Сөз маржанын тізген

0
30

Көрнекті этнограф-жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Алматы облысы және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иесі Жанат Ахмадидің «Тектілік тегеуріні» аталатын романын оқып шықтым. Шығармашылығы туралы ауызға ала кетерлік бір сөз – бұл автордың қай-қай жаңа романын оқыған сайын кешегі көшпенді заманның қазы-билеріне тән жадымыздан шығып жоғалып бара жатқан бейнелі сөз тіркестерін молынан ұшыратасыз. Әсіресе, шегіне жете ширығып қызған дау-дамай үстіндегі билер тартысын бей-жай оқуың мүмкін емес. Олар бір-бірімен сөз таластырған сайын оқырманды еріксіз елеңдетіп отырады. Афоризмдік шешендікке құрылған сөйлемдер үсті-үстіне нөсерлеп отыратынын қызғанбай айтуымыз керек. Қазақ халқының күні кешегі сөйлеу мәнері қандай болғанын осындай авторлардан байқайсың. Ұлтымыздың ой ойлау жүйесі, сөз саптау мәнері бізге, қаламгер атаулыға беларқау десек болады. Бүгін қолданыстан қалып бара жатқан, ұмытыла бастаған кестелі сөз өнерін зердесіне сақтап, барлық шығар­машылығында үз­бей пайдаланып келе жат­қан жазушы Жанат Ахма­дидің ұлттық сөздік қорымызды байыта түскен бұл еңбекқорлығын ерекше атауымыз керек. Жазушының ұлттық руханиятымызға қос­қан афоризмдік, шешендік сөз саптау тәсілін, оның тек жеке басының табысы деп қарамай, халқымыздың тіл байлығы ретінде қабыл­дауымыз керек. Тілімізде бар сөздерді өз еңбегімен ойната жаңғыртып қолдана білген табысы – көпке олжа. Бұл жағынан Жанат Ахмади біздің мақтанышымыз десек артық емес.
Бұл тәсілді барлық шығар­ма­шылығында бастан-аяқ жүлгелеп келе жатқан автор­дың барлық кітаптарын баспадан шыққан сайын кезегімен оқып келе жатырмын. «Есенгелді би» романы басталар жердегі Төле, Қазыбек, Әйтекелердің сөз саптас­тарын тұщына оқымауың мүмкін емес. «Айтұмарда» да, осы аталған билер ұшы­расқан сайын образды тіркестерге тоғытылып отырасыз.
Қаламгер қауым атынан көп айтылып, көп жазылған «Дүрбелең», «Шыр­ғалаң» роман-дилогиясы болсын, одан бергі «Тектілік тұғыры», «Ақ қылыш», «Жарылғап би», «Тектілер тегеуріні», «Ай­тұмар» тағы басқа романдарының бәрінде де, Ж.Ахмадидің өзіне ғана тән жеке із, жеке сүрлеу салған өз қолтаңбасын көресіз.
Енді осы орайда 75 жасқа толып; осыған дейін 30-ға тарта кітап, оның ішінде әңгіме-хикаяттарынан өзге 10 роман жазған көрнекті жазушы Жанат Ахмадидің шығармашылығы жайлы ілгері-кейінді жылдар ішінде қалам тербеген көптеген әріптестерінің төмендегі бір топ пікірлерін келтіре кеткенді жөн көрдім.
Жанат Ахмадиев М.Әуе­зовтің жазу мәнерін, сөз саптауын, сөйлем құрылысын, тұтас синтаксисін қабылдаған және бұл жалаң еліктеу емес, Әуезов рухын бойына сіңіре отырып, өз шамасына лайық мәнер, өлшем тапқан.
Қабдеш Жұмәділов

1. Қиыр жайлап, шет қонған қыр қазағына тән тірлік пен мінездің қыр-сырын бейнелеу жағында Жанат Ахмади Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сынды заңғар суреткерлер тәліміне ден қойып, тіпті қайсыбір тұстарда өзіндік соныға тартып, әлі із түспеген тыңнан жол салады. Өте-мөте кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесі, ой әлемі шамырқана көрінетін, нысанаға шашаусыз да, қылаусыз дөп тиетін, шымыр да, қазылы диалогтар да, шешендік сөздер де алдына жан салмастай автордың суреткерлік жолдағы сүбелі олжасы шынайы халық қайнарынан нәр алған саф алтындай тіл кестесінде.
2. Жанат Ахмади өзіндік қолтаңбасы бар шүйгін дарын. Оның туындыларын басқа жазушылардың шы­ғар­маларымен әсте шатастыра алмайсыз. Ол ой тұжырымдарын әманда өрнекті өрімдеп, түйдек-түй­дегімен қарымдай отырып адуынды, кестелі өрбітеді. Оқырманның ой-қиялына келмеген тосын да, толағай тіркес­термен бірден баурап әкетеді. Иланбасыңызға, мән бермесеңізге қоймайды.
Сапар Байжанов

1. Жанат Ахмадидің афоризмдік бейнелі сөзді сонша көп білетіні сол, ол кейде арнасынан асып та кетіп жатады. Бірақ оқырман қанығып та, құнығып та оқиды.
2. Жанат Ахмади қолтаң­басының басты, негізгі ерекшелігі – бұл жазушы шығармаларында қазыналы қазақ тілінің ағыл да, тегіл тасқындап жатуы дер едік. Және қазақтың көне тұрмысына қатысты салт-дәстүр, жол-жоралғы, әдет-ғұрып, ойын-сауық, шешендік өнер, билер айтысы тәрізді санқилы этнографиялық жәдігерлердің толассыз тоғытылып жатуымен құнды. Тіл көркемдігі – жазушылық өнердің ең басты ерекшелігі екенін Жанат Ахмади романдары бұл тұрғыдан алғанда әдебиетіміздің алтын қазынасына кәусар бұлақ болып қосылары анық.
Смағұл Елубай

