Сыздық Боқайұлы туралы сөз

0
91

Сыздық Боқайұлы туралы сөз
Қызылорда облысы, Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің 1982 жылғы 22 ақпандағы санында мынадай қазанама жарияланды: «1931 жылдан КПСС мүшесі Сыздық Боқаев 89 жасында дүниеден қайтты». Аудандық партия комитетінің 1-секретары О. Бәйімбетов бастап, бюро мүшелері қол қой­ған қазанамада оның 1893 жылы Перовск уезі, Переченск болысы, Керделі ауылдық советінде шаруа семьясында дүниеге келгені, алғашқы еңбек жолын колхоздастыру артелін ұйымдастыру кезеңінен бастағаны айтылады. Оның іскер коммунист екені ерекше атап көрсетіледі.
Қуандық Түменбай,
жазушы

Иә, бұл Сыздық Боқай­ұлының толық өмірбаяны емес. Бала күнінде екі жас үлкен ағасы Ыбырай екеуін әкелері төте оқуға береді. Сыздық арабша жазылған әріпті қағып алады, Ыбырай болса, кең далаға ойлы жүзбен көзін жыпылық­татып қарайды да отырады. Үш күннен соң: «Осының маған керегі не, сен оқы, мен ауылға барып кетпен шабам» деп, күн бата інісін тастап, сытылып кетеді. Оның түсіне кетпен аян бер­ген еді. Бақытын да кет­пен­нен тапты. Бұл – ел-жұртқа белгілі әңгіме.
Сыздық болса, төте оқуды бітіріп, шаруашылық жұмы­сына араласты. 1929 жылы колхоздастыру кезе­ңінде ау­дандық партия коми­тетінің 1-секретары Шушанян деген армян аза­маты «Қызылту» колхозы – қазіргі Ыбырай Жа­қаев ауылының қадасын қағар­да: «Боқаев жолдас, ара­мыздағы жалғыз партия­ға кандидат өзіңіз екенсіз, сіз не айтасыз?» дегенде, «Еңбекке шықсақ, қызыл ту ұстап шығамыз, соғыс­қа шықсақ, қызыл ту ұстап шығамыз, кеңсе­міз­дің ал­дында қызыл ту жел­бі­реп тұрады, колхоз­дың аты «Қы­зылту» болсын» де­ген­де, «Онда «Қызыл­тудың» төрағасы өзіңіз бо­ласыз» дейді сенім артып. Со­ны­мен, «Қызылту» кол­хозы өмірге келді. Шиелі кана­лы – «Дәу канал» қа­зыл­ды. Ыбырайдың аты шық­ты.
Каналды қазу оңайға түс­песе, адамның үстінен адам жазған арыз – шағымның шындығын дәлелдеу де оңай­ға түспеді. Өмір шіркін­нің көзімен қарасақ, бұл – басқа ұлттармен салыстыр­ғанда біздің қанымызға сіңген бір оғаш қасиет екен. Д.А. Қонаевпен көп сөй­лес­тім, Ыбыраймен ағалы – інілік сыйластығы жайлы көп жаздым. Сонда бірде Димекең: «Ыбекең жетпісінде екінші Жұлдызды тағуы керек еді, сенің ауылыңның күңкілі көп болды», – деді миығы тартып. Бұл да шежіре кісінің өмірде көзбен көріп, қолмен ұстағанын сыз­дықтатып сыр ғып жеткізуі еді.
Сол кезде Ыбырай ұңғысы тостағандай кетпенімен топы­рақты үн-түнсіз жаға­ға атса, оның үстінен жа­зыл­ған арыз-шағым да қара то­пырақтай қаптады. Сон­да­ғысы – Боқаев тек өз туған-туысын тартып, көтермелеп жатыр деген қазақы әуен. Оу, Ыбырайдың жалғыз баласы Ақылбек сұрапыл соғыста опат болды деген қаралы қағаз келді. Оған кеудесіне таққан темір не керек? Қырық бірінші жылы өкімет берген Еңбек Қы­зыл Ту ордені ғой жұрт­ты ашындырып, айызын қан­дырып жүрген. Облыстың бас агрономы Әнес Алтын­беков арыздың «кейіпкерін» арнаны жағалап жүріп сырттай бақылап, көргенін бюрода баян етті. «Кетпен шабудан басқаны білмейтін біртүрлі адам, түскі асқа да зорлап шығарғандай боласың. Жұрт топырақты зембілге салса, ол бірден жағаға атады. Тек топырақ­пен тілдескен бір құпия дүние. Егер Жақаев деген осы болса, онда Шиелі каналы да осы дер едім», – деді нық сөйлеп. Көкөрім Сар­тай Маханбетова, За­һира Ержанова, Ұлбала Ал­тайбаева, Шырынкүл Қа­зан­баева, Бибіхан Түменбаева, Рабиға Жүсіп­ова, Мәрияш Қарабаева Ыбырайдың қасында жүрген қолының қаруы бар қыз-келіншектер еді. Олар көк көзі зәр шашып Сыздық келе жатқанда «Кө­кем келе жатыр» дегеннен басқа ештеңе айтпайды, тек кетпен сабын қыса ұстап, нық сермейді. Олардың атын шығарған да Сталин заманының қатаң тәртібі мен тазалығы еді.
