Шовинистерді шыжғырған

0
50

Алаштың адал ұлы Абдолла Асылбеков есімі ұмытылуға тиіс емес

1998  жылдан бері жиырма жылдай уақыт қаншама мұрағаттарды аралап, қаншама мыңдаған  құжаттардың көшір­месін алдым. Әлденеше мың құжатты ерінбей қолмен көшірдім. Бірнеше жүз алашордашылардың істерімен таныстым. Солардың барлығының  ісінен орыс большевиктеріне еш нәрседен, ешкімнен тайсалмай  1921 жылдан 1937  жылға дейін РКП (б), ВКП(б) ның бюроларында, жауапты жиындарда ашықтан ашық, орыс шовинистерін беттеріне басып «Сендер интервентсіңдер, ешқандай қазақ халқына көмектесуге келген жоқсыңдар» деп айтқан алашордалықтар да, қазақ ұлтшылдары да, большевиктері де болған емес десем өтірік болмас. Мұрағаттар арқылы күрескерлік бейнесі айырықша көрінген азамат Абдолла Асылбеков деп айта аламын. Оны «алашордашы болды» деп айту да қиын. Өйткені оны дәлелдейтін бірде бір құжат кезіккен емес. Ал қылығы, мінезі, сөйлеген сөздеріне қарап оны таза коммунист деп ешкім де айта алмасы тағы анық. Ал орыс шовинистерін іреп сойғандағы сөздері мірдің оғындай, зеңбіректің добындай жауын жайратып салатын.
Тағы да бір таң қалғаным – Ленин жіберген большевиктердің де жон терісін тілген. Қалайша оны шовинист большевиктер 17 жыл бойына құртып жіберуге күштері жетпеді екен?!
Бұл қаһарман ағамыз Абдолла Асылбеков 1896 жылы Қарағанды облысының Нұра ауданында туған. 1917 жылдан ВКП(б) мүшесі, Мәскеудің Тимирязев Академиясын бітірген. Тұтқындалардың алдында Әлеу­меттік комиссариаттың ха­лық комиссары болып қызмет істеген. Бұл ағамыздың аты  1923 жылдан 1937 жылдары аралығында көптеген құжаттарда Алматының Республикалық мұра­ғатында, Республикалық ұлт­­тық қауіпсіздік комитетінің, Пре­зи­денттің мұрағаттарында кез­деседі.
Абдолла орыс шовинистерін былай қойғанда, өзіміздің республиканың басшыларын: Меңде­шевті, Сейфуллинді де: «Қол­дарыңдағы мүмкіндікті не­ге пайдаланбайсыңдар. Шови­нистердің, Мәскеудің ықпа­лын­дасыңдар. Қорқақсыңдар. Ана Ресейдің шовинистерін көріп отырсыңдар ма, ішімізге кіріп алды. Жауапты  орындарда отыр. Неге көрмей отырсыңдар? Бізде қандай бостандық бар? Бізді нағыз колонияға айналдырып отыр. Неге қарсы шықпайсыңдар?! Орындарыңнан қорықпаңдар. Сендер Қазақ хал­қының атынан айтсаңдар мәскеудегілер ойланады. Олар бізді басынуда. Қалайша бізден  онда бір басшы қазақ жоқ», – деп  ыза кернеп  олардың қызмет бабымен санаспай іреп-іреп жібереді.
Асылбеков ағамыз Ресейден келген большевиктерге тіпті көше­де кездесіп қалса да:
«Сендер кетіңдер. Біз сендерсіз де өзімізді-өзіміз басқара аламыз. Интер­венттер екендіктеріңді сез­бей жүрсіңдер ме?» – деп ашықтан-ашық тиісе береді екен. Міне, соны президенттің мұра­ғатынан табылған  соны дә­лел­дейтін мына хатпен таны­сайық (Қор. 718. Тізім 1,  Іс 268.)
