Ұстанымым – қазаққа қызмет ету

0
106

Кентау Назарбек – қазақ ән өнерінде өзіндік орны, өрнегі бар әнші, композитор. Мағыналы, есті әндерге құштар жандарға Кентау ағаның шығармалары жақсы таныс. 60-қа жуық әнінің ішінде әсіресе Рамазан Стамғазиев құйқылжыта орындайтын «Жүрегім жүрегіңде», Досымжан Таңатаров айтатын «Қазақ жері», Әсем Омарова көптің жүрегіне жеткізіп жүрген «Бір бәйтерек, бір шынар» әндерін ел сүйіп тыңдайды. Туған жері – ұлы Абай елінен елордаға қоныс аударып, Арқаны ғана емес, күллі алашты әндерімен сусындатып жүргеніне де біршама уақыт өтіпті. Есті әндер ойлы адамнан туатыны белгілі ғой. Соны басшылыққа алып Кентау ағамен ән өнеріне қатысты, сол сала айналасындағы мәселелер жөнінде әңгіме-дүкен құрған болатынбыз.
– Аға, оқырман сізді тани түскісі келеді. Сондықтан әңгімемізді осы тұрғыдан бас­тасақ. Ұстанымыңыз қан­­дай?
– Менің басты ұстанымым – қа­заққа қызмет ету. Өнер адамы, композитор болған­дықтан, ұлттық бол­мысқа сай дү­ниелер жазу және жаз­ға­ныңа сай өмір сүру.
– Кез келген шығарма­шы­лық адамы үлкен дүние жа­зуды арман етеді. Сіз сол үлкен дүние­ңізді жаза алдыңыз ба? Әлде бола­шақ­тың енші­сінде ме?
– Дүниенің өзі арманнан жаратылған ғой. Бір арманыңа жетсең екінші арман қол бұл­ғайды. Мен бала кезімнен ата-ана деген егіз ұғымға арнап тұтас бір бүтін дүние жазсам деп ойладым. Оның дәлелі «Бір бәйтерек, бір шынар» әнім. Алғаш осыған ән жаздым. Әпкем Бақыт Назарбекова сөзін жазды. Сөйтіп бала арманым ән болып халықтың жүрегіне жол тартты. Бұл ән менің төлқұжатым іспеттес, бала арманымның жетістігі. Және алдағы уақытта да үлкен дүниелер жазсам деп армандаймын.
– «Әпкем осы әнімнің сөзін жазды», – деп жатырсыз. Демек, отбасыңыз да өнерден құралақан емес болғаны ғой…
– Өнерге жақын емес жан жоқ шығар. Барлығы тектен келеді ғой. Атам Назарбек дом­быра тартқан екен. Әкем де әжептәуір домбырашы. Анам ауыл арасында танымал әнші. Әпкем де өлең жазды, әңгіме жазды. Менің алғашқы ұстазым да сол әпкем. Екінші ықпал еткен дүние менің Абай, Мұхтар, Шәкәрім туған ұлылар топырағында дүниеге келуім болса керек.
– Сіздің әндеріңізді тың­дай­мыз, өзіңіз телеарна, ра­дио­лардан сирек шыға­сыз. Бұның сы­ры неде?
– Жөн-жосықсыз жылтың­дап, танымалды­лыққа ессіз ұм­тылу менің болмысымда жоқ. Елге шама-шарқымша қыз­мет етіп жатқаннан кейін, ел­дің мұң-мұқтажын жазу, өнерім­мен осыған бір үн қа­тып, үлес қосу менің міндетім. Ал, ақ­парат құралдары шақырып жатса баруға тырысам. Бұл бір жағынан маған да қатыс­ты емес шығар. Әртүрлі дең­гейде хабарлар өтеді. Шоу бағ­­дарламаларға қатысқан емеспін.
– Өмірді үлкен көш десек кешегі мен бүгінді жалғас­ты­рушы сіз бір алтын көпір­сіз. Кімдерді ұстаз тұтып, бас­тау алдыңыз?
– Дұрыс айтасыз. Бастау өт­кен­нен алынады. Өткенсіз бү­гін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ деген сияқты. Кешегі Ақан сері, Біржан сал, Естай, кейін­гі Абай мектебі одан бері өзімнің ұстазым Теміржан Базарбаев, Қазақ вальсінің королі Шәмші ағамыз, Ескендір, Әсет ағаларымыз, Бекен Жамақаев ағаларымыз. Міне, «болмасаң да ұқсап бақ» дейді ғой. Біз осы кісілерге еліктеп өстік. Бұлардың стилі әртүрлі болғанмен, барлығы ұлттық болмысқа сай қазақи дүниелер жазды. Аға­ларымның жолымен жүріп келемін.
