Алғашқы қазақ автономиясы

0
85

Үстіміздегі тауық жылы – Алашорда мемлекетінің құрылғанына 100 жыл толатын атаулы жыл. Тарихқа көз жіберсек, сол жылдардағы қазақ зиялыларының өз елінің бостандығы үшін еткен ерен еңбектерінің куәсі боламыз. Егемендік қазақ еліне оңай келмегеніне көз жеткіземіз. Енді осыған біраз тоқталайық.
Кезінде патшалық Ресей қазақ жеріне баса-көктеп кіре бастады. Қазақ халқының жерін тартып алу арқылы аграр­лық мәселені шешуге тырыс­ты. Крепостниктік тәртіп­ті жойғанымен, аграрлық мәсе­лені шеше алмаған Ресей шаруаларды шығысындағы шет аймақтарға, негізінен Қазақ­станға қоныстандыру жолымен шешуге тырысты. Осы жос­парлы жобаны жүзеге асыруды Қоныстандыру басқар­масы жүргізді. 1886 жылы қазақ халқының жер көлемін анықтау мақсатымен Ф.Щер­бинаның басшылығымен экспедиция ұйымдастырды. Щербина малшы қазақтардың жерін алып малсыз қалса, олар қайыршылыққа түсетінін айтты. Алайда патша үкіметі ол ұсынысты тыңдамай қазақ даласын отарлауды жүзеге асыра берді. Патша үкіметінің зорлық-зомбылығына қарсы тұрар күші жоқ қазақ халқы амалсыз көнді.
ХХ ғасырдың басында оқы­ған қазақ интеллигенциясы жетіле бастады. Олардың қатарында  Ресей Думасының бірінші шақырылымының депутаты болған Әлихан Бөкейханов болды. 1837-1847 жылдардағы Кенесары ханның қарулы кө­терілісін толық зерттеген Әли­хан қазаққа бостандық алу үшін Ресейдің өзін түбегейлі реформалау керек екенін түсінді. Ол 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін  сол кездегі Ресейдің ең ықпалды  Кадет партиясына және 1912-1917 жылдары кадет партиясының Орталық комитетіне мүше болды. 1906 жылы Семей қазақтарының атынан мемлекеттік Думаға сайланған. Сол жылы 22 шілдеде Выборг петициясына қол қойғаны және Қазақстанда саяси қозғалыс ұйымдастырушы ретінде сотталып,  үш айдан соң босатылған. 1908 жылы қайта ұсталып, 1917 жылға дейін Самарада болып, Қазақстанға келу құқығынан айрылған. Әлихан сонау бірінші орыс революциясы кезінде-ақ  саяси партия ұйымдастыру туралы ойластырған. Сол жоспары 1917 жылы іске асады. Осы жылы ақпанда революция болып, патша үкіметі құлап, Уақытша үкімет орнады. Ал большевиктер қазан айында Кеңес үкіметін орнатқан еді. Олар  уақытты оздырмай қазақ жеріндегі темір жолды өздеріне қаратып алды. Большевиктердің бұл әрекеті басқыншылық еке­нін түсінген Бөкейханов  Ресей әскерлеріне, матростарына және жұмысшылар мен шаруа­ларға үндеу жолдады.
Үндеу сол кезде барлық бас­па­сөздерде жарық көрді. Қазақ зиялылары 1917 жылы шілденің 21-26-сы аралығында Орын­борда алғаш рет жалпы­қазақ съезін өткізді. Съезге жеті облыстан және Бөкей ордасынан 20-дай өкіл қатысып, қазақ үшін ең өзекті 14 мәселе қаралды. Бес күнге ұласқан жалпықазақ съезінде автономия алып,  тәуел­сіздік жариялау туралы өзекті мәселе біраз қызу пікірталас тудырды. Ж.Досмұханбетов бастаған Орал облысы мен Бөкей ордасының өкілдері автономияны дереу жариялау керек деді. Ә. Бөкейханов қазақ автономиясын дереу жариялауға қарсы болды. Сол тұстағы қоғамдық-саяси ахуалды өте терең әрі жақсы түсінген Бөкейханов; «Қазақ жерінде қоныстанған басқа ұлт өкілдерінің және Түркіс­тан өлкесіндегі  қазақ­тардың қосылу-қосылмау мәсе­ле­сін нақты шешу қажет. Осы мәселені анықтаған соң барып, тәуелсіздікті жариялайық» деді. Әлиханның бұл пікірі тактикалық жағынан дұрыс еді. Оның түпкілікті көздегені – қазақтың біртұтас мемлекетін құру болатын. Сөйтіп екі жақтың жақтастары Алаш автономиясын жариялау мерзімі туралы ортақ ымыраға келді. Келісім-шарты бойынша: «Түркістан қазақтары бір ай мерзім ішінде Алаш автономиясына қо­сыл­маса Алашорда халық кеңесі ресми түрде автономия жариялауға міндетті. Қосылған жағдайда Алашорданың халық кеңесіне бірінші мүмкіндік бол­ғанда Алаш автономиясын жариялауға құқық беріледі», –   деп шешеді.