Қырғыз облыстық партия
комитетінің  президиумына
партия мүшесі Пирожниннен
партбилет   № 609 610
КирЦИК-тің жиналысын то­­сып жүргенде маған және жанымдағы Нежин екеумізге Асылбеков  кездесті. Ойламаған жерден  Асылбеков таяп келді де, бізге  былай деді: «Амансыңдар ма, колонизаторлар!». Біз оны қалжыңдаған екен дедік те, мен оған қалжыңмен: «Колонизаторлар жұмыс істеп жүрміз. Ал ұлтшыл не істеп жүр екен?», – дедім. Бірақ Асылбековтің әрі қарай айтқанынан оның қалжың емес, шынымен бізге тиісіп тұрғанын байқадым. Ол: «Сендер Кир республикасын басқарасыңдар. Естеріңде ме? Семей губерниясындағы қырғыздардың сендерден қандай қорлық көргендері. Осындай жағдайларды айта берді. Тағы да бір айтқанын келтірейін. Сендерден, орыс  коммунистерінен ешқандай пайда жоқ, жақсылық күтуге болмайды. Мені ұлтшыл деп айыптасын, бәрібір мен айтқанымнан қайтпаймын.
Осы айтылғандарды Прези­ди­ум­ға жеткізе отырып сұрай­тыным, егерде біздерді колонизатор деп есептесеңіздер, онда жазалаңыздар. Ал, әйтпесе АСЫЛ­БЕКОВТЫ тәртіпке ша­қы­ру ке­рек.
РКП(б). 8 тамыз 1923 жыл
Бұл арызды басқа мәсе­ле­лер­мен бірге президиумда қарапты. Онда Асылбеков ағамыз былай деп жауап беріпті: «Мен оларды интервенттер дегенімді әлі де қайталаймын.
Олар әрбір қырғызбен (қазақпен – ред) аудармашылар ар­қылы сөйлеседі. Осының өзі айтып тұрған жоқ па?  Неге біздің тілді үйренбейді. Типография өткен жылы келген, бірақ қырғыз  тілінде жоқ.
Егер Орталықты Қостанайға ауыстырсақ типографияны ауыс­тыруға болмай ма?
Мәдениет күші – ол оңай. Олар ақ­шаға жалданатындар. Жолдас МЕНДЛИН  7000 сомға  ешбір сөзсіз Қостанайға барады. Егерде  коммунистер партиялық тәртіппен жіберілген болса, онда олар Қостанайға ғана емес, бүкіл қазақ даласына жіберілуі керек. Орынбор ешқандай орталық  емес. Бірақ ҚАЗАҚ ЖЕРІ. Егерде біз губернияны жойсақ, 10-15 округ қана қалса, оны қалайша  Орынбордан басқаруды ойлаудамыз. Батыс бөлігі  жеке бөлініп кетуі мүмкін дейді. Біздер қай губернияның экономика жағынан күшті екенін білуіміз керек.
Қостанай аздаған ауданды  қамтамасыз етеді. Айтиевтің сөзіне тоқтағым да келмейді. Өйткені  оның басында ( жеке бас­қа тиіспеуіңіз сұралады – деді тө­ра­ға ) «Орын­бор қыр­ғыз мем­лекетінің астанасы  емес. Қолдан жасалған қала. Қырғыздікі деген аты ғана» дегені есімізде».
Осы президиумның протоко­лы­­ның 29-бетінде Асылбеков былай депті: «Мен бар­лық пункт­­терге, сондай-ақ аудан­дас­тыруға байланысты  әңгіме қоз­ғамаймын. Мен бірінші пунктке тоқтайын. Онда қазақ жерінде жалғыз  облыс қа­на құру ай­тылған. Орынбор уақытша ор­та­лық болып саналады. Бізге Сыр­дария мен Жетісу өлкелерін қосу­ды тосудамыз. Соны тездету керек».