– Қазір әншілер әнді тойға арнап жазып жатқан сияқты. Осы той біздің өнерді өшіріп жатыр ма, өсіріп жатыр ма?
– Қазақ тойшыл халық қой. Бар жинағанын тойға шашатын елміз. Меніңше, той деген тәрбие құралы болуы керек. Себебі халықтың жиналатын, үйренетін жері той. Ұлттық ерекшелігімен тойланса.
Қазір халық ән айтудан қалып барады. Тойға барса асабалар оған мүмкіндік бермейді. Тойды түзеуіміз керек. Той тәрбие көзіне айналуға тиіс. Арнайы тойға ән жаздым деп айта алмаймын. Жүрегімді не тербейді, мен соны жазып келем.
Ал, бүгінгі орындауға келер болсақ, меніңше, нағыз әнші ән айтқанда өзін ұмыту керек. Себебі ол халыққа жүрегімен жеткізсем деп әннің ішіне еніп, өзі де сол әнге айналып кетеді. Ал, бүгінгі фонограммамен басқа елдің қаңсығын көшіріп ән айтып жүргендерге қарасаң секіріп билейді, өз-өзін сипалап, шашын жайып неше түрлі қылық көрсетеді. Қарап отырып қайран қаласың…
Қазір әндерді тыңдап отыр­саң толған ұрлық, кірме әндер. Осы қоғамдағы бей­жай­лықты пайдаланып біраз пысық адамдар әртүрлі ба­ғыттағы әндерді әкеп кіргізді. Біреу ұйғырдан, біреу қыр­ғыздан ән жетектейді. Біреу Қытайдан, Латын Америкасынан, Сербиядан әкеп жатыр. Бұлардың ойлағандары ұлттық мүдде емес, коммерциялық мүдде. Қалтамды толтырсам, жағ­да­йымды жасасам деген әң­гіме. Олар әрине, қалтасын толтырып жатқан шығар, бірақ біздегі жас буынның басқаша тәрбиеленуіне, ұлттық сана­ның қалыптасуына кері әсер еткені сөзсіз. Дінге әртүрлі сек­талар кіргені сияқты, әнге де басқа ағымдар келіп жатыр. Осылай кете беретін болса ертеңгі жас ұрпақ «Чип-чип», «Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын» деген сияқты әндерді халық әні деп қабылдауы мүмкін ғой. Той дең­гейінен ой деңгейіне өтуіміз керек…
– «Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта» дейді Мұқағали ағамыз. Сіздің осы қоғамда болып жатқан қайшылықтарға үн қосқан әндеріңіз бар ма?
– Қазақтың жікшілдікке, рушылдыққа бөлінгеніне қа­рап қатты налыған шақта «Мен қазақпын» әні өмірге келді. Бар қазақты бірлікке, тұтастыққа шақырдым. Ұлттық тұлғаларды бөліп-жармай тануға, насихаттауға үндедім. Біз бір кездері өкінішке орай елдік деңгейдегі бабаларымызды рулық деңгейге тү­сіріп алдық. Қолында би­лігі бар ағаларымыз ауыл­дық дең­гейдегі бабаларын рес­пу­­б­ликалық деңгейге кө­терді, көшеге аттарын бер­ді. «Қо­лыңда барда, қонышыңнан бас» деген көзқараста болды. Бұл руханиятымызды құлдыратты.
Тағы бір «Құралайым» деген ән жаздым. Біздің қазақ ағайындар өзі қазақ бола тұра балаларына басқа ұлттың аттарын қоя бастады. Бұл бүгінге дейін қоғамдағы үлкен дертке айналып келеді. Сол жаныма батып 15 қазақ қызының аты бар «Құралайым» әні өмірге келді. Біз қазақтың тілі бай дейміз ал, ат таппай жүрген ағайынның түрі анау. Баланың есімі тағдырына әсер етеді деп бүгін ғылым дәлелдеп жатыр. Оны бабаларымыз о баста білген. Есіңді түзеу, есіміңді түзеуден басталса керек.
– Халқымыз талай ауыр кезеңдерді басынан өткер­ді. Қаншама ұлттық дүние­мізден айырылып қал­дық. Сол жоғалтқан дүние­ле­рімізді түгендей алдық па?