Әлихан сол жылғы қазан айындағы революцияны қолда­ғанымен, саяси тұрғыдан қарсы болды. Сонымен қатар большевиктерден сақтануға шақырды. Большевиктердің халыққа қасірет әкелетінін Бөкейханов сол  кезде-ақ білген. Өзінің Ресей әскерлері мен матростарына, жұмысшылары мен  шаруаларына жазған үндеуінде: «Патша құлағанымен таққа Лениннің өзі отырғысы келген үкімет демократия емес, буржуазиялық сандырық»  деп ашық айтты. Алаш партиясы бағдарламасының жарияланған жобасында жерді жергілікті халыққа беру, сот ісін қазақ тілінде жүргізу, оқудың жалпыға бірдей және ақысыз болуы, жиналыс сөз бостандығы, дінді мемлекеттен бөлектеу, әскери қызметті өз жерінде атқару және жұмысшыларды заңмен қорғау туралы нақты жазылды. Бодандықтың бұғауынан құтылудың және жерге ие болу үшін мемлекеттік тәуелсіздік керек екенін түсінген қазақ зиялылары, ұлттық автономиялық мемлекет құру  жұмысымен айна­лысты. Оған  Ресейдегі ақпан және қазан  революциясы Қазақстанда автономия құруға жол ашты.
Сонымен 1917 жылы 5-13 желтоқсан арасында Орынбор қаласында ІІ жалпықазақ съезін өткізеді. Съезге делегат болып  Абай ұлы Тұрағұл, Кенесары ханның немересі Әзімхан, Мұстафа Шоқай, шелектік Садық Аманжолов  бар барлығы 300-дей  делегат қатысады. Съезде қазақ автономиясы мәселесі бойынша Ғаббасов Халелдің баяндамасын талқылайды. Тал­­қылауда Мұстафа Шоқай Түркістан автономиясына бірігуге ұсыныс жасайды. М.Шо­қай 1917 жылы құрылған Түр­­кістан автономиясының М.Ты­ныш­­баевтан кейінгі төра­ғасы болатын. Білімді және саяси сауатты Шоқай 1914 жылы Ә.Бөкейхановтың ұсы­нысы бойынша Ресей мемлекеттік думасы жанындағы мұсылман фракциясында жауапты хатшы болған. Съезд осы мәселені талқылай келе қаулы қабылдайды. Қаулыда Орал, Торғай, Бөкей елі, Ақмола, Се­мей, Жетісу, Сырдария Фер­ғана, Самарқан облы­сын­дағы және Амудария бөлімін­дегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы сондай-ақ Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері, тұрмысы, тілі бір болғандықтан Қазақ-қырғыз ұлттық автономия құ­руға шешім қабылдайды. Съезд Алаш автономиясын   Алашорда (Алаштың ордасы немесе үкіметі деген сөз) деп атады. Сондай-ақ «Қазақ облыстарын сол кездегі бүліншіліктен қорғау мақсатында Ұлттық Кеңес құрылсын,  Алашорданың тұ­ра­тын орны уақытша Семей қаласы (Шын мәнінде Семей қаласы 1917 жылғы шілдеден 1927 жылғы қазан айына дейін Алаш қаласы деп аталған) болсын»деп қаулы қабылдаған. Алашорданың өкімет құрамы 25 адам болып, 10 орын қазақтар арасындағы басқа халықтарға қалдырылды. Алашорда авто­номиясының Алашорда аталған ұлт кеңесінің құрамына 15 қазақ азаматы сайланды. Олар­дың қатарында Халел Дос­мұ­ханбетов, Уәлихан Танашев,  Халел Ғаббасов, Садық Аман­жолов, Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейханов, Жаһанша Досмұханбетов, Әлімхан Ермеков, Мұхаметжан Тынышбаев, Бақтыгерей