«Тұранның тарихы бар отты желдей»

0
285

«Тұранның тарихы бар отты желдей»
Қазақ руханиятының жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың таланты мен мұрасы сан қырлы. Ол ұлт тарихын, оның іргелі оқиғалары мен тұлғаларын зерделей ұлықтауға, өткеннің тәжірибесі мен тағылымын қоғамдық санада ұялатуға мол олжа салған ой иесі. Шығармаларында кемесі Қазығұртта қалған Нұқ пайғамбардан, сақтардан соққы жеген Ескендір Зұлқарнайыннан ХХ ғасыр Гомері атанған Жамбылға дейінгі аралықтағы үдерістер мен өзгерістер әдеби-көркем, тіпті тарихи-философиялық тұрғыдан суреттеліп, әрісі – түркі, берісі – қазақ қоғамының ілгерілеуі мен іркілісі, халықтың басынан өткен қайғысы мен қуанышы поэзия шыңынан баяндалған.
Ханкелді Әбжанов,
ҚазҰАУ «Рухани жаңғыру» гуманитарлық
зерттеулер орталығының жетекшісі,
ҰҒА академигі
Теңіздің дәмін бір тамшысынан-ақ білуге болатыны тәрізді, М. Жұмабаевтың тарихи көзқарасын шағын өлеңдерінен де байқау қиын емес. Дегенмен тап осы мәселеде ақынның тарихқа көзқарасы көлемді шығармаларында жан-жақты көрініс тапты. Әсіресе «Қорқыт», «Батыр Баян» поэмаларының маңызы ерекше.
Бұл поэмаларды жазғанда жасы 30-ға да толмаған еді. 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейінгі ресми тарихнамада патшалар, королдер, императорлар тарихтың иесі ретінде насихатталса, большевиктік билік тұсында ол орынға жұмысшы табы, қаналғандар қондырылды. Жүйелік және идеологиялық төңкерістің мәнін біле тұра, М. Жұмабаев тыңға түрен салды. Егер шежіреде, ауызша тарихта, Алаш зиялыларының еңбектерінде тарих үдерісін барша әлеуметтік қауымның әрекетімен ашуға басымдық берілсе, енді актерлардың, яғни қатысушылардың қатарын басқаша түзді.
1923 жылдың басында «Шолпан» журналында жарияланған «Батыр Баян» поэмасының бастапқы жолынан-ақ ел тарихының мүлде басқаша дәуіріне қадам басқанымызды байқата алды. Ел мен ердің басына апат төнгені, заманның тынысы тарылғаны ашық айтылды. Біздің ойымызша, бұл ескерту Ш. Уәлиханов «жантүршігерлік», «қанды қырғын», «жаугершілік» деп атаған XVIII ғасырға ғана қаратылып тұрған жоқ. Әңгіме – тоталитарлық қыспақтың бел алғанында, шығармашылық еркіндік адыра қалғанда, болашақтың бұлыңғыр тартқанында. Осының бәрін автор жүрегіне жақын қабылдайды:
Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,
Сұм өмір абақты ғой саналыға.
Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп жанады да.
Табиғатқа, Ұлы далаға сүйіспеншілігін жауһардай жырларымен жеткізген ол ұлттық тарихты көзсіз әспеттеуге ұрынбайды. Тарихтың қадір-қасиетін елінің азаттығымен, азаматтардың егемендігімен бағалайды.
М. Әуезов «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты мақаласында М. Жұмабаев шығармашылығын сыршылдық романтизмге жатқызғаны белгілі. Тарихи көзқарасына байланыстыра айтсақ, оған оптимизм тән. Өйткені тарихты рухы, интеллектуалды әлеуеті күштілер жасайтынына сенді. Тарихтың көшін Қорқыттың, батыр Баянның балалары ілгерілетуі міндетті емес, оларды ауызға да алмайды, тұлғалардан мұраға қалған үлгіні, өнегені, жолды, тәжірибені қымбат санады.