«Қызылту» колхозы өр­леді, миллионер шаруа­шылық атанды. Сыздық пен агроном Әнес Алтынбеков Ыбырайдың еңбектегі алтын тұғыры болды. Сыздық орыс­ша оқып, сауатын ашып, кейіннен Мәскеудің Жо­ғары партия мектебінің курсын тәмәмдады. Өндіріс бригадирі, ауылдық совет төрағасы, Шиелі аудан­дық партия комитеті кадр­лар бөлімінің бастығы, Жаңа­қорған аудандық советі ат­қару комитетінің төраға орынбасары болды. Ол шәкірт тәрбиеледі. Соңынан ерген Социалистік Еңбек Ері Байдүйсен Оразов, Ленин орденінің иегері Қойшыбай Оразымбетов, шаруашылық басшысы болған Жәлел Қонаев, Байтілес Жүсіпов, Жантөре Түгелбаев, тағы басқаларды өзінің қатаң талабымен қатарға қосып, тізгін ұстауды үйретті.
Атам әңгімешіл еді. Сөз­ді баяу бастап, баппен айтатын. «Шежірені білген дұрыс, бірақ оны еңбек етуге, өмір сүруге қолданбау керек» дейтін. Оның аста­рында көп сыр жатыр. Ке­зінде «Еңбекші» ауылы құ­ры­лып, «Қызылтудан» көшкен тәуірлер атқа мініп, «Көдрекепті» (Кудря бауы) кесіп өтіп кеп, әңгіме тың­дайтын. Ауылдағы інілері: Ибрагим Шоқаев, Қой­шыбай, Әлиакбар, Қал­ды­бек, Шүкән, Бектөре, Жан­төрелер ақыл-кеңес алы­сатын. Ара­сында ұрсып та алатын. Ұрыс­қанда сы­пайы сөзбен сипап айтып, аға­лығын алға салатын. Екі жас үлкен Ыбы­райды әркез алда ұстап, құрмет көрсететін. «Әуелі Ыбекеңе барыңдар» дейтін. Ол кісі: «Сыздық біледі» деп, келгендерді кері қайтарып жіберетін. Екеуі ағалы-іні­ліктен өлгенше ажы­ра­ма­ды, ағасын сыйлау­дан мүлт кеткен жоқ.
Боқай баласы рахымы күшті жан еді. Кісіге жақ­сылық істеуге дайын тұ­ратын. Оның жақсылығын көріп, өмірден өз жолын тап­қандар аз емес. Қаталдығы мен қайырымы қатар жүре­тін қаһарлы адам Ста­лин дәуірінде қырқым науқанында жүн ұрлаған сорлыға екі талап қояды – «не сотталасың, не болмаса ел асып, көшесің» дейді. Елдің бетін көрмей тәжік асып кеткен сұғанақ «кемелденген социализм» кезеңінде ғана қайта оралып, жат жұртта ұрпақ өрбіткен қамқорлығы үшін қаһарлы адамның аяғына жығылып, басын иеді. Сондағы айтқаны бір-ақ ауыз сөз – «Тұқымың ұры болмасын» депті. Ал соғыстан өтірік мылқау боп келген ел адамына «Жаның басқадан артық па еді?!» десе де, өгіз арба айдатып, қара жұмысқа аямай салды. Жауды жеңгесін: «Түркістанға үш күн түнеп, сайрап кел, сені Құ­дай өзі жазалайды» деді жәймен ғана. Үш күн емес, бір күнде Тәңірінің құдіретіне таңғалып, аузы-аузына жұқпай сөйлеп келген ол менің мәңгілік кейіпкерім болды. Қазақстан емес, ағылшындар біздің ауылдың өлімді осылай жеңген адамымен беттесіп, кейіпкерге де, авторға да тәнті болғанын Стокгольмде өткен Халықаралық әдеби байқауда проза номина­циясы бойынша бәйге беріп тұрып, ағылшын жазушысы атап айтты.
