Парасат биігінде

0
42

1997 жылдың мамыр айы. Парламент Сенатының аппаратында қызмет істеп жүрген кезім. Негізгі міндетіміз депутаттардың жұмысын қамтамасыз ету. Оның ішінде іс қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуіне қолғабыс жасау. Бұрындары журналист ретінде еркін жүріп-тұрып үйренген адамның мұндағы ресми қарым-қатынасқа, қимыл-қозғалысыңда да, сөйлеген сөзіңде де шалт кетіп, шашау шықпауға дағдылану қиынға соғады екен. Оның үстіне басшыларымыз депутаттар алдында әдеп сақтауды, оларға жеке шаруасын айтып мазалайтындардың жазаға тартылатынын айтып, қорқытып, үркітіп тастаған. Сондықтан берілген тапсырманы орындаудан әріге бармаймыз.
Күндердің-күнінде осы үрдіс бұзылды. Редакциялық-баспа бө­лімінің меңгерушісі Болат Бо­даубай шақырып алып:
–Аймақтық даму комитетінің төрағасы, депутат Өмірзақ Оз­ғанбай деген ағаңа барып жолық. Мәтінді орыс тілінен қазақ тіліне аударуға қатысты бір шаруасы бар екен. Қолғабыс жаса, – деді.
Депутаттардың бәрін сыртынан білетін болғандықтан, бұл кісіні де танимын. Сұңғақ бойлы, қоңырқай жүзі үнемі күлімдеп жүретін, бетінен иманы төгіліп тұратын адам. Өмірбаянынан да хабардармын. Себебі кадр бөлімі депутаттардың орысша жазылған өмірбаяндарын бізге аудартып, іс қағаздарына қаттап қояды. Содан білетінім, бір парақ қағазға қатталған тақ-тұқ деректерден-ақ Маңғыстаудың маң даласында туып-өскен Өмірзақ ағаның бұлтарысы мен бұралаңы көп өмірдегі қилы тағдырын анық аңғаруға болады.
Орта мектепті Түркіменстанда бітірген. Әкесі бұл қырқынан шығар-шықпаста Ұлы Отан соғысына аттанып, Отан қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан. Анасы жалғыз ұлын адам қа­тарына қосу жолында өмірдің бар қиындығын бастан кеше жү­ріп еңбек еткен. Туған жерді тастап, Түркіменстан асуына да аумалы-төкпелі заман желі себеп болса керек.
Біз қазір балалық шақ – балдәурен деп атайтын кезең Өмірзақ аға үшін анау айтқан­дай қызыққа толы болмағаны, керісінше, соғыс кезіндегі, со­ғыстан кейінгі ауыр тұрмыс тауқыметі, жоқ-жітік, жау­таң­көз тіршілік балалықты ұмыт­тырып, тырбанып тірлік іс­теп, тірі қалып, арпалысып алға ұмтылу әрекетімен өткені өмір­баян жолдарынан анық бай­қалады.
Тіршіліктің осындай тар жол, тайғақ кешулеріне қарамастан, Өмірзақ ағаның балаң кезінен зерек, өзіне талап қойғыш, оқуға ынталы болғаны аңғарылады. Орта мектепті алтын медальмен бітіруі осының дәлелі емес пе. Әттең бір жағынан тапшылық, бір жағынан аяулы анасын жал­ғыз қалдыру қолбайлап, ауылдан ұзап кете алмаған. Кө­зіл­дірік таққан, сұңғақ бойлы, сұлу мүсін баланың жа­нарын­дағы отты, бойындағы шоқты тап басып байқаған ұс­таз­дары Өмірзақ ағаны мектеп пионерлерінің жетекшісі қыз­метіне қабылдайды.
Өмекеңнің бұдан кейінгі саналы өмірінің жарты ғасырға жуық уақыты тәрбие, білім, ғылым саласына арналуы тап осы кезден бастау алған тәрізді.Нағыз жүйріктердің шапқан сайын өрлейтіні сияқты Өмірзақ ағаның осы жолда арынды желіспен үнемі асудан асуға, белестен белеске көтеріліп отырғаны көзге шалынады.