Тағы да былай депті: «Егер Қырғыздың қартасына қарасақ, біз мынаны көреміз. Ақмола мен Семей бірнеше мың верст жерде орналасқан. Ал бұлай басқару мүмкін емес. КИРЦИК-тің  съезіне бірде-бір семейлік келмейді. Өйткені олар Орынборды орталық деп мойындамайды. Мемлекеттің орталығы болу үшін оны  көпшілік қолдауы керек. Ал Орынборда бар-жоғы 89 жауапты қызметкерден басқа қазақ жоқ. Бүкілхалыққа Орынборда орын жоқ. Далада кім не істеймін десе соны істеп жатыр.
Табиғи шекара жөнінде әңгіме қозғалады. Бұл тұста Асылбеков: «Қырғыздың эко­но­ми­ка­сы­ның дамуымен, халық­тың әл-ауқатымен Орынбор шұғыл­данып жүрген жоқ. Бұл Орын­борды Қырғыз (Қазақ – ред) мемлекетінің орталығы етіп күштеп белгілегеннің  әсері. Ау­дан­дар құрылған  кезде біз Орынбордың орталық болуынан бас тартуымыз керек. Оның орнына Омбы мәдени орталық бола алады. Өйткені ол жерлерде жауапты қызметкер қазақтар,  жалпы қазақтар қөп», – дейді. Әрі қарай құжаттың екі беті өшуге таяу. Тіпті үлкейткіш әйнекпен де оқи алмадым. Соған қарамай көшірмесін алдым. Мүмкін келешекте оқу мүмкіндігі болар деген  сенімім бар. Ондай мүмкіндік туа қалса ағамыздың баға жетпес пікірлерін әрі қарай оқырмыз.
Істің 34-ші, ал протоколдың 3-бетінде басқа жарыссөзге шық­қандардың бірі сөзін былай жалғапты: «Асылбеков жолдас білуі керек РКП(б) Орталық Комитетінен шақырылғандар  5-7-9 мың сом  ақша үшін келгендер емес. Асылбековтың мұндай сөз­дері істі алға жылжытуға бө­гет жасайды.
Жангелдин жолдас былай деді: «Әрбір сөзін әртүрлі түсінуге болады. Сондықтан Асылбековтен сұрау керек өзі қалай түсінетінін. Сонымен сұрақ тоқтар еді.
Григорьев былай деді: «Қыр­ғыздардың барлығының сөз­деріне қарағанда олардың барлығы  орыстарды колони­затор­лар  деп есептейді. Ол жақ­­сылық емес. Біз бар күшімізді салып  қырғыздарға білгенімізді үйретіп жақсылық жасау­дамыз. Барлық  қырғыз қызметкерлерінің халқына қыз­­мет етіп жүргендерін жоға­ры ба­ға­лаймыз. Кедейлер­ді байлардан босатудамыз. Орыс­тарда ешқандай коло­ни­заторлық ой жоқ. Бұл сұрақ өте күрделі, соны шешуіміз керек.
Нұрмұхаметов былай деді: « Мен партия мүшелерінде тәртіп жоқ дей алмаймын.
Асылбеков туралы былай деп ойлаймын: Ол – ең адал ком­мунист. Ойындағысын жа­сырмай айтады. Ол кез­де қазақ коммунис­тері болъше­виктердің бағдар­ламасына сенді. Халықты азаптан құт­қа­рушылар ретінде қа­был­­дады. Республикада қа­зақтан шыққан  тұңғыш пар­тизандардың  алдыңғысы болды. Ол көп жағдайларға риза емес. Сол себепті оны қатаң жазалау керек деген ұсыныстарға қарсымын».
Айтиев: Мен конфликтіге бару­дың қажеті жоқ деп есептеймін. Шешуі қиын мәселелер президиумда  щешілсін. Ретсіз сөйлеуден аулақ болуымыз керек.
Журевский:  Орталықты Орын­бор­дан ауыстыру  мәселесі РКП (б) об­лыс­тық комитетінде тал­қы­лан­ды. Орталықты Ақтө­беге көшіру үсынылды.
