Тірлікте көксегенім – іс қылу ұнамды арға

0
124

Қазақтың ақын қыздарының бірі, жас аудармашы, Мемлекеттік стипендия иегері, «Шабыт» фестиалі «Поэзия» номинациясының 1-орын иегері (2007) Сағыныш Намазшамова бұл күнде шығармашылықтың жаңа биіктеріне көтеріліп келеді. Ақынның 2007 жылы «Арыс» баспасынан «Бақыттың бағасы», 2009 жылы «Төрт бөрі» баспасынан «Сағыныш» атты жеке жыр жинақтары жарық көрді. Ақын қыз «Жұматай – жыр қағаны», Қазақ Хандығының 550 жылдығына арналған «Ел мен Ер» және басқа да республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Төменде Сағыныштың бір топ өлеңі оқырман назарына ұсынылып отыр.
Бір Прометей от әкеле жатқандай
Қара түнді жарып өтіп жасқанбай,
Шығаратын көгіме Күн, аспанға Ай,
Бір Прометей от әкеле жатқандай,
Бір Толағай тау әкеле жатқандай.

Бір керемет баурайтындай Жер үстін,
Иісі де аңқып сала берді жеңістің.
Оркестрім дирижерін күтсе егер,
Күтеді әлем найзағайын Зевстың.

Күмбір-күмбір күйге толса бар әлем,
Соған сіңіп кетер едім санамен.
Бәрі маған қарар еді аң-таң боп – 
Дүниенің ақ жүзінде қара мең.

Мең шығармын, 
мен шығармын бір нүкте,
Елеусіздеу көрінетін тірлікте.
Сол нүктеден шартарапқа тараған
Сәуле түбі оралады кіндікке.

Естеліктер жылт етеді
жоқ болып

Күллі ғалам – шет-шегі жоқ құрылыс та,
Ал өмірім – жер бетілік бір нұсқа.
Кейде тіпті күмәнданам өзіме,
Ғұмыр кешіп отырғаным тұңғыш па?

Кей сәттерді екінші рет кешірген
секілдімін.
Не сүрмегем, не сүргем!
Естеліктер жылт етеді де жоқ болып,
Ойнайды олар менің ессіз есіммен.

Көрікті боп көрінсе деп бар денем,
Айна алдында әлем-жәлем сәнденем. 
Бір өзімде екі түрлі көлеңке,
Өмірге екі келдім бе екен әлде мен?!

Құс боп ұшып, шыр көбелек айналам,
Маңайымнан сонда естимін жайдары ән.
Көрем сосын жұлдызтекті бейнемді
Аспан дейтін ең бір алып Айнадан.
Тек алаң – аспанымыз,
Тек өлең – шатырымыз.

Толтыра бермейікші,
Жүректі жиі шерге,
Білмеймін, көрінді ме
Жолымыз түйісерге.
Жаратқан тағдырымызды
Сызғанда әуел бастан,
Хатталып тұрған болар
Қадамым саған басқан.
Тірлікте көксегенім –
Іс қылу ұнамды арға,
Білмеймін, қате ме еді,
Білмеймін, кінәм бар ма?
Көзіңнің шарасынан
Шарасыз күйді көрем.
Күнәсіз некемізді
Куәсіз қиды ма өлең?
Баққа да кірдік, міне,
Бақытты жырымдап ап,
Бағалай алмадың деп
Өмір тұр қырын қарап.
Тек алаң – аспанымыз,
Тек өлең – шатырымыз.
Бар ма енді екеумізге
Айтатын ақылыңыз?
Тыңдайық…

Жауап қалдыру