«Жетісудың Сарасы – бар қазақтың дарасы»

0
95

Осындай тақырыппен айтыс өнерінің саңлағы, ақтаңгер ақын Сара Тастанбекқызының туғанына 165 жыл толуына бай­ланысты Алматы облысы ағынды Ақсу өңіріндегі Жан­сүгіров кентінде респу­бликалық ақындар айтысы өткізілді. Саңлақтар сайы­сына еліміздің түкпір-түкпірінен айтыс өнерінің дүлдүлдері қатысты. Ауқымды шара облыс әкімдігінің қол­дауымен «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының шеңберінде өткізілді.
Ең алдымен жиналғандар ақын Сара ескерткішіне гүл шоқ­тарын қойып, одан кейін ақын есімімен аталатын жастар мәдени орталығында бол­ған шаралармен танысты. Мұн­да атақты «Біржан – Сара» опера­сынан театрландырылған үзін­ді қойылды. Басты рөлдер­ді мерейтойлық шараға арнайы шақырылған Қазақстан Рес­пуб­ли­касының еңбек сіңірген қайраткері, актер Сағат Жыл­кел­диев пен ҚР мәдениет қай­раткері, әнші Гүлмайдан Сүн­де­това сомдады.
Мерейтойға жиналған қа­уымды Ақсу ауданының әкімі Әділбек Далбағаев құттықтап, ақын Сараның шығармашылық мұрасының маңызына тоқтал­ды, жыр додасында ақындарға сәттілік тіледі.
Өз кезегінде Сара Тастанбек­қызының шөбересі Дәнел Тұрыс­беков жылы құшақпен қар­сы алған ақсулықтарға де­ген ризашылығын өлең жол­дары­мен жеткізді.
Айтыс барысында сайыстың көркін қыздырған сөз шеберлері жеңіл әзіл, астарлы ой айта бі­луімен көрермендердің көңілі­нен шықты. Сара ақын жайлы көптеген деректер ақындар тілі­­мен айтылды. Қоғамдағы орын алып отырған келеңсіз жайт­тар да назардан тыс қал­май, ой саларлық дүниелер көр­кем түрде жеткізілді.
Ақындардың жыр сайысына елімізге танымал қаламгерлер қазылық етті. Қазылар құра­мында Халықаралық «Алаш» және Жамбыл сыйлықтарының лауреаты, жазушы Жұмабай Шаш­тайұлы, айтыскер ақын, Тал­дықорған қаласындағы өнер мектебінің суырыпсалмалық өнер сыныбының тәлімгері Ха­ныша Райысова, ақын, «Ана тілі» газетінің бас редак­торы Жа­нарбек Әшімжан, ақын, «Жетісу» газеті бас редак­торы­ның орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым бар.
Үздік айтыстың үлгісін көр­сетіп, Бас жүлдеге ие болған жетісулық ақын, «Алтын дом­быра» иегері Жандарбек Бұлға­қов 1,5 млн теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Бірінші орын шығысқазақ­стандық Сара Тоқтамысоваға бұйырды. Екінші орын же­тісулық Балғынбек Има­шевқа, ал үшінші орын алматылық Сырым Әуезхан мен Солтүстік Қазақстаннан келген Мұрадым Мирлановқа берілді.
Ақсу ауданы әкімінің арнайы жүлдесі айтысқа жаңадан қа­дам басқан облыстың жас ақыны Жалғас Садырұлына тап­сы­рылды. Астанадан келген Айнұр Тұрсынбаева, Павло­дардың на­мысын қорғаған Қуа­ныш Шар­монов, ақмолалық Нұ­рислам Әбділ, Түркістан об­лы­сының өкілі Жарқынбек Нау­ша­бековқа ын­таландыру сый­лық­тары ұсы­нылды. Мара­пат­тау рәсімін облыс әкімінің орын­­басары Ақан Әбдуәлиев ат­қар­ды.
Шара шеңберінде жастар мәдени орталығы холында ақын Сара мемориалдық му­зей­інің жәдігерлерінен көрме қойылды. Көрмеде ақын тұ­тынған тұрмыстық заттар мен олардың бірқатар көшір­ме­лері, афишалар, кітаптар, фот­суреттер, соның ішінде жуырда «НАҚ-Бірлік» қоғам­дық ұйымы мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері бірлесіп Ресейден алып келген ақын Сараның мүсінші Маргарита Ващенко салған суреті де бар, – деп, хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жауап қалдыру