АСЫЛЬЕКОВ: «Мен әбден түсінемін. Орталық комитеттің  мүшелері қаулыны орындаулары керек. Қайда бар дейді сон­да барады. Өте жақсы білемін бізге ВАЙНШТЕЙННІҢ қалай келгенін. Ол алдымен өзінің жақын­дарын орналастырды. Менің әр  сөзім тек ВАЙНШ­ТЕЙН­ГЕ ғана арналады. Бас­қа­ларға емес. Басқаларын қабылдаймын. Барлық жерде сөзімнің шындық екенін дәлелдей  аламын.
Дунаев мынадай ұсыныс жасады:
АСЫЛБЕКОВТЫҢ МИНДЛИН туралы айтқанының орын­сыз екенін ескерту керек.
МЕНДЛИН жолдас Дуна­евтің ұсынысына қосымша Прези­дум­ның келесі жиынында АСЫЛ­БЕКОВТЫ  тактикалық қате емес, сая­си қате жіберген деп жария­лауды ұсыну керек депті.  Оны дауысқа салғанда  11 адам қолдап, 5 адам қарсы болыпты. Менд­линнің  Асылбеков туралы істі Бақылау комитетіне емес,  тер­геу орнына беріп жауапқа тар­тылсын деген ұсынысы қабыл­дан­ды.
Әрине, еврей Миндилиннің ұсы­нысы қабылданады. Ол бас­та­ған орталықтан келген Ре­сей боль­шевиктері қанша кеңірдек­терін созып: «біз көмектесуге келдік», – десе де халық олардың кім екендерін біліп отыр ғой. Олар шын мәнін­де елімізді колонияға айналдыруды көздеді. Міне, оларға қарсы айғайлап дауыс көтеретін Асылбековтей ерлер санаулы ғана болды. Тіпті болған жоқ деп айта алмаймыз. Наразы­лар сөзсіз болды. Бірақ олар  ондай   ойларын сыртқа ашық шығара алмады. Осы ағамыздың ерлігін 30 жылдан кейін Тәшенов қайталады ғой деймін.
Әрине, Асылбеков  ағамыздың бұл жанайқайы ескерілусіз қал­ған жоқ. Еврейлер тактикасын қайт­се де өзгертті. Ағамыз бұл табанды, қайсар мінезін өзгерт­кен жоқ. Біртіндеп оның дауысына мыңдаған бұрынғы алашорда­шылар, олардың шәкірттері қосылды.
Ары қарай  Миндлиннің ұсы­нысы бойынша  Асылбековтың ісін Кир­Обл тергеушісі қолға алып­ты.
Президент мұрағатында Асыл­беков­тың партиялық тергеу ісіне байланысты 1923 жылы 1 қара­ша­да ашылған тергеу ісі бар екен. Өкі­нішке қарай  құжат­тың беттері көрінбейді. Оқу мүм­кін емес. Есесіне оның алдын­да  сәуір айында тергеу жұмы­сына қатыс­ты ашылған іс көп нәрседен хабардар ететін тәріз­ді. Ол  іс менің ойымша жоғары­дағы президиумның шеші­мі­нен кейін өзіміздің қазақ бас­шы­ларына риза болмай, өзін қолда­мағандарына ыза болып жасаған Асыл­бековтың іс-әрекетіне арналған сияқты. Оны  мына тө­мен­дегі мұрағат құжатынан бай­қауға  болады.
Хаттама  № 18 . 1923  жыл 4 сәуір
Тергеуші – Яковлев.
1 куәгер  – МЕҢДЕШЕВ СЕЙТҚАЛИ,
41 жаста  – Қаз Орталық Атқару Комитетінің  төрағасы. Білімі  – орташа. Мамандығы –мұғалім.
Сұрақ: – Сіз Байсалықов пен Жәнібековты көрдіңіз бе?
Жауап: – Көрдім. Кешкі сағат 10-да Жәнібековты.
Сұрақ: – Не туралы әңгіме болды?
