Алашордашылар және саяси қуғын-сүргін

0
89

Бұдан бір ғасыр бұрын үш ірі тарихи оқиға болды. Алғашқысы – жоғалтқан мемлекеттігімізді жаңғыртуға саяси мүмкіндік ашқан Ақпан революциясы. Екіншісі  – сол мүмкіндікті жүзеге асыру жолын белгілейтін Құрылтайшы жиналыс шақыруға тиіс Уақытша үкіметті биліктен қуған Қазан төңкерісі. Үшіншісі – Алашорда атауымен елдік шаңырақ көтерген Желтоқсан съезі. Бұлардың ішіндегі біз үшін айрықша маңызды мереке – отаршылдар жойған мемлекеттілігіміздің қайта түлеуіне іргетас қалаған Алашорданың жүз жылдығы.   
25 қазанда құрылған орталық совет үкіметі ұлттық қозғалыстардың бәрімен уақытша, ағымдағы жағ­дай талабын ескергендіктен, так­тикалық тұрғыдан ғана санасқан еді. Мәселен, Петроградта жұмыс істеп тұрған Ресей мұсылмандар одағының атқару комитетін – Икомусты  большевиктік билік тез-ақ керексіз етті. Икомус төрағасының орынбасары лауазымында Ресей Республикасының уақытша заң шығару органы Предпарламент­ке мүше болып, болашақ мемлекеттік құрылымды анықтайтын заң жасасуға қатысып жүрген Жанша Досмұхамедов бұған тікелей куә болған. Совет үкіметінің төңкеріс арқылы дүниеге келуі мен оған қарсы шапшаң бой көрсеткен әрекеттерді, жалпы сол кезде орын алған күрделі саяси жағдайды Жанша «орыстардың өзара ырылдасуы» деп бағалаға-тын. Сондықтан да ол, Орынборда өткен Екінші Жалпықазақ съезінде, «орталықтан бермен лықсыған анархияға тосқауыл болуы үшін», Қазақ автономиясын шұғыл жария­лауды талап етушілердің басында тұрды.
Дегенмен, Совет өкіметінің билікте бекем тұратыны аныққа айналған шақта, 1918 жылғы ақпанда, Орал қазақтары съезінің шешімімен, арнайы делегацияны Мәскеуге Жанша «Алашорда» Халық Кеңесінің мүшесі ретінде бастап барды. Оның совет үкіметі басшыларымен жүргізген тұңғыш келіссөзі біршама сәтті өтті. Ұлт істері жөніндегі комиссариаттан қазақ бөлімі ашылатын болды, халық комиссары Сталин Семейдегі Әлихан Бөкейханов бастаған Алашорданың басшыларын төте желіге шақырып, сөйлесті. Орал облысындағы земство мекемелерінің жұмыстарын жалғастыра беруге Совнаркомның арнайы қаулысымен пұрсат берілді, облыстағы Алашорда құрылымын советтік платформаға көшіру үшін, де­легацияға қомақты қаражат бө­лінді.
Бірақ, соның артынша, «Правда» газетінде Сталиннің жер-жердегі кеңестік билік өкілдеріне ар­наған нұсқау-хаты шықты. Онда совет негізіндегі автономия ғана мойындалатыны, сондықтан ең­бекші бұқараның «буржуазия қайраткерлерін» – «өздерінің дос­мұхамедовтерін» – мойындары­нан түсіріп тастауға тиістігі  тұжы­рым­далған еді. Сол себепті Алаш­орда батыста да, шығыста да ақ­тармен одақтасуға мәжбүр бол­ды. Мәселен, 1918 жылдың көк­темінде  республикалық режимде жұмыс істейтін Ойыл уә­лаяты құрылып, қызметін Алашор­даның Батыс бөлімшесі ретінде жалғастырды. Кеңестік билік өкілдерімен азамат соғысының соңына қарай келісім жасап, күллі құрылымымен, әскери күшімен Совет өкіметі жағына өтті. Сөйтіп Алашорда біржола тарқады.  Ұлттық қозға­лысқа қа­ты­сушыларға амнистия жария­ланғандықтан, ел­дік ойға адал ұлт қайраткерлері  енді  қазақтың  мем­лекеттілігін  тап­­тық  негізде  түлету үшін күрес­ті. Алайда Алашорда ұзамай «контрреволюциялық ұйым» деп ғай­батталды да, құпия қызмет қол­­дан қиыстырған жаламен, ала­шор­дашылардың алғашқы топтары 1928–1932 жылдары тұт­қынға алынып, репрессияланды, ал 1937–1938 жылдарғы Үлкен террор кезеңінде алашшылдар да, Алаш идеясын жүректе ұстап,  ел мүддесі үшін еңбек еткен ұлт коммунистері де жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыратылды.
