Жанқұтты шешеннің айтқандары

0
189

Бір сөз айтсаң жақсыға,
Аталы сөзге тоқтайды.
Бір сөз айтсаң жаманға,
Өмірінде ұқпайды.
Надандықтың белгісі,
Өзін-өзі мақтайды.
Көкірегі соқырға,
Өмірде таң атпайды.
Шешеннің сөзі шын асыл,
Қап түбінде жатпайды.
***
Тон бітпеске тон бітсе,
Қағуменен тоздырар,
Жаман болса алғаны
Ер жігітті аздырар.
Жақсыменен сөйлессең,
Құмарыңды қандырар.
Жаманменен сөйлессең,
Көңіліңді қалдырар.
Кез болсаңыз суайтқа,
Өтірік айтып нандырар.
Өсекшімен сөйлессең,
Ұрмай-соқпай талдырар.
Жолдас болсаң сараңмен,
Жол үстінде қалдырар.
Жаман болса достарың
Өзіңді жауға алдырар.
***
Жаман болса, жақын – жау,
Шайпау болса, қатын – жау.
Шабан болса, атың – жау.
Тартыншақ болса, түйең – жау,
Тебеген болса, биең – жау,
Күнде келсе, күйеу – жау,
Жымысқы болса, жиен – жау,
Тіл алмаса, ұлың – жау,
Арсыз болса, қызың – жау.
***
Ел қонбаса, жер – жетім,
Құс қонбаса, көл – жетім.
Кемпірі жоқ шал – жетім,
Иесі жоқ мал – жетім.
Су қараңғы көз – жетім,
Тыңдамаған сөз – жетім.
Доссыз қалса, ер – жетім,
Жау қолында ел – жетім.
Жапырақсыз бұтақ – жетім,
Оқылмаса кітап – жетім.
Тыңдаушысыз дана – жетім,
Ата-анасыз бала – жетім.
Қағазсыз қалам – жетім,
Ақылсыз адам – жетім.

 

Жауап қалдыру