Жауап: Жәнібеков айтты: – Асылбеков келді. Мылтығы бар. Мендешовты, Сейфуллинді атып өлтіремін, одан кейін өзімді өлтіремін деді. Кеше сәрсенбі күні Асылбековты көрдім. Маған сағат 11-де Садуақасов пен Сейфуллин келді. Олар да сол мәселені айтуға келіпті.
Мен оларға: «Алаңдамаңдар, ештеңе де болмайды. Онан да Асылбековты табыңдар. Ондағы қаруды алыңдар. Өйткені ол өзіне-өзі жазым жасауы мүмкін, – дедім».  Сөйтіп Садуақасов, Сейфуллин,  Жәнібековтер Асыл­бековты іздеп кетті. Ол күні олар маған келген жоқ. Екінші күні Жәнібеков пен Байсалықов маған келді. Олар: «Асылбеков­ты түнде таба алмадық», – де­ді. Демалыс күні ол үйіне келіп бір бөл­меге кіріп есігін ішінен іліп алып жатыпты. Дүйсенбі күні Садуақасов келді. Ол: «Асыл­беков Ысмағұлдың үйінде қонып шығыпты», – деді. Кеше, сәрсенбі күні Асылбеков маған өзі келді. Ол: «Мен ешкімді өлтіремін деген жоқпын. Олар қоздырып жүр. Түнде Қонақаевтің үйінде қонып шықтым. Қорықтым, – деді».  4 сәуір 1923 жыл. Қолы.
Міне, осыдан Абдолла Асыл­бековтың  бар жан-тәнімен Ота­­ны үшін, оның келешегі үшін кү­рес­кен жан екен­дігін, өзін қол­да­ма­ға­ны үшін, Ресей большевиктерінің қазақ елін шын мәнінде колонияға айналдыруға келгендерін осыншама көрегендікпен  сезіп,  қазақ зиялыларын олармен  аянбай кү­рес­ке шақырған нағыз патриот екендігін көреміз.  Ол  уақыт өт­кен сайын колонизаторлармен кү­рестің қиындай түсетінін, шиеленістің күшейе түсетінін әб­ден сезінді. Сол себепті де ол осы жоғарыдағыдай асығыс қадамдарға бара жаздады. Ақыры өзі  бұл жолдан бас тартып басқа жолға көнді.
Осылайша Асылбеков Қыр­ғыз Орталық Атқару комиетінің жиын­дарында өз ойын ашық айт­қаны үшін  Ресей боль­шевик­терінің қуғынына ұшырады. Оған  қорқытудың алуан түрі әсер ет­пе­ген соң, оны өзі туып-өс­кен Қар­қаралыға  округ коми­тетінің төрағалығына, одан ке­йін  жаңадан салына бастаған Қара­ғанды қаласына облыстық атқару комитетінің  төрағасы етіп жіберілді.
Бұл аталған жерлерде Асыл­бе­ков халықты  еңбекке жұмыл­дыра білді. Ғажап істерді тындырды. Оның  ой-өрісінің аса жоғары дәрежеде екендігіне көз­дері жетіп, ұйымдастыру жұмыс­тарына қабілеттілігін мойын­дап қайтадан орталыққа шақыр­ады. Сол кездегі аса ауыр учас­кеге жегіліп, Әлеуметтік  комис­сариатқа Халық комиссары етіп тағайындалады. Бұл сала­да­ да ерекше  жұмыстарымен көз­ге түсе бастаған кезде ескі жау­лары ағамыздың тілімен айт­қанда «колонизаторлардың» нұс­қауы­мен  «халық жауы» ретінде айыпта­лады.