Бәрін ретімен баяндайық. Өме­кеңнің ес біліп, етек жап­қаннан кейінгі қолға алған ең бірінші шаруасы туған өлкеге – Маңғыстауына оралу болды. Бұдан нені аңғарамыз. Басқалар әлі оң-солын тани қоймаған деп ойлайтын қаршадай бозбаланың Отаным, елім, жерім деп соққан жүрек дүрсілі байқалмай ма. Іздене жүріп, әрекет ете жүріп, оған да қол жеткізді. Сөйтіп педагогтық, ұстаздық қызметті туған жерінде жалғастырды. Бастауыш сынып мұғалімі, мектеп директорының орынбасары, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, аудандық, қала­лық партия комитеттерінің бөлім меңгерушісі, облыстық «Білім» қоғамының басшысы, облыстық мұғалімдер білімін жетіл­діру институтының директоры, республикалық оқу-әдіс­те­мелік орталықтың дирек­торы, облыстық білім беру бас­қар­масының бастығы, облыс әкімінің кеңесшісі, об­лыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Былай қарағанда құрғақ баяндау сияқты болып көрінетін осы бір қысқа ғана мәліметтің өзінен Өмекеңнің бойындағы бұлқынған күшті, адуынды арынды, қайтпас қай­сарлықты, үнемі алда болуға деген ұмтылысты байқау қиын емес. Бұдан былайғы өмірлік дағ­дысында да осы жағдай, белсенділік, қайраткерлік, қоғам­дық істерде үнемі алдыңғы қатарда жүру қайталанып отырады.
Мысал үшін айтсақ, Қазақ­станда азаттық таңы атқан алғаш­қы жылдарда білімі де, саяси өрісі де әбден толысып, кемеліне келген Өмекең респуб­ликалық деңгейдегі қоғамдық істерге белсене араласады. 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңе­сінің депутаты, 1995-1999 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты, комитет төрағасы бола жүріп, еліміздің ең жоғары билік органдарында бел шеше еңбек етіп, егемендігімізді ор­нықтыра түсуге лайықты үлес қосады.
Еліміздің осындай белсенді, көрнекті қоғам қайраткерімен жоғары билік тармақтарының бірі – Парламент қабырғасында қатар жүрудің өзі мәртебе емес пе. Осы мәртебеге малданып, қайраткер ағаларымызды сырт­тай мақтан тұтып жүргенде танымал жазушы, басшымыз Болат Бодаубайдан тапсырма алғанымды жоғарыда айттым.
Тапсырманы орындау – парыз. Депутатқа бардым. Есік­тен бөлмесіне кірген бойда Өмекең орнынан жеделғабыл көтеріліп, менімен бұрыннан таныс адамындай ашық-жарқын амандасқаннан кейін бірден шаруасын айтуға көшті. Ол кісінің әңгімесінен «Ресейдің Мем­лекеттік Думасы және Қазақ­стан» атты кітап жазып жатқанын, осыған байланысты мұрағат материалдарымен де жұмыс істеп жүргенін, олардың бар­лығының әрине, орыс тілінде екенін, кейбіреулерін қазақ тіліне аудару керек болып тұрғанын ұқтым. Тасқа басыл­ған оншақты бет мұрағат мате­риалдарын алып, аударып, апарып та бердім. Бар болғаны осы. Мұнан кейін сол баяғы жұмыс бабындағы ресми тіршілік жалғасын табуға тиіс емес пе. Бұл жолы олай болмады. Өмірзақ аға кездесе қалған жерде күлім қаға бұрылып, мені бауырына тартады. Ол кісімен жақын таныстығымыз осылай басталған еді. Бұл нені білдіреді? Менің ойымша бұл көп адамдардың бойынан, әсі­ре­се лауазым иелерінің бо­йынан табыла бермейтін кіші­­пейілдіктің, табиғатында бар биязы мінездің көрінісі бол­са керек.
