Қымбатыңа қызықпайтын кісі жоқ

0
132

Оразбай Байбақұлы еліміздің белгілі ақын­дарының бірі. Райымбек ауданының Жалаңаш ауылынан үлкен өмірге қанат қаққан ол ҚазМУ-дің журналистика фа­культетін бітірген соң Алматы облысының Жамбыл, Шелек, Балқаш аудандық газет­терінде, халықаралық «Шалқар», рес­публикалық «Әділет» газеттерінде қыз­мет етті. Алғашқы өлеңі 17 жасында «Ленин­шіл жас» газетінде жарық көрді. Ақын­ның бүгінге дейін жиырмаға жуық жыр жинақтары оқырманын тауыпты. Тө­менде 75-ке келіп отырған қалам­гердің бір топ өлеңдері назарға ұсынылып отыр.

Күлкімен көлгірсу – көз бояу
Жетіліп кетті ме жете тым,
Өзгермей тұра ма ұстаным.
Өзіне сендіріп өтетін,
Досыңдай көрініп дұшпаның.

Көңілге құжынап кек келсе,
Қамығып қайтеді қарт ұлдан.
Мезгілі, межесі жеткенше,
Тылсымы тереңге тартылған.

Аярлық астарлы бір ұйық,
Басқаша ойлайды бас бүгін.
Алдыңда ақаусыз жымиып,
Жасырын жасайды қастығын.
Күлкімен көлгірсу – көз баяу,
Бәрінде біледі пысығың.
Аңдыған ажалын сезбейді-ау,
Түлкімен ойнаған күшігің.

Өсекке де дарын керек
Қарымды қадірінен құн қаштырып,
Алады аңқауыңды мұңдас қылып.
Құрамын өлшеп-пішіп өтіріктің,
Барлығын жібереді жымдастырып.

Із кесіп,
Ізденсе де алмай тыным,
Ұйқымен өткізбейді балдай түйін.
Білемін жаманшылық жаудырса да,
Айызы айлакердің қанбайтынын.

Қалайша сараңдығың сақ тұрмайды,
Біреудің басындағы бақты ұрлайды.
Ақылды қорғасындай қорытпасаң,
Авторы ащы сөздің таптырмайды.

Қарыны қабыспаған…
Бойында май,
Көріп пе ең құбылтқанын ойын қалай.
Куәгер алдында да көкбеттерің,
Өтеді өтірігін мойындамай.

Тұратын бәрін естіп, бәрін біліп,
Қапыда қалдырмайтын қарымдылық.
Амал жоқ,
Қор болса да,
Керек сынды,
Өзгеше өсекке де дарындылық.

Күпірлік көлеңкесі
Салқын белге шығып алған сайдағың,
Аңқаулардан қалмай жатыр қайда кім.
Атасында алдап соққан әумесер,
Құбылады көзін іздеп пайданың.

Ашылмайды қайырымның қақпасы,
Ағалардың әңкі-тәңкі ақ басы.
Қымбатыңа қызықпайтын кісі жоқ,
Сатылады санаңыздан басқасы.

Жанымызды жаулағандай майдалық,
Анам күткен адалдықтар қайда анық.
Тұра қалған сараңдықтың сапына,
Шыға келді Шығайбайға айналып.

Маңыздыға мән бергендер мәз деме,
Ақылменен айтылатын назды еле.
Күпірліктің көлеңкесі көбірек,
Тазалыққа табынғандар аз неге?!

Қамсау емес қалыңдаған бетперде,
Ой салмасақ өкінеміз өткенге.
…Ақша мінген атақтарың аспандап,
Ардың шыңы аласарып кеткен бе.

 

Бөлісу
Алдыңғы бетСәулелі ойлар
Келесі мақала

Жауап қалдыру