Осы  кезде  өзімен  бірге қазақ­тың жас мемлекетін құруға кіріскен замандастарын ұрып-соғып, күштеп  куәгерлікке мәжбүрледі.  Көпшілігі қинауларға шыдай ал­май жала да жауыпты. Шын бол­ған істерін де айтқан. Міне, сон­дай куәгердің бірі Нұрсейтов Нұрғали болды. Ол 1903 жылы   Сол­түстік  Қазақстан облысы Атбасар ауданында туған. Білі­мі орташа – Ленинградтың ком­му­нистік университетін бітір­ген. Тұтқындалар алдында Гурьев­те РКП(б) округтік коми­теттің хатшысы болған. Ол ұрып-соғып мәжбүрлеудің сал­дарынан, (еш­қан­дай да сат­қын­дық емес) Асылбеков мені   контр­революциялық ұйымға мүше­лікке үгіттеп кіргізгенде осы ұйымның  басшылары Нұрмақов Нығмет, Садуақасов Жанайдар, Досов  Әбілхайыр, Молдажанов Ильяс екендерін айт­ты. Асылбеков мүшелікке мына адамдарды тартты:
1. Беккенин Ғабдісәләм – бұ­рын­ғы округтік жоспарлау бөлі­мінің басшысы.
2. Арыстанбеков Таукен – бұ­рын­ғы атқару комитетінің кон­суль­танты.
3. Басшығұлов Үсен  – Қоңы­рат ау­дандық атқару комите­тінің төрағасы.
Келесі куәгер ҚОШАНБАЕВ ХАСЕН.  1896 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Атбасар ауданында туған. 1922 жылдан ВКП(б) мүшесі.
Тұтқындалар алдында РКП(б) Қызыл­орда окр комитетінің төра­ғасы. Бұрынғы Жеңіл өнеркәсіп комиссариатының Халық комиссары. Ол былай депті: Асылбеков Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы болған кезінде «Қарағандыны қазақ халқының сүйегімен орнатып жа­тыр. Қазаққа бостандық келген жоқ!» деді.
Жауыздардың тырнағына ілін­­геннен кейін Асылбеков Абдол­ланың  тергеушілерге бер­ген жауабы туралы құжат­тарды  республикалық Ұлттық Қауіп­сіздік Комитетінің  мұрағатынан ал­дым.  Ол  менің 2011 жылы орыс тілінде жарияланған «Ха­лық  жаулары» атты кітабымда баяндалған.
«Асылбеков Абдолла,1937 жыл  31 шілде.
Сұрақ: Садуақасов Ж. Лекеров және Сейфуллинмен кездескендегі әңгімелеріңіздің мәтіндерін айтып беріңізші?
Жауап: – 1934 жылы Мәскеуге кел­генде  Садуақасовке кірдім. Шы­нын айтқанда Садуа­қа­сов­ты көптен білемін. Ол  ме­нің тәрбиемнен шыққан. Сондық­тан одан қорғанбай Мәскеуде Нұр­мақовпен болған әңгімені  толы­ғымен айттым. Оның кеңес үкіметіне қарсы  құрылған ұйым екен­дігін, алға қойған  мін­деті туралы айтып бердім. Нұрмақовтың ол туралы Садуа­қасовқа айт дегенін жеткіздім. Бірақ  Садуақасов сақ болуды, конспирацияны сақтауды ескертті. Одан көп кешікпей 1934 жылы  маусым айында Алматыда «Каменс­кое платода» Лекеровпен кездестім. Менімен кездескенде Лекеров менің Нұрмақовпен кездескенімді біліп отырды. Оны кімнен естігенін білмеймін. Одан кейін Лекеров Нұрмақов сияқты  Қазақстандағы саяси жағдайды айта келіп, колхоз құруға қарсы күрес жүргізу қажеттігін айтты. Қазақ­тарға малды жекеменшік арқылы дамытқан  дұрыс екен­дігін баса айтты. Ол қазір колхозшыларға бұзау беріліп жатқанын сықақтап: «бұзаулар өскенше барлық қазақ қырылып бітер», – деді. «Халыққа қазір отбасыларын аман сақтап қалуға сүт керек», – деді.  Ол қызмет орындарын қазақтандыру туралы баса айтты.  Бүгінгі жүргізіліп отырған саясат қазақтарды мазақтау, қорлау саяса­тымен тең деген дұрыс болар. Өйткені бір жерге қызмет сұрап қазақ келсе, мың түрлі сұрақ  қояды. Алашордашы емессің бе, байдың баласы емессің бе? – деген сияқты. Ал еуропалықтар келсе, оларды ешбір сұраусыз қабылдайды.
