Жамбыл әлемі

0
94

Бар әлемде, жер-көкте Жамбыл жыры,
Құлақтардың құрышын қандырды үні.
Ғасырлардың көшінде тозаң баспас,
Жауһар жырдың жасампаз, даңғылдығы.

Жамбыл жыры — заңғарлар, қыраттарда,
Мұхиттарда, өзен-көл, бұлақтарда.
«Өрендерім, өр бол», – деп «сынақтарда»,
Жетелейді мәңгілік мұраттарға.

Төрт құбылам төгеді Жамбыл әнін,
Шамырқандым, шаттандым, балбырадым.
Ілессем деп көшіне сөз құрадым,
Абай, Жамбыл — ішегі домбыраның.

Алпыс екі тамырда, жүректе жыр,
Жан сарайың ашылар түнекте кіл.
Абай болып дүние сыр айтады,
Жамбыл — әлем, жаңарып дүр етті өңір.

Жамбыл жыры — батар күн, таң нұрында,
Ақша қарда, нөсерлі жаңбырында.
Шөл басасың ғажайып мөлдірінен,
Ойсыздықтан оятар, қалғыдың ба?!

Жамбыл — дастан, Жамбыл — саз, Жамбыл — өлең,
Абызымыз мәңгілік алды кенен.
Рухымен қолдайды, киесімен,
Жұбатады, көңілің қалды неден?

Асып-тасқан пенде ме ең, жел-көкірек,
Байлығыңмен болмассың елге тірек.
Төремісің, Жамбыл жыр тезге салар,
Тәубеңе түс, тағзым ет, кел де тілеп.

Құлақ қойғын жасындай жырына бұл,
Тұмасына қаныққын, сырына бір.
Туа сала қағынан безінген көп,
Жетпейтіндей сыбайтын тірі Жамбыл.

Жамбыл жыры — жауһарың алтыныңдай,
Жер-әлемді тербетіп шарқ ұруда.
Ғасырлардың төрінен тіл қатады,
Ақсақалы желбіреп Ар туындай.

Серікжан ҚАЖИ,
ақын .

Жауап қалдыру