Айтпақшы, ағамыздың Ресей­дің Мемлекеттік Думасына қатысты сол еңбегі үлкен том бо­лып жарыққа шыққаннан кейін онымен танысу барысында Думаға қазақ даласынан сай­ланған қазақ депутаттары жө­нінде бұрын еш жерде айтыл­маған, жарияланбаған мол мағ­лұ­маттың қамтылғанының куәсі болдық. Қазір бұл еңбек алаш­танушылардың, Ресей Мем­лекеттік Дума­сына сай­ланған қазақ депутат­тары­ның өмірін зерттеушілердің қолынан түспейтін кітапқа айналды.
Содан бері арада жиырма жылға жуық уақыт өтіпті. Уа­қыт өтеді, адам өзгереді деп жатады ғой. Өзгермейтін де адамдар болады. Өмекең со­лар­дың қатарында. Сәлем бе­ре барсаң сол баяғы күлім қаққан бейнесімен аңқылдап қарсы алып, жайдары көңіл­мен әңгімесін айтып, жай­ма­шуақ күйде шығарып са­лады. Әлдеқандай пәнейі бір себеп­термен қағажу көріп келген адам бұл кісінің алды­нан мәселесі шешілсе де, шешіл­месе де қанаттанып шығады. Бұл арада неге деген сұрақ қоюдың өзі орынсыз. Себебі Өмекеңнің бойы тұнған ізгілік, инабаттылық. Сол ізгілік пен инабаттылық аурасы алдына кел­ген адамды да баурап, бар­лығы көтеріңкі көңіл-күй­мен тарасады.
Және бір айтпағым, Өмекең­нің табиғатында бар осын­дай ізгілік қасиеті оның ұзақ жыл­дардағы жемісті педаго­гикалық қызметіне де өзінің игі әсерін тигізді-ау деген ойдамын. Өйт­кені біздің Өмекең Қазақстан Рес­публикасындағы жаңа тип­тік лицейлерді, гимназияларды, тұңғыш қазақ-түрік лицейлерін, тереңдетіп оқытылатын арнаулы мектептерді ұйымдас­тырушылардың бірі ретінде де танымал қайраткер. Педаго­гикалық қызметте, өскелең ұр­паққа тәлімді тәрбие беруде тын­дырылған осындай игі шара­ларды ізгілік іздері деп атасақ та болғандай.
Өмірзақ аға ғылым мен қо­ғамдық жұмысты қатар алып жүре білетін қабілетінің арқа­сында педагогика ғылым­дарының кандидаты, тарих ғылым­дарының докторы, ака­демик ғылыми атақтарына ие болып, педагогика мен тарих тақы­рыбында 200-ден астам ғы­лыми-танымдық мақала, 30-дан астам кітап жазған май­тал­ман. Қоғамға сіңірген ең­бек­тері «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, бірнеше медаль­дармен, Президент сыйлығы­ның грантымен атап өтілді.
Сонан соң осы уақыт ішін­де мен Өмекеңнің өмірін ар­найы зерттеуші болмасам да, ол кісінің бір сәт аялдауды, шар­шап-шалдығуды, осы да жетер, бір адамдай еңбек ет­тім ғой деп тоқмейілсуді біл­мейтін әдетіне тәнтімін. Тағы да деректерге жүгінейікші. Мәселен, депутаттық міндетін абыроймен атқарғаннан кейінгі 1999 жылдан бастап Өмекең бірсыпыра жауапты қызметтер атқарып келеді. Ы.Алтынсарин атындағы Казақ білім акаде­миясының президенті, Т.Рыс­құлов атындағы Қазақ эконо­микалық университетінің про­ректоры тәрізді жауапты жұ­мыстарды бар ықыласымен, кәсіби біліктілікпен атқарып, қызметтестерінің арасында шы­найы құрметке ие болды. Міне, бірнеше жылдан бері «Ар­дагерлер» ұйымы» респуб­ликалық қоғамдық бірлестігін білгірлікпен басқарып, қоғамға еңбегі сіңген ардагерлеріміздің, зейнеткерлеріміздің лайықты да, белсенді өмір сүруіне жағ­дай жасауға бар күш-жігерін жұмсау үстінде.