Міне, сол себепті көптеген қазақ интеллигенттері жұмыс таба алмай жүр. Ол мынадай мысал келтірді. Мысалы, Сейфуллинді алыңыз: «торға қамалған аң сияқты» жұмыссыз отыр. Ол өте та­за, қызметке адал азамат. Сон­дай-ақ Нықаш (Нығмет Нұр­мақов). Оны Қазақстаннан қу­ып жіберді. Нұрмұхаметтің де қайда екені белгісіз?  Оның ой-өрі­сі, ақылы қайдағы бір армяннан әлдеқайда жоғары. Неге  До­сов бірінші хатшы бола алмай­ды? Нұрмақовты баяғыда Қазақ­станға қайтару керек еді. Біздер 1927 жылы ақымақ болдық. Ол үшін күресуіміз керек еді. Міне, біз Қазақстанның құрып бара жатқанын көріп отырмыз. Оның осы әңгімелерінен менің түсінгенім ол Нұрмақовтың көз­қара­сын айтып отыр.
Сейфуллинмен де байланыс жасадым. Ол да Нұрмақовтың тапсырмасы болатын. Сейфуллинмен әңгімелескенде  байқағаным, ол да үкіметтің колхоздастыру саясатына қарсы екенін білетінмін. Ол кеңес үкіметінің саясатына наразы болды. Мен онымен өте жақсы қарым-қатынаста болдым. Оның  үйінде Алматыда бірнеше рет болдым. 1934 жылы Қарқаралыға округтік атқару комитетінің төрағасы  болып тағайындалғанда кездестім. Сол кезде ол өте қатал ашумен: «Тездету керек. Екі қолды бос қусырып тыныш отыруға болмайды. Кеңес үкіметін тезірек құлату керек деді. Кеңес үкіметіне қарсы күресте қандай таптан шықса да, қай топтан болмасын өзін ҚАЗАҚ-пын дейтін азаматтардың бастары бірігулері керек. Егер де: «Алашордалықтар, Әй, Асылбеков екеуің  халықтың бақыты үшін күресіп едіңдер, ал енді не нәрсеге қолдарың жетті десе не дейміз?!» –деді.
Сәбит  Мұқанов – Жазушылар одағының төрағасы. Мен онымен 1921 жылдан араласамын. Ол Сейфуллиннің өте адал жақтасы. Жақын досым ретінде мен оған жасырын ұйым жөнінде айттым. Ол бұл ұйымның алға қойған мақсатын қолдайтынын  білдірді.
Өз басым тарихшы ретінде Асылбековтың берген жауаптарын сатқындық деп есептей алмаймын. Оның берген жауаптары Кеңестің тергеушілеріне онсыз да белгілі болатын. Оның үстіне ол атаған қайраткерлердің тағдыры оған дейін шешіліп қойылғанын Асылбеков біліп отыр. Енді оның берген жауаптарын көңіл қойып талдасаңыз, бірде-бір  сұраққа нақты жауап бермеген, жалтарма жауаптармен қиын жағдайлардан шығып кеткенге ұқсайды. Бірақ оның 1923 жылдан бергі жаулары оның тілімен айтқанда «колонизаторлар» оған үкімді алдын ала шығартып қойғаны анық.
Кеңес үкіметінің саясатын алғашқы кезеңінен бастап аяусыз әшкерелеген есіл ер осылайша жендеттердің қолынан қаза тапты. Оның аты тәуелсіздік тұсында алтын әріптермен  жазылып, есімізде мәңгілік сақталуға тиіс. Абдолла Асылбеков АЛАШ-тың адал ұлы болды.

Болатбек НӘСЕНОВ,
тарих ғылымының
докторы,
профессор.

Жауап қалдыру