Жанат Ахмади – қазақ прозасына өзіндік тақырыбымен, өзіндік үнімен келіп қосылған шын мәніндегі дарын иесі. Ең алдымен оның ойлау жүйесі таза қазақша екенін баса айтар едім. Бүгінгі әдеби процеске дәл осындай ерекшелік жетісе бермейді. Қазақ тіршілігін қазақ көзімен көре білу бар да, оны сол саф таза күйінде шынайы суреткерлікпен ұқсатып бере білу бар. Жанаттың шығармашылық жетістігі міне осында жатыр.
Марал Ысқақбай

Өн-бойынан дегдарлық, адалдық ескен осынау жанның тұнған бойы талант. Этнограф, зерттеуші жазушы Жанат Ахмадидің өмір жолы оңай емес. Қандай қиындық көрсе де, қайсарлықпен төтеп беріп, қазақтың өнері үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан қажырлы жігіттің туындыларын болашақ ұрпақ та іздеп жүріп оқитыны анық.
Мағира
Қожахметова

Автор «этнографиялық роман» атаған «Айтұмар» романының тағы бір ерекшелігі – бұнда қазір ұмытылып ескіре бастаған қазақтың ежелгі салттары, көне дәстүрі (қыз ұзату, бәдік айтысы, жаңа туған баланың рәсімдерін өтеу үрдісі, бақсы ойыны, неке қию, хан көтеру т.б.) өте нақты, нағыз қалыптасқан халықтық сипаттарда суреттеледі. Әрі солардың бәрі шығарманың оқиға желілері аясында жымдасып, етене кірігіп отырады. Сонымен қатар бала жастан шырқы бұзылмаған қазақы кеңістікте өскен жазушы әуелден туа бітті бойына дарыған шешендік пен ділмарлықтың неше түрлі үлгілерін; мақал-мәтелге сұранып тұрған қанатты, бейнелі сөзуарлықты молынан пайдаланады.
Оразбек Сәрсенбаев

1. Жанат Ахмадидің «Жарылғап би» романын мен ғана емес, мен білетін көп адамдар сирек шығарма ретінде бағалап оқығандарын білемін.
2. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының атынан шыққан Шерияздан Елеукенов басқарған «Қазақ әдебиетінің тарихы» 10 томдығының 10-томына Жанат Ахмадидің роман, хикаят, әңгімелеріне кеңінен орын берілуін де (64 беттен 180 бетке дейінгі аралықтарда) кездейсоқтық деп ешкім айта алмаса керек.
Арықбай Ағыбаев

Ж.Ахмади туындыларының ғибратты оқиғалық маз­мұнымен оқушыға ұсынарлық тағылымымен ғана емес, қазақ тілінің ертеде кең тараған байлығын тосын қазынадай қайта әкелуімен де құнды.
Рахманқұл Бердібаев

Жанат Ахмадидің туындыла­рынан Әуезов бастаған шоғырдың сарыны естіледі. Қазақтың дүниетанымы оның өз сөзінде, мақал-мәтел­дерінде десек, Жәкең содан бір елі ажырамай келе жатқан қаламгер. Бұл кісінің түсіндіргісі келетін нәрсесі қазақтың философиясының қандай екендігінде ғана емес, философиядағы қа­зақ­тың дүниетанымының қаншалықты деңгейде екендігі.
Дәурен Қуат

Жанат Ахмади біздің қазақ прозасында ешкімге ұқсамайтын жеке-дара өзіндік қолтаңбасы бар жазушы.
Тынымбай Нұрмағамбетов

Жазушының кесек-кесек айтатын ойы, жасайтын тұжырымдары өзге жазушылардан мүлде басқаша.
Мәмбет Қойгелді

Жанат Ахмади шығармасының тілі мейлінше көркем. Өте сирек ұшырасатын, жұрт білмейтін философиясы терең мақал-мәтелдерді шығарма тілегіне орай тапқыр қолданады. «Есенгелді би» романының құлақ күйі тоты құстай сайраған төрт бидің сөзімен басталуы да таңырқатпай қоймайды, ғажап!
Серік Негимов

Ж.Ахмади жазушылық ті­лінің құнарлы қырымен оқыр­­ман назарын бірден аударып келе жатқан қа­ламгер. «Айтұмар» романын­да да, қанатты сөзге айналар сәт­ті тіркестерін жиі қол­да­нып отыратындығы, бұл тұжы­рымның дәлелі болса керек.
Нұрдәулет Ақыш

Төле биден бата алған Қызай биінің қилы тағдырын қызықты баяндаған Ж.Ахма­дидің «Есенгелді би» және «Жарылғап би» романдары шұрайлы дүниелер екені даусыз. Әсіресе Ж.Ахмадидің тіл кестесін айырықша атап өткен абзал. Көнеріп жадымыздан көмескіленіп бара жатқан баба тіліміздің жауһары қайтадан жарқырап, көңілді сиқырлағандай. Билердің сөз шарпысуы – бұрын-соңды төл әдебиетімізде хатқа түспеген, табиғаты оқшау, озық үлгі.
Тұрысбек Сәукетай

Міне, көріп отыр­ған­да­ры­ңыздай 75 жылдық мерей­то­йын өткізу алдында тұрған тілге бай жазушы Жа­нат Ахмадиге деніңіз сау, шығар­ма­шылығыңыз табыс­ты, тойы­ңыз құтты болғай демекпін.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
Халық­аралық «Алаш» әде­би сыйлығының иегері, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері.

Жауап қалдыру