Құлманов, Жақып Ақбаев, Базарбай Мамытов, Отыншы Әлжановтар болды. Сонымен бірге  милиция жасақтарын құрып, оларды соғыс өнеріне үйрету мен қажетті киім мен қару-жарақ түрлерімен қамтамасыз ету жолдарын айқындады. Алашорданың басшылығына дауысқа үш адам түскен. Дауыс қорытындысы бойынша Әлихан Бөкейханов – 40 дауыс, Айдархан Тұрлыбаев – 20 дауыс, Бақтыгерей Құлманов – 19 дауыс жинап,  көп дауыс алған Әлихан Бөкейханов қазақтың алғашқы автономиясына төраға болып сайланады. Сол кездегі Алашорда автономиялық мем­лекетінің жері Ресей империясының бес әкімшілік құра­мында еді. Сырдария мен Жетісу облыстары – Түркістан гене­рал-губернаторлығына, Торғай облысы – Орынбор губер­­ниясына, Орал облысы –тіке­лей Ресей мемлекетінің құра­мына кірген болатын.
Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, Ә. Ермеков Ленин және Сталинмен Қазақ автономиясының жер көлемі туралы келіссөз жүргізген. Кейінге қалдырылған жер мәселесі 1920 жылы 17 тамызда Лениннің төрағалағымен өткен Халық комиссарлары кеңесінің мәжілісінде Қазақ автономиясы туралы мәселе қаралады. Сол мәжілісте Қазақстанның жер жағдайы туралы Әлімхан Ермеков баяндама жасайды. Онда ол Қазақстанның жері және оның шекарасы туралы мәселелерді толық қамтып, Ресейдің өктемшіл, озбыр отаршылдық пиғылдағы өкілдерімен қызу айтысқа түсіп, өз пікірін жан-жақты бұлтартпас дәлелдермен қорғап шығады. Оның дәлелдерінен ілә таппаған басқыншылар өз кінәсін мойындап,  Лениннің басшылығымен   Қазақ автономиясына Ресей иемденіп алған Семей мен Ақмола облыстарын, Каспий теңізінің теріскей жағалауындағы жерді, Ертістің сол жағалауындағы он шақырымдық ұлан-ғайыр жер Қазақ еліне қайтарылды.
Сөз арасында Әлімхан Ермеков туралы айта кетейін. Қазақ елінің бостандығы үшін күресе жүріп, ғылыммен айналысқан Әлімханға 1937 жылы Бүкілодақтық Атестациялау Комиссиясы математика және теоретикалық механика саласындағы еңбегін жоғары бағалап, профессор атағын береді.  1938 жылы оны 58 статьямен  соттап, 1947 жылы босатады. Осы отырғаны аздай 1948 жылы қайта ұстап, 1955 жылы шығарады. Халқына адал қызмет жасаған, математика  саласына үлкен жаңалық енгізген жазықсыз адамдарды отырғызу күн көсем Ленин  құрған компартияның қолынан ғана келді. Ондай мысалдар өте көп. Өкінішті!  Қазақ автономиясын құрудағы Әлімхан Ермековтың өлшеусіз еңбектерін зерделей отырып, әсіресе жер мәселесін  шешудегі қол жеткізген еңбегіне кейінгі ұрпақ мәңгі қарыздар екенін ұмытпағанымыз дұрыс. Алашорда осыған дейін болып келген ұлт-азаттық кө­терілістердің және  әлеуметтік теңсіздікті жақсарту үшін болған қозғалыстың жалғасы болды. «…желтоқсанның 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те Алаш автономиясы дүниеге келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды» деп, 1918 жылы 22 қаңтардағы «Сарыарқа» газетіне Әлімхан Ермековтың жазған мақаласы шықты.
