Шамғонға арналған кездесулер

0
179

Дәл осы күндерде елімізде КСРО халық әртісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, дирижер, «Отан», «Парасат» ордендерінің иегері Шамғон Сағаддінұлы Қажығалиевтің 90 жылдығына байланысты шаралар өтуде. Бұл шараларға мұрындық болған Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі.
Мерекелік жиынға Шамғон Қажығалиев атындағы рес­публикалық дирижерлар кон­курсының лауреаттары, шетелдерден келген мәртебелі меймандар, әйгілі музыканттың әріптестері мен жақындары жиналды. Еске алу салтанаты бес күнге жалғасты.
Айтулы шараның басты оқиғасы Гала-концерт түрінде Абай атындағы опера және балет театрында өтті. Қазақстан өнер қайраткерлерінің қаты­суы­мен өткен концерт өзі­нің мазмұндылығымен, кәсі­би ше­берліктрімен ерекшеленді. Осы концертте Шам­ғон Сағаддінұлының баласы – халықаралық кон­курс­тары­ның лауреаты, пианиношы Нарын Шамғонұлы өзін дарындылығымен, орындау шеберлігімен көрсете білді. Концерт Б.Байқадамов атындағы хор капелласы мен опера және балет театрының симфониялық оркестрінің орындауында Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан «Би мен хорын» ұсынумен аяқталды.
Сондай-ақ Өзбекстанның халық әртісі, дирижер Фарух Садықов ұсынған арнайы «Ұстазға арнау» атты концерті көрермен тарапынан жоғары бағаланды. Концертті композитор Т.Кұрбановтың «Ұстазды еске алу» атты шығармасымен басталып, Құрманғазының «Сарарқа» күйімен аяқталды. Тыңдау­шылардың өтініші бойынша күй екі рет қайталанды. Халық ыстық қарсы алып, ұзақ шапалақтады. Сөз арасында Қаршыға Ахмедия­ровтың ұстазына арнайы шығарған «Шам­ғон-Ақжелең» ат­ты күйі үлкен әсер қал­дыр­ғанын айту керек. Дирижері – республикалық конкурс­тарының лауреаты, Қаршыға Ахмедияровтың баласы, дирижер – Ерболат Ахмедияров болғандығын айта кеткен жөн.

Қамаш НАМАЗОВА,
«Ұлт қайраткері».

Жауап қалдыру