Тарих – тамыр, тіл – тұғыр

0
137

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Қазақстан халықтарының тілдер мерекесіне арналған «Тарих – тамыр, тіл – тұғыр» атты іс-шарасын өткізді.

Қазақстандықтар жыл сайын Қазақстан халықтарының тілдер мерекесін атап өтіп келеді. Тіл қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар қоғамның рухани өзегі, халықтардың тарихы мен мәдениетінің негізі.

Қазақстанда мемлекеттік тілді жылдам үйренудің көптеген жаңа әдістемелері дайындалуда. Қазақ тілін өзге ұлт өкілдері де белсенді түрде үйреніп, меңгеруде. Бірақ көптеген мектеп оқушылары, студенттер, кәсіпкерлер мен қызметкерлер қазақ тілін үйренудің тиімді курстарын іздеуде.

Аталмыш іс-шарасының мақсаты – Қазақстан аумағында тұратын өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттау, ұлттық құндылықтарға, мәдениет пен тарихқа деген құрмет сезімін тәрбиелеу.

Іс-шарада Алматы қалалық әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы – Бақыт Әбиірұлы, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры – Райхан Сахыбекқызы, ҚР МОМ Антропология және этнография орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор – Нұргелді Уәлиге және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, филол.ғ., докторы, профессор – Серік Асылбекұлы алғысөзбен мінбеге шықты.

«Тарих – тамыр, тіл – тұғыр» атты іс-шара шеңберінде LC SKADA тіл орталығы өкілдерінің презентациялары тыңдалды. Шара соңында барлық келуші қауымға арналған тегін экскурсиялар жүргізілді. Сондай-ақ Алматы қаласының №4 гимназия, №14, №96, №58 жалпы білім беретін орта мектеп оқушыларына арналған сөзжұмбақтар, интеллектуалдық ойындар мен интерактивті тақташалар ойнатылды.

Оқушылардың тарихқа деген танымын арттыру мақсатында этнографиялық парақшалар таратылып, қазақ халқының киіз үй жабдықтары мен қазақ қызының ұлттық киімін ойлап табу тапсырмалары берілді. Ойын нәтижесінде, жеңімпаз мектеп оқушыларына музейден арнайы естелік сыйлықтар табысталды. Оқушыларға арналған ойынның екінші бөлімінде жоғары сынып оқушылары үш мектепке бөлініп, кілем, алаша, текемет қазақ халқының кілем түрлерінің суреттерін салып, оны жіті талдап берді. Бұл балалардың ұлттық танымы мен дәстүрлі мәдени құндылықтарына деген сауаттылығын көрсетті.

Аталмыш шара музейге келуші қонақтарға әсіресе, жас буынның есінде ұмытылмастай болып қалды. Жетекшілік еткен мектеп ұстаздары да музей педагогтарына ризашылығын білдірумен болды.

«Тарих – тамыр, тіл – тұғыр» атты іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Әйгерім ИМАНҒАЛИЕВА

ҚР Мемлекеттік орталық музейі

Мәдени-білім жұмысы орталығы

Жауап қалдыру