Тарихы терең жазиралы өңір

0
173

Дана халқымызда мән-мазмұны, деңгейі жағынан астасып жататын әрі халықтың көкейінен шығатын мәдени-көпшілік шаралар мен мереке-қуанышты өткізгенде «Сабақты ине сәтімен» дегендей, мынау бір жақсы дүние болды ғой» деп жылы лебіз білдіріп қоятыны бар еді. Міне, осындай тәлімі толымды, өскелең ұрпаққа берер үлгі-өнегесі мол қос шара Жаркент өнірінде өткізілді.
Тарихтың тарлан беттері­нен ойып тұрып орын ала­тын Ұлы Жібек жолы­ның бойындағы жазиралы Жаркент өңірінде елі мен жерінің қасиетін ардақ тұтып, ха­лықтың құрме­тіне бө­ленген азаматтар бар­шы­лық. Со­­лардың бірі әрі бірегейі – Жетісудың жезтаң­да­йы атанған, табиғат ана сыйлаған ұлттық реңкі жау­һар үнімен «қоңырқазға әуелетіп ән қосқан», ұлттық өнері­міздің марқасқасы, Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышев. Өнер иесі қазақтың ән өнеріне жаңа екпінмен келіп, бұл салаға өзгеше әуезді ән қосқан талантты тұлға. Ол әнші ғана емес, жүзден астам ән жазған сазгер.
Осыған орай, Панфилов ауданының орталығы Жар­кент қаласындағы «Өнер мектебі» мемлекеттік ком­муналдық қазыналық кәсі­порнына Қазақстанның ха­лық әртісі Дәнеш Рақы­шевтің есімі берілді.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Темірлан Бектасов киелі жерден нәр алған, болашақ ұрпағына сазды әндерін тарту етіп, Жетісудың бұлбұлы атанған Дәнештей ағамызды бүгінгі жас ұрпақ қастерлеп, оның ұлттық өнеріміздің дамып өркендеуіне қосқан үлесі жайлы білуі қажеттігін көпшілікке жеткізді. Сөзінің соңында өңір басшысы өнер мектебінің директоры, әншінің қызы Гүлнар Дәнешқызына киелі домбырамен қатар арнайы сый-сияпаттарын да табыс етті.
Одан кейін сөз алған Қазақ­стан мемлекеттік сый­лы­ғының иегері, Панфилов ауданының Құрметті азаматы, жазушы, тарихшы Бексұлтан Нұржекеұлы Дәнеш Рақышев қазақтың ән өнеріндегі еңбегін жоғары бағалай отырып, оның артында қалған ән мұрасы үлкен зерттеуді қажет ете­тіндігіне жан-жақты тоқ­талды. Сонымен бірге, ән саң­­лағының есімі өзінің туған то­пырағындағы өнер мек­те­біне берілуі ұлттық мә­де­ниетімізді дамытуға жасал­ған игі қадам екендігін атап өтті.
Мерекелік шарада өнер мектебінде тәлім алатын балалардың ата-аналары атынан Ғалия Ниеспаева сөз алып, ақжарма тілегін арнады. Ал, Д. Рақышев есімі беріліп отырған өнер-білім ордасының директоры, әншінің қызы Г. Рақышева өнердің құдіретіне бас иетін халық жанашырлары барда халық әртісінің есімі өшпейтіндігін айтып, аудан мәдениетінің гүлденуіне ауқымды үлес қосып, жана­шырлық танытып жүрген аға буын өкілдеріне шынайы ризашылығын білдірді.
Д. Рақышев атындағы өнер ордасының маңдайшасына ілінген тақтайшаны ашу лентасын аудан әкімі Т. Бектасов, тарихшы Б. Нұржекеұлы және Д. Рақышевтың шәкірті, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының аға оқы­тушысы Нұржан Жанпейісов қиды. Мерекеде мектеп оқушылары өз өнерлерін тарту етті.
Одан кейін аудандық Мәдениет үйінде аудан әкім­дігінің қолдауымен «Ұлы даланың жеті қыры»: Туған жер. Өлкетану. Тарих. Мәдениет» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Бұл тарихи тағылымы мол басқосу «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларға сәйкес қазақ даласының, соның ішінде туған жердің тарихы мен мәдениетін насихаттап, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, өлкетану бағытында зерттелмеген, ашылмаған жаңа деректерді іздестіріп, табу жолдарына арналды.
Айтулы жиынға Бексұлтан Нұржекеұлы бастаған елі­міздің әр түпкірінде еңбек етіп жүрген Жаркент же­рінің азаматтары, аудан тұрғындары, мемлекеттік органдар мен көркем-өнер, әлеуметтік жә­не ғылыми-зерттеу ұйым­дары­ның, шығар­машылық орталықтардың, қаламгерлер, белгілі кәсіпкерлер, өнер мен мәдениет саласының және бұқаралық ақпарат құрал­дары­ның өкілдері қатысты.
Конференцияны аудан әкімі Темірлан Бектасов кіріспе сөз сөйлеп ашты.
«Туған өлке тарихын тану, тарихи жәдігерлерді сақтау, келешек ұрпаққа жеткізу жолдарын қарастыру» тақыры­бындағы негізгі баяндаманы жазушы, тарихшы Бексұлтан Нұржекеұлы жасады.
Одан соң мінбеге айтулы суретші Байтұрсын Өмір­беков, тарихшы Қали Ибра­йым­жанов, Алматы облы­сының мәдениет, архивтер және құжаттама басқар­масы­ның бөлім басшысы Гүлмира Қалқабаева және бас­қа да зия­лы қауым өкіл­дері кө­теріліп, шекаралы аудан­ның тарихы терең, қойнауы кенен екенін алға тарта отырып, оған білікті мамандардың қаты­суы­­мен кешенді зерттеу жұмыс­­тарын жүргізу, сан ғасыр­лыр қатпарында жатқан құнды­лықтарды тауып, оларды жинақ­тау, бір жүйеге келтіру жөніндегі ойларын ортаға салды. Жаһандану дәуірінде ұлттық мәдениеттің жетістіктерінен көз жазып қалмай, оны жоспарлы түрде әрі қарай дамыту және насихаттау жұмыстарын үздіксіз жүргізу қажеттілігі де айтылды. Қолға түскен барлық ұлттық құн­дылықтарды жинақтап, оны халық арасында насихаттау, өңірдің қадір-қасиетін өскелең жас ұрпақтың бойына сіңіру, оларды отансүйгіштікке баулу мақсатында арнаулы мұражай ашу жағы да жан-жақты сөз болды. Шара соңы өнер саласында жүрген жаркенттік өнерпаздардың мерекелік концертіне жалғасты.
Сондай-ақ Көктал ауы­лын­­дағы Абай атындағы орта мектептің алдына қазақ­­­­тың ұлы ойшылы, ақын Абай Құ­нанбаевтың ескерт­кішін ашу салтанаты ұйым­дас­ты­рылды. Ұлы Абай­ға ар­налған ескерт­­кіш «Қор­ғас» Шекара маңы ынты­мақ­тастығы халық­аралық орта­­­лығының президенті Каһар­­­ман Джазинның бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында бір­қатар инвесторлардың көме­гі­мен бой көтерген.
Бұл – келесі жылы аталып өтілетін Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына арналған ерекше тарту болмақ.

Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ.
«P&H»
Алматы облысы
Жаркент қаласы

Жауап қалдыру