неміс сайлаушысының басым көпшілігінің көкейіндегісін дөп басады. Оның электоралдық тартымдылығының құпиясы «өз басы үшін ештеңе сұрамайтын қарапайым әйелдің сүйкімділігі» – деп жазады «Сicero» журналы. Кезінде оған оппонент болған Штайнбрюктің: «канцлердің ай­лығы (қазіргі кездегі айлығы шамамен 18 800 евро) өте аз» – дегеніне «Маған сол да жетеді» деп жауап берген болатын. Бұл біз үшін өте қомақты қаржы болып көрінгенмен, Германияда бәлендей үлкен емес. Мысалы,  Берлин қаласының қоқыс жинайтын қызметінің бастығы канцлерден жоғары айлық алады. Ал, еуропалық шенеуніктердің айлығы бұдан әлдеқайда көп.
1954 жылы 17 маусымда Гамбург қаласында туған Ангела Доротея Меркельдің (қыз кезіндегі тегі Каснер) әкесі Хорст Каснер – теолог (дінтанушы), анасы Герлинда – латын және ағылшын тілінің мұғалімі болған адамдар.
Ангела туғаннан кейін көп ұзатпай отбасы тұрмыс деңгейі әлдеқайда жоғары Батыс Германиядан Шығыс Германияға қоныс аударады. Бұл қырғи-қабақ соғыстың нағыз лаулап тұрған кезі болатын. Көшіп келген отбасына жергілікті билік үлкен үй мен бірден екі автомобиль береді. Үш жылдан кейін 1957 жылы Каснер Темплин қаласы пасторлар дайындайтын колледж басшылығына сайланып,  інжілдік шіркеу жетекшілерінің бірі болады. Оның Батыс Германияға барып-келіп тұруына рұқсат беріледі.
Ангела мектепте оқып жүр­ген кезінен орыс тіліне қызығу­шылық танытады. Лейпциг уни­верситетінің физика факульте­тінің студенті кезінде олимпиада жеңімпазы ретінде ССРО-ға баруға жолдама алады. Одан кейінгі жылдарда ол Совет Одағына талай рет келді. Сондай бір сапарда Ленинградта (Қазаргі Санкт-Петербург) өзінің бірінші күйеуімен танысады.
Ангела жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ГДР Ғылым академиясының Физикалық химия институтына қызметке орналасады. Көп ұзамай комсомол комитетінің (FDJ – еркін неміс жастарының одағы)  идеология жөніндегі хатшысы, аудандық комсомол комитетінің мүшесі, кеңес-герман достастығы қоғамының мүшесі болып сайланады.
1986 жылы Меркель диссертациясын қорғайды. Осы жолда марксизм-ленинизм бойынша емтихан тапсырып, «Социалистік өмір салты дегеніміз не?» деген реферат жазады. Сол жылы билік үлкен сенім білдіріп ГФР-ға баруға  рұқсат берді. Осы жерде, әрине, оның «мемлекеттік қауіпсіздік комитетімен қандай байланысы болды?» деген орынды сұрақ туындайды. Меркельдің айтуына қарағанда «штази» тыңшылыққа тартуға тырысқан көрінеді. Бірақ, өзінің көп сөйлеп қоятынын сылтау етіп, бас тартып бармайды.

Кольдің қызынан
канцлерге дейін
1990 жылы екі Германияны бөліп тұрған Берлин қабырғасы құлағаннан кейін Ангела Меркель ғылымды тастап саясатқа ден қойды. Ол жаңа құрылған «Демократиялық жаңғыру» партиясына кіріп, баспасөз хатшысы болды. Ангеланың саясаттағы алғашқы тәлімгері «штази» агент­тері болғаны ендігі жерде маңызды болмай қалды. Партия Гер­манияның Христиан-демок­ратиялық партиясына қосылғаннан кейін ол танымал саясаткер Гельмут Кольдің назарына ілігіп, көп ұзамай үкіметтегі әйелдер мен жастар ісі жөніндегі министр қызметіне шақырылды. Канцлер: «Сен әйелдерді өзіңнің соңыңнан ертесің», – деді. Ол Ангеланы «қызым» дейтін. Содан көпке дейін журналистер Ангела Меркельді – «Кольдың қызы» деп атап кетті. 1999 жылы ХДО-ның заңсыз қаржыландырылуы туралы шу шығып, арты жанжалға ұласты. Коль «сөз беріп едім», – деп демеушілерінің атын атаудан бас тартты.
1999 жылы 22 желтоқсанда «Frankfurter Allgemeine Zeitung» газетінде  Ангела Меркельдің партияның «ескі гвардиядан» батыл түрде қол үзуге үндеген мақаласы жарияланды. Осыдан бастап оның заманы туды. Содан кейін көп ұзамай ол алдымен партияның бас хатшысы, кейін төрайымы болып сайланды. Марқұм Коль оның сатқындығын кешіре алмай кетті.
Сарапшы Андреас Боген Ангеланың саяси өрлеуін:  «Ангела Меркельдің өмірбаяны – өзінің байланысы мен ынта-ықыласының арқасында партияның бюрократтық баспалдағымен көтерілген кәдімгі номенклатуралық қызметкердің өмірбаяны» – деп сипаттайды.
Бұрынғы «Кольдің қызы» өзінің саяси бәсекелестерінің бірін ойыннан шығарса, енді бірін Вольфганг Шойбле сияқты қаржы министрі портфелін беріп өзіне қаратып алды. Осының бәрін у-шусыз бітірді. «Ол шахмат тақтасындағы әр фигураны өзіне қауіп төндірмейтіндей етіп қозғап отырады» – деп жазады жылнамашы Меркель Жаклин Бойсен.  Мысалы, Төменгі Саксониядан шыққан көрнекті саясаткер Кристиан Вульфті Меркель Германия президенті етіп өсіріп жіберді. Содан кейін баспасөз бетінде сыналғанында үндеген жоқ. Осы соңғы сайлауда онымен бәсекелес болады деген бұрынғы сыртқы істер министрі, социал-демократ   Франк-Вальтер Штайнмайер де президенттікке «жоғарылап» кетті.
Бойсен ол туралы: «Ангела қандайда бір шешім қабылдау үшін әртүрлі мәлімет беретін цифр, дерек, фактілерді талдап шығады. Егер, ондағы аргумент белгілі бір шешім қабылдау пайдасына қарай бұрылып тұрса, онда партияның идеологиялық тапсырмасын оңай ұмытып кете береді», – деп жалғас­тырады.