Бүгінде мұның басты себебін анық айта аламыз. Біріншіден, боль­шевиктер партиясы қатаң орта­лықтандырылған  империялық партия еді, сондықтан да ол ұлттық белгілерге қарай дербестену ық­тималдығын қаперіне де алмайтын. Екіншіден, жұмысшылар пар­тиясы аталып құрылған бұл саяси ұйымның жалаулататын басты құжаты – «Коммунистік партияның манифесінде» «жұмысшыларда отан жоқ» деп ап-айқын жазылған. Осы екі жәйт сабақтаса келе пайда болған  «дүние жүзінің пролетарлары, бірігіңдер!» деген  ұран күні кеше Совет Одағы құлағанға дейін күшінде тұрғаны мәлім. Әлемдік революция жасау жоспарының жүзеге аспайтынына сонау 20-шы жыл­дары-ақ көздері жеткендіктен, большевиктер осы ұранмен бұ­рынғы империя аумағындағы ха­лықтарды біріктіріп, тұтастыру ісін бірден қолға алған. Ұлттық құрылымдардың советтік тұғырда ұйысуына тек тактикалық есеппен ғана  пұрсат беріп, барша қоспаны таптық тұрғыдан біріктіріп-тұтас­тыратын цемент есебінде орыс халқын, оның тілі мен өмір салтын алға шығарған. Сондықтан да кеңестік автономияларды большевизм арнаулы құпия қызметінің торымен мұқият шырмап, олар­дағы ұлт қайраткерлерінің іс-әре­кеттерін қатаң бақылауда ұстады. Ұлт мәселесінің өзекті жақтары 1923 жылы ХІІ партсъезде тәп-тәуір  талқыланып,  жақсы  шешім­дер  қабылданғанына  қа­ра­мас­тан, ар­тынша өткізілген ұлт­тық рес­публикаларда істейтін қыз­мет­керлердің 4-ші мәжілісінде, ГПУ қамауға алған ірі қайраткер Мирсаид Сұлтанғалиевтің «контр­ре­волюциялық» іс-әрекетін көр­некі түрде  сынау арқылы, ұлт сая­са­ты­ның қандай шектеулі арнада жүргізілуге тиістігін көрсетті.
Осы 4-ші кеңес сабағы өз алдына, қазақ қайраткерлерінің патшалық заманнан санаға ұялаған  құлдық психологиядан арылмағандығы, тиісінше орталыққа көзсіз емінуі, әсіресе, жеке бастарына келгенде, ұлттық мүддені де ойлатпайтын алау­ыздығы салдарынан Қазақс­тан билігіне 1925 жылы Филипп Голощекин келгені мәлім. Ол «Октябрь дауылы қазақ ауылының жанынан өте шыққан» деген қисынмен, бай мен кедейдің ара-жігін аша түсетін сына қағып, «Кіші Октябрь революциясын» жасауды қолға алды.  Большевизмнің бір орталыққа қатаң бағындырылған, өзгеше еркіндікке төзбейтін жүйесінің эмиссары қазақ коммунистерінің сана-сезімін қырнап-тегістеумен,  өз  сөзімен  айтқанда,  «нивелиров­ка» жасаумен шұғылданды. Жас ұр­паққа ұлттық тәрбие беруі ық­тимал алашордашыларды ағар­ту саласынан аластады. Құ­пия қыз­метке ерекше еркіндік берді.  «Ұлтшылдар кәмпескелеу нау­қанына кедергі келтірді» дегенді боль­шевиктік жәдігөйлікпен желеу етіп, репрессиялау машинасын іске қосты.  Ал советтік солақай ре­формаларға көрсетілген халық қарсылықтарын мүлдем қарулы күшпен басып-жанышты. Одан жасанды ашаршылықтарымен ха­лықты миллиондап қырып, көл-көсір қайғы-қасіретке бөктірген әйгілі ұлттық апатқа ұрындырды. Және соның бәрінде де кінәні боль­шевизмге тән көлгірлік ойдан құрастырған «тап жауларына» артып отырды.
Сорақы бұрмалаулар  жұртты жаппай қуғын-сүргінге түсірген за­манда да, жеке басқа табынуды әш­керелеген ХХ партсъезден ке­йінгі «жылымық» кезеңде де ке­ңі­нен қолданылды.