Тегінде қоғамдық істерде қа­шанда алда жүру Өмекеңнің тағдырына жазылған ба деп те қаласың кейде. Мұны мен ағамыздың қазіргі атқарып жүрген қызметіне байланысты айтып отырмын. Ол кісі мұнда да ізгілік үлгісін көрсетуде. Бұл ұйымның іргетасы 1987 жылы қаланған екен. Содан бері арда­герлерге, зейнеткерлерге қатыс­ты талай игілікті істердің атқарылғанына күмән жоқ. Ал бұл ұйымның іс басына Өме­кең келгелі бері жұмыс бұрынғыдан да жандана түсті десем, артық айтпаймын. Со­ның бір парасы «Ардагерлер ұйымының» тарихында тұңғыш рет» деген сөз тіркесінің жиі қолданылатынынан байқалады. Мысал келтірейік. Бірлестік тарихында тұңғыш рет респуб­ликалық ардагерлер басы­лым­дары: «Ардагер айна­сы» газеті мен «Ветеран и общество» жур­налы шыға­рылды.
Өмекеңнің ардагерлер ұйы­мына басшылық жасай бас­та­ғанына бес жыл толар-толмас уақыт болды. Осы жылдар ішінде Орталық Кеңес басшы­лы­ғының қызметкерлері мен бел­сенділерінің жергілікті жер­лерге жасаған іссапарлары бір­лестік тарихының барлық жылдары ішіндегі көрсет­кіштен асып түскен. Бұл ардагерлер ұйымы жұмысының, қыз­мет­керлер белсенділігінің есе­леп артқанын көрсетеді. Ар­да­герлер Кеңесі Төрал­қасы­ның шалғай ауданда көшпелі отырыс өткізу үрдісі де тұңғыш рет қолға алынып отырған игі шара. Материалдық базаны нығайтуға да тұңғыш рет қадам жасалған. «Қайран ерлер, қаһар­ман ардагерлер!» атты ар­дагер көркемөнерпаздардың бай­қау фестивалі де тұңғыш рет өткі­зілген.
Ардагерлер ұйымының жұ­мы­сын жандандыра түсуге қа­тысты Өмекеңнің басшы­лы­ғымен жүргізіліп жатқан жұмыс­тарда «тұңғыш рет» деген сөздің жиі қолданылатынын осылай жалғастыра беруге бо­лады. Бұл Өмекең жүрген жер­де игі істердің жандана, жал­ғаса түсетінін көрсетеді. Ар­да­герлердің жуырда болып өткен жетінші съезінде Өмекең­нің және бес жылға ұйым жетек­шілігіне қайта сайла­нуының сыры да осында жатса керек.
Өмекең ұзақ жылдардан бері қоғам тіршілігіне белсене ара­ласып, талай жауапты қызмет­терді абыроймен атқарып, елі­міздің рухани, мәдени өмі­рін ғылым, білім саласын жан­дан­дыра, жақсарта түсуге бір адамдай үлес қосып келе жатқан көрнекті қоғам қайраткері, үл­кен ғалым ғана емес, жо­ғарыда айтқанымдай, ел өмірі­нің саналуан мәселелерін қоз­ғай­тын, республиканың руха­ни өміріне қатысты түрлі тақы­рыпты қамтитын 30 шақты кітаптың, жүздеген мақа­ла­лардың авторы. Бұл шығарма­лардан автордың қоғам тір­шілігіне, айналасында болып жатқан оқиғаларға бей-жай қара­майтыны байқалады. Тарихи тұлғаларымыздың мемле­ке­ті­мізді қалыптас­тырудағы рөлі, әйелдердің қоғамдағы орны, салт-дәстүріміз, дін мәсе­лесі бәрі-бәрі назардан тыс қал­майды. Олардың біразымен оқыр­ман күнделікті баспасөз мате­риал­дарынан таныс та шы­ғар. Сонда да болса автордың кейбір ойларына көңіл аударуды жөн көріп отырмын.