Прагматикалық  саясат
Меркель бұрын атом энергиясын қолдап келген болса, Жапониядағы «Фукусима» АЭС-інде болған апаттан қорытынды шығарып, бірден оған қарсы болып шыға келді. Содан кейін Германия аумағында орналасқан атом электр станцияларын біртіндеп жабуға кірісті.
«Berliner Morgenpost» газеті «Ангел Меркель ұстанған саясатты оның дәл сол кездегі роліне қарай сипаттауға болады. Уақыт өтіп, ролі өзгерген сайын Ангела Меркель де өзгеріп барады»,  – деп жазды.
Ол Германияның саясаткері ара­сында өзімен тең дәрежеде бәсекелесе алатын қайраткердің жоқ екендігін жақсы түсінеді. Сондықтан босқын қабылдау туралы шешімінің дұрыс болғандығына басқалардың көзін жеткізгісі келеді және бұл көзқарасының өзгермейтіндігін  айтып та  жүр.
Ангела саяси қолайлы жағдайға қол жеткізгеннен кейін асықпай қимылдайды. Ал, халықаралық аренадағы  сақтық – оның саяси ұстанымы болып табылады. Тек 2003 жылы шорт мінез көрсетіп саяси демаршқа жол беріп, Шредердің орнына кіші Буштың Ирактағы әрекетіне қолдау білдірді.  Бірақ, соның өзі де оның болашағына оң әсер етті. Америка Ангеланы сенімді одақтас деп таныды. Ал, Америка тарапынан көрсетілген қолдаудың маңызы қашан да зор. Ал, қазіргі кезде Ангела Меркель АҚШ президенті Дональд Трамптың саясатын сынауының өзінде  бір бармағын бүгіп қалып отыр.

Германия және Ресей
Меркель Ресеймен ара қатынасын қатаң сақтайды. Алдағы уақытта да осы ұстанымын өзгерте қоймас. Оған қатысты айтылған айыптау  мен салынған санкцияны «қалыптасқан халықаралық тәртіпті бұзуға қарсы іс-әрекет» дейді. Бірақ, бұдан ары саяси қарам-қатынасты шиелендіруге мүдделі емес. Себебі, кез келген тұрақсыздық елінің экономикасына, дамуына, қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деп санайды.

Германия және ЕО
«Келесі сайлауға дейін Герма­нияның саясаты еурокеңіс­тік­ке қатысты өзгеріске ұшырай қой­май­ды.  Германия өзінің әріптес­теріне көмек көрсетіп, сол үшін олардың бел­гілі бір шарт орындауын талап етеді», – дейді Лондондағы Berenberg банкінің аға экономисі Хольгер Шмидинг.
Танымал публицист Ральф Больман «Неміс әйелі. Меркель және біз» деген кітабында канцлердің еуропалық жобаға қатынасын төмендегідей сипаттайды: «Меркель ЕО пен еуро аймағын сақтап қалудың Германия мүддесіне сай келетінін жақсы түсінеді.  Бірақ, өзінен бұрынғылармен салыстырғанда  басқа ұлттық мүддені осы жолда құрбандыққа шалуға дайын емес. Меркельдің ең басты қасиеті – прагматик болуы. Егер, қандай да бір идея оған утопиялық болып көрінсе, ол одан оңай бас тартады.  Меркель біртұтас валюта ГФР-дің экономикалық дамуына кедергі келтіретін болса, онда ол еуроның негізгі көрін қазушы болады», – деп жазады.
Еуропада оны Маргарет Тетчермен жиі салыстырады. Ал, канцлердің өзі ол туралы: «Біздің басты айырмашылығымыз – ол кісі химик, ал мен физикпін» дейді.

Абат ТЕМЕН,
журналист

Жауап қалдыру