Тарихтағы қоршаған ортаны игеру, қоғам мен табиғаттағы үйлесім адамнан, адамның кемелденуінен, сезім, ес, санадан бастау алады. Интеллектуалды ізденіспен дүниеге келген қобыз, қобыздың сарыны, Қорқыттың зары, ойлы ұрпақтың сапқа тұруы – бәрі тыныштығынан арпалысы басым, бірде сайран, бірде ойран мына дүние, өткені мен келешегі адамға, сананың жасампаздығына тәуелді деген тарихи пайым-тұжырымын М. Жұмабаев поэманың ең соңғы шумағына былайша сыйғызған:
Өмірде арманым жоқ Қорқытқа ерсем,
Қорқыттай жанды жаспен жуа білсем.
Жас төгіп, сұм өмірде сарнай-зарлай,
Құшақтап қобызымды көрге кірсем!…
Бұл күйректік емес. Күресе білуді, шығармашылықты, жасампаздықты асқақтату. Бәріне Қорқыт түрткі болды. Тұтастай алғанда, тарихқа антропоцентризм позициясы тұрғысынан келді. Әрине, оны этникалық, елдік мүдделермен, табиғат үйлесімімен ұштастарды.
Қорқыттың қазақ топырағында дүниеге келгенін меңзей отырып, ол бүкіл түркі әлеміне ортақ тұлға екенін бірінші орынға қояды. Ақын жолдарымен айтсақ:
Сол күнде бір ер бопты алты алашта!
Қаны бір қалың елмен, жаны – басқа…
Қорқыт деп қойған екен ердің атын,
Оңған ел ер деп атар азаматын.
Тарихи көзқарасы мейлінше терең ашылған «Батыр Баян», «Түркістан» шығармаларында табиғат, мемлекет, билік, билеуші, ішкі-сыртқы саясат, халықаралық қаты­настар, азаттық сынды іргелі-іргелі құндылықтар эво­люциялық және динамикалық күйде суреттеледі. Екеуінің де композициялық құрылымы тарихшыларды ойлантуы керек.
Жер мәңгілік құдірет болса, адамдар соның бетіндегі қонақ қана және алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер болып үздіксіз алмасып жатады. Міне, осы тарихқа тұғыр жерден кейінгі құдіретке «Түркістанда» Қасым, Хақназар, Есім, Тәуке, Абылай, Кенесары хандар аталған. Әсіресе Абылайға құрметі ерекше. «Батыр Баянда» XVIII-ші ғасыр билеушісі мен Ордасы, немесе мемлекеттің астанасы үлкен шабытпен жырланады.
Қабірінен әулиенің Алашқа артық,
Ертеде Абылайға Орда болған ағаш.
Ордасын сол ағаштағы Абылайдың,
Меккедей тәуеп қылған тамам Алаш, – деген жыр жолдарынан шығатын қорытынды мынада: біріншіден, зайырлылықты діннен жоғары қояды. Мемлекеттің діннен бөлек екенін білдіргені; екіншіден, мемлекеттің астанасын сакралды қала мәртебесімен ұлықтайды. Ақынның идеясын бүгінгі Елордамыз Астанаға қасиетті қала мәртебесін берумен жүзеге асырсақ, ешкім ұтылмас еді; үшіншіден, халық, билік, билеуші арасындағы бірлік пен ынтымақты азаттық пен ұлттық қауіпсіздіктің негізі ретінде насихаттайды. Бұған тәуелсіздіктің арқасында әсте көзіміз жетіп отыр.
Поэмада 1723-ші жылғы «Ақтабан шұбырындыдан» бері қазақ қоғамына қауіп-қатер сырттан – Ресейдің, Қытайдың, Жоңғардың тарапынан төнгенін еске салған. Бұл да күмансіз шындық. Сол кезде ел қорғаған, жаудың бірін шауып, бірін арбаған Абылайды батыр, дана бейнесінде көрсетеді. Ал қалмаққа соңғы рет ойран салмақ болып, «Аттан!» деген ұран көтергенде Абылай биліктің ұшар шыңындағы хан екенін ауызға алады:
Ханынан «Аттан!» деген сөз шыққан соң,
Ордаға батыр, билер келді аңдап, – деген жолдардан кейін жиырмадай би-шешеннің, батырдың есімдері аталып, ерліктері, ру-тайпалары баяндалады. Бір қызығы – Бұқар жырау да, Ш.Уәлиханов зерттеулерінде де ХVІІІ ғасырдағы әйгілі жиырмаға жуық батырдың есімі мен ісі алға тартылады. «Батыр Баянда»:
Шаң–бұлт, бұлт–шаңға айналған соң,
Атаған ерлер жолын деп: «Шаңды жол»,
сияқты нақты дерек бар. Қалмақ қоңтайшылары Ұса, Церең аталады. Міне, қазіргі ғылымға мәлім осы екі ақиқатқа сүйеніп, оқиға 1771 жылы орын алған «Шаңды жорық» екенін білеміз. Жазбаша, ауызша деректер, ғалымдар «Шаңды жорықтың» қыста басталып, жаз ауа аяқталғанын, оның барысында Еділден шығып, Ата қонысына жылжыған 200 мыңға жуық қалмақ қазақтардан ойсырай жеңіліп, 10-15% ғана Қытай аумағына өткенін дәйектейді.
