Театр көбейсе, түрмелер азаяды

0
38

30 қазанда Талды­қорғанда әлемнің озық сәулет үлгісі бойынша салынған су жаңа театр ғимараты пайдалануға берілді. Осыдан екі жылдан сәл асатын мерзім бұрын кезекті театр маусымының ашылуына орай қазығы қағылып, іргетасы құйылған өнер ордасы мінеки, көрерменге айқара есік ашты.
Бикен Римова атындағы драма театрдың лентасы «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты Орталық Азия елдерінің VII халықаралық театр фес­тивалінің ашылуына орай қиылды. Биыл бұл өнер додасы Темірбек Жүр­геновтың туғанына 120 жыл толуы құрметіне өткізіліп отыр. Жаңа театрдың шы­мылдығын шаңыраққа қоныс­танған өнер иелері қазақ клас­сикасының жауһары – Мұх­тар Әуезовтың «Айман-Шол­пан» комедиясымен ашты.
«Бұл фестивальға Баш­құртстан, Түркия, Түркі­менстан, Қырғызстан, Өзбек­стан мемлекеттерінен театр ұжымдары және КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сый­­лықтың лауреаты, Қа­зақстан театрлары ас­со­са­­циясының төрағасы Аса­нәлі Әшімов бастаған қа­зылар алқасы мүшелері қатысып отыр. Сонымен қатар, аталмыш өнер додасы көрнекті мемлекет және қоғам қай­раткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтің 120 жылдығына арналып отырғаны да ұрпақ сабақтастығы деп есеп­теймін», – деді Алматы облы­сының әкімі Амандық Бата­лов театрдың ашылуы сал­танатында.
Жаңа театр Талдықорған қаласының 7-ықшам ау­данында бой көтерді. Екі қабаттан тұратын ғима­раттың жалпы ауданы 10 538 шаршы метр. Көрермен орны 550 адамға лайықталған. Жалпы құны – 4,3 млрд теңге.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың 12 қазан күні театрдың алғашқы қазығы қағылған кезде Амандық Ба­талов заманауи драма театрды Жетісу төрінде салуға Елбасының өзі қолдау білдіргенін айтқан болатын. «Театр көбейсе, түрмелер азаяды», – деген екен Шерхан ағамыз. Қала қонақтары мен талдықорғандықтар театр ғимаратының ашылуын үлкен қуанышпен қарсы алды.
Самал Қабышева

Жауап қалдыру