1918 жылы наурыздың соңында Алашорда мемлекеті Мәскеуге Ленинмен жолығуға Жаһанша Досмұханбетов пен Халел Досмұханбетовты жібереді. Ленин және Сталинмен келіссөз жүргізген Досмұ­хан­бетовтер оларға 1917 жылғы желтоқсандағы қаулымен таныстырады. Болшевиктер оларға Кеңес үкіметін толық мойындап, сөзсіз бағынуды талап етті. Олар қазақтар шоғырланған жерлерді  толығымен қазақтарға қайтару, Кеңес үкіметі тұтқындаған алаш қайраткерлерін түрмеден босату және қудалауды тоқтату, қаржылай көмек беру сияқты маңызды мәселелерді қоя білді. Сонымен қатар Кеңес үкіметі жанынан Қазақ коммисариатының ашылуына қол жеткізеді. 1918 жылы сәуірде Ленин мен Сталин Алашорда басшылары Әлихан Бөкейханов пен Халел Досмұханбетовпен телефон ар­қылы сөйлеседі. Сталин: «Егер сіздер Кеңес үкіметін мойын­дасаңдар, біз де сіздердің Ала­шорда мемлекетін мойындаймыз» деп уәде береді. Уәдеге сенген Алашорда мемлекеті 1918 жылдың 11 маусымынан бастап тәуелсіздік жолындағы қызметін бастайды. Өз территориясын облыстық және уездік кеңестер арқылы басқару, Жаппай білім беру, ғылымды жан-жақты дамыту, Алаш әскери ұйымын құру және жабдықтау, Алаш үкіметінің жергілікті ісіндегі түрлі саяси күштермен саяси экономикалық қарым-қатынастар жасау, Алашорда үкіметі және қазақ соты сияқты өзекті мәселелер күн тәртібіне қойылды. Жаңадан құрылған Алашорда үкіметіне өте күрделі жағдайда қызмет атқаруына тура келді.
1918 жылдың көктемінде Ресейде Азамат соғысы мен шетел интервенциясы басталды. Азамат соғысы қазақ даласын да қамтыды. Сол 1918 жылы Алашорда үкіметінің Батыс және Шығыс бөлімдері құрылды. Батыс Алашорданың орталығы Жымпиты ауылында орналасып, оны Жаһанша Досмұханбетов, Семейде орналасқан Шығыс бөліміне Әлихан Бөкейханов жетекшілік етті. Алашорданың әскери бөлімінің бастығы капитан Х.Тоқтамышев Омбыда орналасқан Сібір үкіметімен  Алашорда әскерін құруға көмектесу жөнінде келіссөз жүргізді. Ә. Бөкейханов Сібір үкіметіне «Алашорда мен Сібір үкіметі арасындағы уақытша қатынастар орнату туралы» ұсыныстар жасайды. Сібір үкіметі Алашорда үкіметін жар­тылай мойындағанымен, өз уыстарынан шығарғысы кел­мейді. Кеңес үкіметімен жасаған келісім бойынша олар Қазақстанның әрбір облыстық кеңесінде тұтқындалған алаш қайраткерлерін босатуға нұсқау береді. Сонымен қатар Мәскеу Алашорда сұраған 40 миллион рубльдің 12 миллионын береді. Бірақ орта жолда Саратов қаласында Орал облыстық депутаттар кеңесінің мүшесі большевик Д.Яковлев күтіп отырып, ақшаны тартып алады.
Бұл оқиға большевиктер құрған Кеңес билігіне деген алаш­тықтардың  сенімсіздігін күшейте түсті. Алашорда бас­шылары большевиктік күштер­мен және Қазақ елімен шека­ра­лас аймақтағы сол кез­дерде құрылған уақытша үкімет­термен ымыраға келгенде ұлт­тық мүддені қорғай отырып, тәуелсіз саясат жүргізді. Алашорда басшысы  Бөкейханов Қазақ елін дамытуды Батыс Еуропа және Жапония елдері­нің тәжірибесін пайдалануды жоспарлаған. Осы орайда  феодал­дық арта қалған  Жапония мемлекетін әлемнің жетекші еліне айналдырған «Мейзи исин» бағдарламасы десек, соның  қазақша бағдарламасын пай­далануды ойластырған. Сон­дай-ақ Батыс Еуропаның да даму үрдісін үлгі етіп алғысы келді. Бұл Алаш бағдар­лама­сының бірден-бір стра­тегиялық мақсаты болатын. Әлекеңнің бұл бағдарламасы өкінішке орай орындалмады.
