«Текті сөздің төресі» анықталмақ

0
73

Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастыруымен ертең яғни 7 қыркүйекте Бостандық ауданы әкімдігінің мәжіліс залында  «Текті сөздің төресі – терме» қалалық байқауы өтпек. Оған терме орындау шеберлігін игерген 16-35 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, талантты жастарды жан-жақты көтермелеу, «жыр-терме» ұлттық жанрын жастардың арасында кеңінен  насихаттауды мақсат еткен шара аудандық және қалалық деңгейде өтеді. Аудандық байқауды аудан әкімдіктері ұйымдастырады. Байқауға қатысуға тілек білдіргендер тиісті аудан әкімі аппаратының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне өтініш береді. Аудандық байқауда бірінші, екінші және үшінші орын алған жүлдегерлер өз ауданының атынан қалалық байқауға қатысады.

Құрметті қонақ ретінде мемлекеттік мекемелердің ресми өкілдері, зиялы қауым, ғалымдар мен ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен БАҚ тілшілері, әдебиет сүйер қауым, студент  жастар мен оқушылар және т.б. шақырылған.

Байқау шарттарына сәйкес үміткерлер «Ел бірлігі», «Қазақстан халқын топтастырудағы тілдің маңызы» тақырыптарында бақ сынайды.

Байқауға қатысушылардың өнерін бағалау кезінде олардың терме орындаушылық шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, мәтінді таңдау талғамына, сахнада өзін-өзі ұстауына, киім сәніне баса назар аударылады.

Жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйақы, қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылады. Байқаудың жеңімпазы Алматы қаласының атынан  республикалық «Текті сөздің төресі – терме»  конкурсына  қатысады.

Төрткен ҚЫЗЫЛЖАР

Жауап қалдыру