Алаш қозғалысының түпкі мақсаты – дербес мемлекет құру болатын!

0
73

Алаштанушы Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ:
5-наурыз күні Алматыда Ахмет Байтұрсыновтың мұра­жай-үйінде Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі Әлихан Бөкей­хановтың туған күніне орайлас­тырылып, Алаш қаһарман­дарына арнап Ас берілді. Қазақ­стан тәуелсіздігі жыл­дарын­дағы ең айта қаларлық оқиға болған еске алу рәсімін «Қам­шы кз» порталы ұйым­дас­тырды.
Қазақстан тарихшылар қауым­дас­тығының төрағасы, көрнекті ғалым Мәмбет Қойгелді мен алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлұлының баяндамалары көп­шілік көңілінен шықты. Мәм­бет Қойгелдінің Алаш ардақ­тыларын есте қалдыруға байланысты ұсынған кешенді шаралар жобасы мен Сұлтан Ханның Алаш қозғалысының 100 жылдығы іс жүзінде Қазақ­стан мемлекетінің 100 жылдығы екендігі туралы дәлелді уәждері бүкілхалықтық қолдауға ие болары анық.
Алашанушы Сұлтан Хан бұл ойларын бұған дейін де «Қаз­контент» АҚ National Digital History порталының ұйым­дас­тыруымен өткен «Алаш мұ­раты және Елбасы идеясы» атты «дөңгелек үстелде» де айт­қан болатын.
Алаштанушы бүгінде Алаш идеясын дұрыс түсінбейтіндер аз еместігіне тоқталды. Иә, жұрт «Алаш партиясы», «Алаш қозғалысы» мен «Алаш авто­номиясы» деген атаулар­ды біл­генімен оның идея­­сының түпкі мақсатын түсіне бер­мейтіні рас. «Бір нәрсеге баса назар ау­даруымыз қажет. XX ғасырдың басында «авто­номия» деген ұғым­­ның қазіргі түсініктен айыр­машылығы жер мен көктей болған. Мысалы, Австралия да Англияның «автономиясы» болып саналады. Сондықтан Әли­хан­дардың түсінігі бойынша «авто­номия» деген сондай мем­лекет болды. Өз алдына жері, елтаңбасы, былайша айтқанда, мем­лекеттіліктің барлық ат­ри­буттары болған. Сол се­беп­ті Алаш партиясы, Алаш қоз­ға­лысы – бұның барлығы Алаш ұлттық, демократиялық, пар­ламенттік республикасын құру жолындағы қосалқы жұ­мыс­тың бірі болды», – деді Ақ­құлы жиында. Оның ай­туын­ша, Алаш партиясын құ­­рудың негізгі мақсаты – Бүкіл­ресейлік құрылтай жи­налы­сына қатысып, қазақ халқына бөлінген «квотаны» барын­ша игеру. Сол арқылы Алаш мемлекетін заңдастырып шы­ғару міндеті болған. «Енді қараңыз, Бүкілресейлік құ­рылтай жиналысының сай­­лауы кезінде Қазақстанда «Алаш» партиясымен бірге Көл­бай Тоғысовтың «Үш жүз» партиясы мен Әліби Жангелдин бастаған социал-демократтар дауысқа түсті. Сонда «Алаш» партиясы бәрін ойсырата жеңіп, қазаққа бөлінген бүкіл 43 мандатқа ие болды. Халық оны неге қолдады? Себебі аталған партия қазақты ұлт болып ұйыстырды, әрбір азамат руына, жүзіне қарамай, өзін Алаштың ұрпағымын деп қабылдады. Сондықтан ол кезде Алаш мемлекет болып қалыптаса білді. Иә, Ресей империясының құра­мындағы автономия ре­тінде аяққа тұра бастады», – деп атап көрсетті алаштанушы. Ал «Алаш» партиясының жар­ғы­сында «реті келсе, өз ал­дына дербес, реті келмесе, Ре­сей құрамындағы автономия бо­ламыз» деп жазылды.
1917 жылы қазан айында Әлихан Бөкейханов Жалпы Сібір съезіне қатысты. Сонда партия өкілдері Сібір автономиясының конституциясына арнайы бап енгізуге келісті. Оған сәйкес, Алаш автономиясы қалаған кезде Сібір автономиясынан бөлініп, өзін дербес мемлекет ретінде жариялай алады. «Қазір кейбір тарихшылар Әлиханның дербес мемлекет болып бөлінуді мақсат тұтпағаны жайында айтады. Олар қатты адасып отыр. Алаш партиясының да, Алаш қозғалысының да түпкі мақсаты – дербес мемлекет болу. Олар Ресейдің құрамында «аға-көке» деп, орыстардың арқасынан қағып отырып, арқылы мемлекеттің шекарасын толығымен белгілеп алуды көздеді. Басқарушы кадрларды даярлап, өз әскерін жасақтап алғаннан кейін бөлініп кетуді армандаған», – деді Сұлтан Хан Аққұлы.

Арман АСҚАРОВ

Жауап қалдыру