Кеңес үкіметі Алаш атономия­сын мойындағанымен, кейіннен өз уәделерінен тайып кетті. Алашорда сол кезедегі Колчак, Ақ гвардияшылар мен Ресейдегі құрылтай үкіметтерінің қыс­пағында қалған соң, автономияны сақтап қалу үшін амалсыз Кеңес үкіметінің қара­­мағына өтеді. 1919 жылы көктемде Қазақстандағы Кеңес үкі­метнің мүшесі Ә.Жанкелдин Ә. Бөкейхановты Ленинмен жо­лықтырады. Бұл кезде алаш­тықтардың саяси көзқарас­тары екіге бөлінген еді. Бірінші жағы таза алаштық үлгідегі элита, екіншісі – партиялық-мем­лекеттік номенкулатура түріндегі ұлт зиялылары болды. Олар алашорда мүшелеріне қарсы болды. Нәтижесінде Алашордаға Ленин сенімсіздік танытты. Сол жылы 10 шілдеде Ленин «Қазақ революциялық Комитетін»  құру туралы декрет шығарады. Оның төрағасы етіп Станислав Пестковскийді, оның орынбасарлығына Әлихан Бөкейхановты тағайындайды. Алашорданың ұйымдастырған  мемлекеттік құрылымдары, 5 мың әскері, мектептері, сот мекемелері және «Қазақ» газеті мен «Сарыарқа» газеттері толығымен революциялық ко­митеттің құзырына беріледі. Сөйтіп большевиктердің қысы­мымен Алашорда автономиясы өз жұмысын  2 жыл 3 ай атқарып, 1920 жылы  5 наурызда тоқтатады. Сол жылы 26 тамызда Ленин мен Калинин Қырғыз (қазақ) Кеңестік Социалистік Автономиясын құру жөніндегі декретке қол қояды. Сол күннен бастап, Қазақ революциялық Комитеті таратылды. Патшалық Ресейден  қудалау көрген Алаш зиялыларына 1919 жылы амнистия жариялағанына қара­мастан, енді Кеңес үкіметі қудалай бастайды. М.Шоқай шетелге Түркияға, Х.Тохтамышев пен Р.Мәрсеков Қытайға кетуге мәжбүр болады. 1920-жылы Ә.Бөкейхановты тұтқындайды. Оның; «Қазақ баласы бұл жолы тәуелсіздігін алмаса да, келешекте өз тізгінін өзі ұстайтын  бөлек мемлекет болады» деген көрегендігі  шындыққа айналды.
«Алаш идеясы неге іске аспады?» деген сұраққа Мұстафа Шоқай «… орыс демократ­тарына сеніп, алданып қал­дық. Өзге ұлтқа сеніп, өз бостан­ды­ғымызды ала алмаймыз», – деді. Алаш партиясы мен алаш автономиясының  тарихи маңызы өте зор. Олардың бағдар­ламасының саяси негізі – қазақ елінің тәуелсіздігі еді және қозғаушы күші сол кездегі қазақ зиялылары болды. Большевиктер Алаш үкіметін жойғанымен, алаш идеясын жоя алмады. Ел тәуелсіздігі өмір ақиқатына айналды. Алаш зиялыларының армандаған ойлары іске асты. Алаш автономиясы құрылмаса, КСРО-ға дербес мемлекет болып енбес едік. Дербес Қазақ республикасы болмасақ, бүгін егеменді мемлекет болмас едік. Кезінде бастарын өлімге тігіп, Алаш автономиясын құрған сол кездегі қазақ зиялыларына бүгінгі ұрпақ  бас иеміз.

Беркін ӘКЕБАЕВ,
республикалық «Алтын қалам» әдеби байқауының жүлдегері

Жауап қалдыру