Жүректегі жырым – бар байлығым

0
46

Төлеужан Ғұмар – өлең өлкесінде өзіндік бағыт-бағдары бар, бойына біткен сөз талғамы­мен, дарын қуатымен дербес стиль қа­лып­тастырған ақын. Әр жылдары жарық көрген «Сөнбес сәуле» (2010), «Ұрпақ үні» (2015) жыр жинақтары – оның ізденісі мен жетістігін, ақындық шеберлігін танытқан дүниелер. Өзге ақындардай ол да поэзия табалдырығын ел мен жер, әке мен ана, табиғат пен тіршілік, ерлік пен еңбек, өмір мен тағдыр, достық пен махаббат сияқты қаншама жырласа да тот баспайтын, көнеріп, көмескі тартпайтын атамзаманнан бері келе жатқан ежелгі тақырыптарды жырлап аттады. Өнердің биік шыңы – өлең деп түсінген Төлеужан Ғұмар ақын:
Арғымақ жырым, алқынба,
Арғы атаң сенің қазанат.
Бабадан қалған бай мұра,
Болашақ үшін аманат, – деп, жырын төге келді.
Сезім тазалығы, ой айқындығы, өткен өмір белестері мен қазіргі жаһандану заманындағы қоғамдық, әлеуметтік, саналық өзгерістер туралы терең тынысты толғамдарға толы жырларымен ұлтымыздың ұлылығын жан дауысымен әйдіктеп келе жатқан ақынның өлеңдері ой тереңдігімен, тіл құнарлығымен, тақырып күрделілігімен ерекшеленеді.
Поэзия – адам жанының төңкерісі, сананың нәзік сілкінісі. «Жүрегім көтеріліс жасап жатыр» деп Мұқағали текке жырламаса керек. Төлеужан ақын өлеңдерінің негізгі желісі де, басты өзегі де – туған халқының ұлттық рухына қызмет ету, ұлттық жаңғыруға ұлттық мүдде тұрғысынан үн қосу. Ақын өлеңдерін оқыған сәтте күйбең тірлік пен күрделі өмірдің еңсе басқан ауыртпалығынан біруақ босанып, сыршыл да ғажайып, жұмбақ сырлы, тылсым бір әлемге тап болғандай әсерге бөленесің. Әркімнің күнде көзбен көріп, көңілмен түсініп жүрген жайттарын Төлеужан көркем де қарапайым түрде өлең тілінде суреттеп береді. Сондықтан ақын сөзін әркім-ақ өз басынан кешіп отырғандай жылы да әсерлі қабылдайды.
Қарымды ақын Төлеужан Ғұмар өлеңдерінде тәуелсіздік жыл­дарында қоғамда көрініс алған әлеу­меттік тұрмысты, ұлт тағдырын, халық жағдайын баяндайды. Атал­ған өлеңдерінен ақынның азамат­тық тұлғасы мен позициясы айқын көрінеді.
Ойлылық ақын өлеңдерінің ішкі рухани күрескерлік сипатымен бірге жан тазалығын, адалдығын танытып отыр. Ақындық, азамат­тық, адалдық – ақынның шығар­машылық болмысын бедерлеп, дәлелдейтін ұғымдар.
Ақынның лирикалық қаһарманы ойшыл тұлға ретінде көрініс табады. Оның лирикасының басты ерекшелігі – жеке тұлғаның қарекеті, мінезі, дүниетанымы өмір шындығымен ұшта­сып, поэтикалық өрнек таба өрістеуінде деуге бо­ла­ды.
Лирикалық қаһарманның туған жері мен еліне деген махаббатында шек жоқ. Өсіп-өнген Отанының ана тілі мен салт-дәстүрін, тарихы мен мәдениетін, ел еркесі – ерлерін құр­меттейді, қастер тұтады. Лирикалық қа­һарман есейген, от­басы, ошақ қасынан біраз қа­шықтап, бір түтіннің ғана қамын ойлауды әл­деқашан ұмытып, дүйім ел, барша жұрт қа­мын ойлайтын қайраткер дәрежесіне шейін көтерілген кейіпкер.
Туған жердің әрбір тасы, орман, су, тоғайлары, үп еткен самалы, жусанды белі, ерке желі, бораны мен құйыны, бәрі-бәрі ақынның көкірек көзінен қағыс қалмайды.
Ақын «Туған жер», «Шатыр­төбе», «Далаға сыр», «Жетісу», «Мен туған ауыл», «Ақсу», «Жа­зиралы Жаркент», «Киелі Ақсу» өлеңдерін оның туып-өскен, өсіп-өнген, қызмет бабымен аралаған жерлерге арнайды.
Ұлттық таным, салт-сана дәс­түр сорабы қалайда ауыл­ға бастайды. Халықтың о бас­­тағы адамгершілік, ізгілік тұр­ғы­сындағы түсінік-пайым­дар­дың нақты көрінісі, сыртқы ық­палдарға алдырмаған, маңы­зын, мәйегін сақтаған қордалы ұясы да – ауыл. Ақын өлеңіне жүгінейік:
Ауыл деген – тәрбиенің бесігі,
Сол ауылдан өскен елдің нәсібі.
Жыламады сол ауылда жетімдер,
Қаңғымады кіріптар боп жесірі.
Ауыл-аймақ ынтымағы жарас­қан,
Сол ауылда мейірім төккен бар аспан.
Сыйластықтың сыбағасын тең бөліп,
Бір-біріне бауыр болып қарасқан.
Қазақ өлеңінің ұлттық мінезі дегенде лирикалық кейіпкердің әрбір сөзінде қазақы сезім басым болып келуі шарт. «Адалдықты қалаймын», «Қанағат», «Қасиет» өлеңдері сөзімізге дәлел. «Қанағат» өлеңінде адалдық пен тазалық, парасаттылық пен адамдық, кішілік пен кісілік, қанағат пен байлық жайлы ойлы толғамдар ұсынады.
Аласарма, азамат, аласарма,
Аласалық арлы ұлға жараса ма.
Есің кетсе, өзіңнің есең кетіп,
Көкпар етіп тартады бала-шаға, – дейді ақын, адами қасиет хақында.
Ақынның қай өлеңінде болмасын, өзіндік бейнесі, ойы, сезімі арқылы ұлттық мінез бен болмыс танылады. Қарапайым жолдарға мол сыр ұялатып, оқырманын ғажайып сезім әлеміне жетелей жөнелетін ақын өлеңдеріндегі ұлттық бояу, ұлттық характер өзіміз талдау нысанына алған туындыларындағы адамның ішкі әлеміне үңілгенде барынша айқындала түседі.
Әртүрлі тақырыпқа қалам тербеген Т.Ғұмар жырларының ішінде ерекше жырланатыны – ана тақырыбы. Ақын «Ана», «Анама», «Анаға та­быну», «Қазақ арулары», «Келіншектер», «Әже­ме» өлеңдерінде қазақ қыздары мен әйел­деріне тән мінезді ұлттық салт-дәстүріміз­бен байланыстырып жырлайды. Ақынның қай өле­ңін алып оқысаңыз да анаға деген махаббат­қа, сағынышқа толы сезімге құрылған. Ана жүре­гін ақын сағыныш сезіміне орай жырына қоса­ды. «Кір жұқтырмай ақжаулықтай арыңа, Аза­мат боп өсуге тек тырыстық», – деп жырлайды.
Қазіргі поэзияның көркемдік мүмкіндігі, бей­нелеуіш құралдардың ақын тілінде түрлене құбылуы көңіл-күй, сезім әлемін танытуда ерекше мәнге ие. Адам жанындағы нәзік иірім­дер, қым-қиғаш қақтығыстар, сезімдер тайтала­сы лирикалық қаһарман тұлғасын айқындап, мінез-болмысын бедерлеп шығарады.
Ақын «Көктем келді» өлеңінде көктемді «туған күні секілді тіршіліктің» деп суреттейді. Қазақтың ұғымындағы көктемгі жасыл шөп жайқала өсіп келе жатқан жаңа өмірді бейнелейтіндігін ақын да қоштайды. Табиғаттың қылт еткен тұстарын қағып алып, өзіндік ой өрнегіне салады, саналуан табиғат құбылыстарын үлкен суреткерлікпен бейнелей отырып, оқырманның көркемдік таным әлемін кеңейте түседі.
Қаламгер шығармашылығындағы шынайылы­лық, көркемдік тұтастық, ішкі тереңдік ақынның дүниені, болмысты танудағы талғампаздық пен жоғары талаптан туындап жатқаны ақиқат. Өнерге деген ғашық сезімі және қашанда із­денумен, өсумен, оқумен ой қууды әдетке ай­налдырған ақындық мінез менмұндалайды. Ақын жүгінің ауырлығын белі қайыспай көтере білу – туматалантқа ғана тән. Төлеген ақын сөзімен айтсақ: «Сыздаған барлық жараның аузында Ақын боп өмір кешіру оңай емес». Төлеужанның өзі де: «Елдің мұңын жүк етіп жүрегіне, Жүретіндер өмірде ақын ғана» деп, толғанады.
Төлеужан Ғұмардың ақындық поэзиясы поэ­тикалық әлемдегі ізденіс-толғаныстармен, әсер­лі тебіреністерімен, ақындық өнер жайлы қа­натты ойларымен, сезімге суарылған сыршыл сурет­терімен жұртшылықты сүйсіндірген дүниелер.
Шара ҚИЯХМЕТОВА,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік
университетінің қауымдастырылған
профессоры, филология ғылымдарының
кандидаты.

Жауап қалдыру