Қысқасы, М. Жұмабаев тарихи оқиғаның барысын, нәтижелерін дәлме-дәл жеткізген. Бір өзенге адам екі қайта кіре алмайтыны тәрізді, өткен тарих та қаз-қалпында қайталанбайды. Сол себепті оның жұмбағы мен құпиясына оймен ғана бойлауға болатынын ақын оқырманның қаперіне салып отырады. Адам факторына басымдық берілуінің бұл да бір белгісі. Тарих із-түзсіз жоғалмайтынын, қайта уақыт пен ұрпақтар дәнекері екенін, оның қойнауында салт-дәстүр, менталитет, ұлттық код қалыптасқанын ерекше жырлайды. Мәселен, батырдың інісі Ноянның қалмақ қызы құрған қармаққа түсуін ақылсыздықтың, екі жасты Баянның өлтіруін ашудың ісі деп тиянақтайды. Дала демократиясы мен әдебі сақталғанда бәрі басқаша өрбір еді. Ноян өз қателігін кеш түсінгенін бекерлемейді:
Бір күлді балдырғандай Ноян бала,
Ашылған шешек жарып гүлдей жаңа.
Еріксіз сотқарлығын кешіретін,
Еркелеп ерке ұландай күліп қана.
Бірақ батырдың бойын ашу билеп кеткен еді. «Лап етіп сөнген шамдай ақыл өлді».
Ес жинау оңайға түспеді. Таң ата бере, сәуле мен қараңғылық араласқан шақта «жеңіліп қараңғылық жылжып қашты». Екі жаннан айрылған қаралы ер орны толмас қателік жібергенін енді ұғып, аз ғана Уақ елінен, Абылайдан, алты алаштан кешірім сұрайды. Түптеп келгенде, бұл тарихтан сұраған кешірім еді. Осыдан кейін ғана қайғы басқан жер күрсінді, өксіп-өксіп жел жылады, таң да жерге күміс сәуле шашты.
Қорыта айтсақ, М. Жұмабаевтың ұлт тарихына құрметі әрі сындарлы көзқарасы Қорқыт, Абылай, батыр Баян тәрізді тұлғаларымызға ғана емес, төл тарихымызға да мәңгілік ескерткіш сомдауына жетеледі. Атақ-дәреже қуған жоқ, қазынадан қаржы дәметпеді, тіпті шығармаларын алаңсыз жазуға да жағдайы келе бермеді. Ол Қазақстанның ертеңіне сенді, туған халқының алдындағы перзенттік борышын риясыз атқарды.
«Тұранның тарихы бар отты желдей» деп жазған екен М.Жұмабаев. Бұл сөздер бүгініміз үшін де көрегендік һәм кемеңгерлік болып шықты. Мұндағы «Тұранның» құрамдас бөлігі – Қазақстан. «Отты» – кеңестік қара түнектен құтқарған азаттық. «Желдей» – ілгері кеткендерге жетіп, ең дамыған елдер қатарына енуді көздеген ұлттық жобамыз «Қазақстан – 2050» мен ұлттық идеямыз «Мәңгілік ел». «Бар» – сөзінің мағынасы өте терең. «Бәрінен де жоқ жаман» деген ғой халқымыз. Ендеше, халқын жамандықтан қорғаған тілек бұл. Ең соңында айтарымыз: тарихымыз жаңғырмай рухани жаңғырудың елесін қуумен ауа қармаймыз. «Тұранның тарихы» – болашаққа бағдар.

Жауап қалдыру