ҮШ СҰРАҚ

0
187

Алдымыздағы 20-ақпанда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Махмұтбай Әміреұлы 75 жасқа толғалы отыр. Осыған орай ақынның қос өлеңін жариялап отырмыз.

…Тар табытта жатыр үнсіз есіл ер,
Қайтпас жолдың қамдап жатыр көшін ел.
Жаназада қойды имам үш сұрақ,
Мәселедей дәл осында шешілер.

Қандай адам еді? Сұрақ салмақты,
«Жақсы адам» деп жаппай айтып ел жатты.
Кімге қарыз, кімдер оған берешек,
«Жоқ» екенін тағы да жұрт аңдатты.

Пенделікпен бармай істің мәніне,
Артық сөзі жүрсе ойыңда әлі де.
Кешірер ме едің деді тағы имам,
«Кешіреміз» деді жұрттың бәрі де.

Болды үш сұрақ, болды бәрін шешкендей,
Кінәсін де, күнәсін де кешкендей.
Бірақ оған жасалды ма қиянат,
Осы жайын қалды имам ескермей.

Пенделігі көп қой тірі адамның,
Осындайда оны есіне салар кім.
Кеткен жанды жазықсыздан ғайбаттап,
Кімдер салды жүрегіне қаяу, мұң.

Қиянатпен кімдер текке күйдірді,
Кірбің салып, кімдер жүзін сындырды.
Жабырқатқан босқа жанын кімдердің,
Кесірінен жүрегіне мұң кірді.

Сол мұң оның түбіне де жетті ме,
Соны ойлаумен дүниеден өтті ме.
Кешірді ме қиянатты жасалған,
Әлде өзімен бірге алып кетті ме.

Мұны ойлаған осында жан болмады,
Бұл жөнінде имам сұрақ қоймады.
Ғазиз жанды бақилыққа қия алмай,
Көңілдерде қайғы бұлты торлады.

…Қайтқан жанның оралмасы белгілі,
Қайта келіп, қол алмасы белгілі.
Жабырқатқан жанын босқа жандардың,
Жайы қалай болар екен ендігі.

Жасайды ма өзінше бір шарасын,
Сезіне ме өмір, өлім арасын.
Әлде арқалап тірлік ете бере ме,
Қайтқан жанның өкпе, реніш, наласын.

Басымыздан мейлі ерте, кеш өтсін,
Өмір – дәурен бәрімізге кезек сын.
Бірімізге қаяу салмай біріміз,
Тірімізде сыйласқанға не жетсін.

ҮШ ПІРІМ
Бас иген байтақ әлемім,
Теріскей, күнгей, түстігім.
Бас иген және бар елім,
Бар менің дара үш пірім.

Даналық ойдың төрінде,
Ту болып тұрар құламай.
Жарқырап жырдың көгінде,
Толықсып, толқып туар Ай,
Бірінші, пірім, бұл – Абай.

Атағы таудай тым биік,
Жанары жарқын тұнған нұр.
Алатын күнде бір құйып,
Ағыл да тегіл жыр жаңбыр,
Екінші пірім, бұл – Жамбыл.

Аңыздан артық ақиқат,
Қиялдан озған шындық бар.
Бар сөзін тыңдап, мақұлдап,
Бас иген мұхит, құрлықтар
Үшінші пірім, бұл – Мұхтар.

Өмірден қанша сыр ұғам,
Сыбағам қанша тіріде.
Қиналған кезде сыйынам,
Киелі осы үш піріме.

Жауап қалдыру