Құрбандардың атылған уақытын жасырып, лагерьлерде аурудан өлді деген жалған мәліметтер тарату  әдетке айналды. Сондай өтірікті көпшілік санасына сіңірудің бір салдары сол, тіпті, қазіргі тәуел­сіздік дәуірінде де кей кісілер 1938 жылы атылған Мағжан Жұма­баев пен Сәкен Сейфуллинді өз өлі­мімен 50-ші жылдары өлгенге балап,  сүйегін сонау мәңгі тоң басқан аймақтан іздестіріп жүрді. Большевиктік бұрмалауларға біздің кейбір зерттеушілеріміздің де құлай сенгені соншалық, еңбектерінде, мәселен, «Алаш ісі» бойынша тұт­қындалған белгілі зиялылар Дінше Әділовтің «сатқындығы» салдарынан репрессияға ұшырады дейтін қате пікір қорытты. Алайда, Әділовтің ОГПУ тергеушісіне берген көрсетулерімен мұқият танысқан кісі белгілі зиялылар оның «сатқындығынан» емес, арнайы қызмет тергеушісінің әде­йі қиыс­тырып тұжырымдаған «айып­тауларынан» қылмыстық іс­ке тар­тылғанына көз жеткізеді.  1930 жылғы 21 сәуірде Мәскеуде атыл­ған Дінше Әділов – 1917 жыл­дың қазан айынан Алаш пар­тиясы Ақ­мола облыстық комитетінің мү­шесі болған, 1920 жылғы Қа­зақстан Со­вет­терінің Құрыл­тайшы съезінде алғашқы ҚазЦИК құрамына сай­ланған, Ішкі істер халық ко­мис­сариатының алқа мүшесі, халық комиссарының орынбасары,  халық комиссары міндетін атқарушы боп істеген мемлекет қайраткері, 1925 жылы Ұлт театрын (қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы драмтеатрды) құрып, жоқтан бар жасаған, кәсіби сахна өнері ордасының шаңырағын тұңғыш көтеріп, қиындығы мол ең алғашқы театр маусымын  абыроймен өткерген мәдениет қайраткері.  Ол – еңбегін әділ бағалап, есімін өнер ордаларының яки оқу орын­дарының біріне беруге әбден лайық тұлға.
Осындай ескерусіз қалып келе жатқан тұлғаларды биылғы жүз жылдық құрметіне арнайы ар­дақ­тау шараларын жасау жөн болар еді. Бұл ретте еліміздің өнер тари­хындағы ерек те дара құ­былыс – Қожықовтар әулетіне ерек­ше назар аудару керек.   Әулет ота­ғасы Қоңырқожа Қожықов – 1912 жылы жарық көрген тұңғыш «Әліп­пенің» авторы, ұстаз, қазақ азаттық қозғалысында өз орны бар қоғам қайраткері. Ол Қоқанда жарияланған Түркістан автономиясы Халық кеңесінің жауапты хатшысы, Советтік Түркістан Республикасы мұғалімдер даярлайтын оқу орнының оқытушысы,  Түрк­республика Жер-су халық ко­миссариатының жауапты қыз­меткері, Советтік Қазақстанның ежелгі тарихын, көне жәдігерлерін зерт­теу саласында елеулі істер тын­дырған ғылыми қызметкер болды. Үлкен террор кезінде ұсталып, 1938 жылғы 17 қаңтарда Алматыда атылды.
Оның зайыбы Ләтипа Ұлт теат­рының алғашқы сахна безендірушісі, суретшісі, қолданбалы өнер шебері, кезінде баспасөзде қазақ театрының аңыз-адамы деп аталған тұлға болатын. Екеуінің төрт ұлы бар еді, төртеуі де жаңаша қалыптасып келе жатқан қазақ өнері тарихында өзіндік өшпес із қалдырды. Тұңғышы Қожахмет – қазақтан шыққан алғашқы суретші, әкесінің артынан репрессияланып, лагерь азабынан ерте қайтыс болды. Екінші ұлы Құлахмет – тұңғыш театр және кино суретшісі, өнерге сіңіріп жүрген зор еңбегіне қарамастан, «халық жауының» баласы ретінде ұдайы қысым көрді. Үшінші ұлы Нұрахмет – алғашқы монументалист-мүсінші, майданда ауыр  жарақат  алғандықтан,  та­лантын толық аша алмады. Ал кенжесі Сұлтанахмет – майдангер-панфиловшы, ағасы Құлахметпен бірге бастап, атақты «Қыз Жібекті» түсірген әйгілі кинорежиссер. Репрессияланған ұлт-азаттық қоз­ғалыс қайраткерінің отбасынан осындай бес бірдей көрнекті өнер қайраткері шығуы, сөз жоқ, сүй­сініп айтарлықтай ерен құбы­лыс.  Осы ұлағатты әулетті ұлықтау шарасын ойластыру қажеттігі – әлдеқашан пісіліп-жетілген мәселе, Алашорданың 100 жылдығын атап өту ауқымында еліміздің оқу орын­дарының, елді мекендерінің, бекеттерінің, яки қалаларындағы көшелерінің  бірін Қожықовтар әу­леті атымен атау сұранып тұр.
Алашорда мен оның жазықсыз жазаланған қайраткерлерін есте қал­дыру шараларын осы мереке ауқымында шұғыл жүзеге асырудың  тәуелсіздік  туын  алып  жүретін  болашақ  ұрпақ тәрбиесі үшін аса қажет екенін ұмытпайық.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Жауап қалдыру