Әкемнің тағдыры жеңіл тағдыр емес, әдеби теңеу­мен айтсақ – драма. Түзу шыққан түтіннің, гүрілдеп тартқан пештің аяқ астынан өшіп қала беруі де оңай емес. Бір емес, екі емес, тоғыз рет қайталануы да адам жанын тілгілемей қой­майды. Жер таныған диқан, ауыз әдебиеті – құй­тырқы сөздің сарабдал саң­лағы, Социалистік Еңбек Ері Байдүйсен Оразов тағы бір жеңгесі дүниеден қайтқанда таң атпай келіп: «Аға, сіз осы қатынды қалай өлтіресіз, соны білейін деп ерте кеп тұрмын» деуі, елге тарап кетсе де, бұл сөзде адамның қиын тағдыры, қасында тұрған азаматтың жан күйзелісі жатыр. Сталин за­манындағы тар кезең­де басқа түскеннің бәрін жеңе отырып, еңбектен бір сәт қол үзбеген адам­ның қайсарлығы нағыз қай­сар­лық емес пе?! Әкем­ді әркез Шолоховтың сол­дат Соколовына, Ә. Нұр­пейі­совтың Жәдігеріне, Дос­тоев­скийдің князь Мышкиніне теңеп отырамын. Оны Хэмин­гуэйдің «Шал мен теңізіндегі» қайық есіп оты­рып балаға ақыл айтқан Шалға да ұқсатамын. «Адам­ды өлтіргенмен оны жеңе ал­майсың» деген Шалдың сөзі де құлаққа күңгірлеп естіледі. Сыздық та бәрін мінезбен жеңген адам.
Маған атам бірде: «Агро­ном болсайшы. Ыбырайдың дәнмен аты шықты, жерді баптағанға не жетсін», – деді сыр тартып. Мен болсам, бұра тартып, әдебиет әле­міне қарай ойысып кеттім.
Кірпияз адам атақ-даңққа да кірпияз мінезбен қарады. Жұртқа орден тағып, өзі рахаттана қарап тұратын. «Еңбегінің жемісі ғой» деп күбір еткенін талай естідім. Сонда біреудің еңбектен ләззат тапқанын көріп жаны рахаттанатын. Баласы Бал­табек: «Настольный са­ғатыңыз жүріп тұр ма?» деп әркез әзілдейтін. Ол өкі­меттен алған жал­ғыз марапаты – үстел саға­тының тық-тық еткен үнін естіп, тоқсан жасады. Ше­жіре адамға өмірде ар­тық сияпаттың керегі де жоқ еді. Оның сияпаты – көзкөр­ген­дердің айтқан алғысы мен «Осындай біреу болып еді» деп, тамсана еске алуы. Көшеге есімін беріп, рухани жаңғыру аясында арда­гердің атын атап, құрыл­тай өткізген аудан әкімі Әшім Оразбекұлының жаңа бастамаларына қолдау көрсетіп, қолтықтан демейміз.
Осыдан 79 жыл бұрын ша­ңырақ көтерген «Қызыл­тудың» Ыбырай бастаған ардагерлері аз емес. Олар: бүгінгі басты кейіпкеріміз Сыздық Боқайұлы, Ибрагим Шоқаев, Қойшыбай Оразым­бетов, Нысан Шағырбаев, Ералы Түменбаев, Жантөре Түгелбаев, Әлиакбар Әбі­шев, Бегмаш Әшірханов, Жұмабай мен Серікбай Бегалиев, т.б. 1961 жылы әні мен сөзін Серікбай Бегалиев жазған, бір кездері Сыр өңірінің гимніне айналған «Қызылту вальсі» әнін қайта тірілтіп, ауылда әдеби-сазды еске алу кешін ұйымдастырса ешкім де «қой» демес еді, қайта қос қолын көтеріп құптар еді. Ауыл мен ауданның 90 жылдығы да осы шараның сыр-сипатына дәл келіп тұр, бәрінің төбесінен руха­ни жаңғыру деген үлкен бағдарлама қол бұлғайды. Ардагер азайып барады, біз олардың сөзін естіп қа­луымыз керек. Халық Серік­байды сағынады, «Қызыл­ту вальсін» ыңылдап айтып жүреді, оны оң құлақпен тыңдайтын жанашыр жүрек пен азаматтық керек.
Ш. Айтматовтың нивх хал­қының өмірі­нен жаз­ған «Теңіз жағалай жү­гір­ген тарғыл төбет» атты шығармасында ұрпақ ал­масу сөз болады. Қос жет­кіншегін қайыққа мінгізіп, өмір үйретуге шыққан Орган қарт: «Адам – ой-дүниесі ғой. Ал, адам көзі жұмыла кетсе, оның ойын келесі біреу жалғап әкетпек, одан тағы келер ұрпақ ұласар, содан солай кете бермек… Осы ащы ақиқатқа көзі жеткен қарттың жаны жай тапқандай болды» дейді. Иә, Боқай баласының да ойын, орындай алмаған арманын біздер жалғап отырмыз. Біз­дің ойымызды тағы біреу жалғар. Біздің мақсат – біл­діру. Кейінгі ұрпақ «Білмедік, айтпадыңдар» деп, бізге наз айтпасын. Ұрпақ осылай жалғасады.

Жауап қалдыру