– Насихат аз. Кешегі алаш­тықтарды ұрпаққа дәріп­теуіміз керек. Жастардың санасына шынайы жеткізілсе ұрпақ оянады деп ойлаймын. Өйткені қазақтың тегі өте мықты халық. Жастар ақылды ғой, тез қабылдайды. Тек соларға тиімді жеткізудің формасын табу керек сияқты.
– Әнмен ұрпақты тәрбие­лей аламыз ба?
– Біз қанша жыл орыстың отары болып келдік. Сонда біздің ұлттығымызды сақтап, ұрпақты өсірген дүние ән болды. Бір ғана мысал: он қазақ бір орыс келсе шүлдірлеп орысша сөйлей жөнелеміз. Сол әдет әлі қалмады. Ал, ән айтылып жатқанда кім кірсе де ол үзілмейді. Аяғына дейін орындалады. Мысалы Шәмші ағамыздың «Менің Қазақстаным» әні бес облысты орысқа өтіп кетуден сақтап қалды. Халықтың рухын оятып, бірлікке шақыра білді. Империяға сес болды. Әнге қалай болса солай қарауға бол­майды. Ән – халықтың рухы. Адам туғанда сөйлеп тумайды, әндетіп туады. Ұста­зым Теміржан Базарбаев мар­құм:
«Әнмен адамды емдеуге болады, әнмен адамды жындандыруға болады, әнмен адамды өлтіруге болады», – дейтін. Қазір біз жындандыру деңгейінде жүрміз. Құдай одан сақтасын.
– Адамның өзін-өзі табуы өте қиын дүние дейді. Сіз өзіңізді тапқан адамсыз ба?
– Ән жазғанда бәрін ұмы­там. Осы әндеріме сүйеніп қиын­дықтарға да мойымай келемін. Соған қарағанда өзімді тапқан адаммын деп ойлаймын.
– Түрлі қызметтерде бас­шы­­лықта да болдыңыз? Шы­­ғар­­ма­шы­лы­ғы­ңызға бөг­ет бол­ма­ды ма?
– Мен ешқашан шығарма­шылығымды екінші орынға қойған емеспін. Бәрі адамның өзіне байланысты деп есептеймін. 2013 жылы Астанаға қоныс аудардым. Содан бері үш ән кешімді өткіздім. Кейде ойлаймын Астанаға ертерек келгенімде қазір бәрі басқадай болар ма еді деп. Мен осы уақытқа дейін танылу жағынан ғана тапшылық көріп келдім.
Мұқағалидың 30-дан астам өле­ңіне, Абай, Шәкәрім ата­ла­ры­мызға, кейінгі Қа­дыр, Фариза, Несіпбек аға­ла­ры­мызға қанша дүние жаз­дым. Бірақ еңбекті бағалап отыр­ған қоғамды көрмедім. Сенің есті дүниеңді менсінбей есірік әндерге жүгірген «жұлдыздарды» көріп қайран қаласың. Халықта қандай кінә әндерім кең тарады, «Кентау балам» деп батасын беріп, бағалап жатады. Ал, қалталы азаматтар дастархан басында мақтаудан аспайды бүгін. Мен ешкімнен артық дүние сұраған емеспін тек қаншама үлкен дүнием әлі жарыққа шықпай жатыр, соларды жарыққа шығар­сам деген арман ғана…
– Бойдағы барыңызды хал­қы­ңызға бере алдыңыз ба?
– Шығармашылық тұрғыда халқыма берерім әлі көп. Өнер деген – шексіздік қой. Ойлау мен сезіну барда өнер мәңгі жасамақ. Қазақтың қазақ боп сақталып қалуына әлі де қызмет етсем деймін.
– Әншісін тапқан ән ба­қытты дейді ғой. Өзіңіз композитор ретінде әншісін тап­қан әндерім деп қай әндеріңізді айтар едіңіз?
– Клара Төленбаева «Үш бақы­тым», Толғанбай Сембаев «Жастық», Ерлан Рыс­қали «Жарық күн», «Бүгін менің туған күнім ой, пәлі-ай…» «Мен қазақпын», Рамазан Стамғазиев «Жүрегім жүрегіңде», Досымжан Таңа­таров «Қазақ жері», Әсем Омарова «Бір бәйтерек, бір шынар», Перизат Тұрарова «Мені ізде», Есен Сәдуақасов «Сыйласайық» тағы басқа да әндер бар ғой, бұл еске түскендері ғана.
– Ән қалай шығады, аға?
– Өнер дегеннің өзі – жал­ғыз­дық. Әдемі жалғыздық. Өзің­мен үндесу арқылы шы­ғады ғой барлығы.
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұқбаттасқан
Арман Шеризат

Жауап қалдыру