Ағамыздың негізгі маман­дығы мұғалім, яғни ұстаз. Ал ұстаздың ұрпақ тәрбие­сімен айна­лысатынын жұрттың бәрі біледі. Өмекең шығар­машы­лығының бү­кіл желісі де осы мәселе төңірегінде өрбиді. Қандайда бір шығармасында қайсыбір тақырыпты сөз ет­песін, хандарымыз, батыр­лары­мыз жөнінде әңгімелесе де, шешендеріміз, билеріміз төңірегінде сөз қозғаса да, қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі – ас беруді айса да, дін туралы, үлкенді сыйлау туралы мысалдар келтірсе де – бәрінде де бүгінгі адамдарға, өскелең ұрпаққа ишара түрінде жеткізілетін ойлар қамтылады.
Мысалы, «Бейбітшіл діні­мізді бекемдей түсейік» деген мақаласында автор біздің – үл­кеннің алдын кеспеген, сөзінен аттап өтпеген, ақса­қа­лын ардақ тұтқан ел екенімізді айта келіп, ұлттық құндылық­тарымызды ұлықтау ісіне ақса­қалдарымызды да тарту керек­тігін, әңгімелесе, «Ата сал­ты­мызды ардақтайық» атты ма­қаласы ата-анасының ал­дындағы перзенттік парызын ұмытып, туған әке-шешесін Қарттар үйіне тапсыратын тас­бауырлар саны күннен-күнге көбейіп бара жатқанын, бұл – біз сияқты бауырмал, өзінен бұрын өзгеге өзегін суырып беруге дайын тұратын халқымыз үшін мүлде жат көрініс еке­нін, көңілге қаяу түсіретін мұн­дай көріністер ұлттық болмы­сы­мыздың қожырап, қазақы құндылықтарымыз бен ата-ба­бамыздан келе жатқан озық салт-дәстүрлеріміздің, бала мен ата-ана алдындағы қа­сиетті борышымыздың сел­діреп, ұлттық мұраттарға енжар қарай бастауымыздың, ұлты­мыз­дың ұлағатты, сыпайы міне­зінің бұзылмауына, адам­гер­шілік ізгі қасиеттердің сақ­талуына, жастардың рухани азып-тозып құлдырамауына мән бермеуіміздің әсері екенін жайып сала отырып, ұрпақ тәр­биелеуде ұлттық құнды­лық­тарды пайдалану керектігін ортаға салады.
Немесе «Ұлт ұйытқысы, ұрпақ анасы» деген мақаласын ала­йық. Қазақ тарихында, ұлт мәде­ниетінде, салтында, дәс­түрінде әйел адамның, қыз бала­ның қоғамдағы орны ең алдымен отбасындағы орны­мен қадірлі саналған ғой. Сон­дықтан автор «әйел адам қоғамымыз үшін болашақ ұр­пақты жалғастырушы ана, мем­лекет өміріндегі жауапты қыз­меткер, отбасындағы аяулы жар екен­дігін біз ешқашан науқан­дық саясатқа айнал­дырмауы­мыз керек» деген түйін жасайды.
Біз ағамыздың шығармашы­лық ойларының кейбіреулерін ғана атап өттік. Ал мұндай құнды пікірлер,адамгершілікті насихаттайтын толғау-түйіндер, оралымды тілмен, өткір оймен, толғақты пікірлермен әдіптеліп, шабыттана әңгімеленетін туын­дылар Өмекеңнің шығар­ма­шылығында жетіп артылады.
Біздің қазақта едәуір жасқа келсе де тұғырынан тайма­ған, өзінің қайратты келбе­тімен, қажырлы ісімен жұрт­шы­лықты сүйсіндіріп те, сүйіндіріп те жүретін адамды «Сү­йегі асыл жан ғой!» деп көтермелейді емес пе. Мұның ар жағында бабалар қасиетін жалғастырушы деген ой жатады. 75 жасты еңсеріп, сексеннің сеңгіріне аяқ басқан Өмірзақ ағамызды – адамгершілік, ізгілік, пара­сат­тылық, тіліне, еліне, жеріне адалдық тәрізді ұлты­мыз­дың небір жақсы қасиеттерін өн бойына жинақтаған асыл аза­матты әріптес інілерінің аты­нан даналық жасына жетуі­мен құт­тықтағым қеледі. Айтулы азаматқа Алла Тағала ұзақ ғұмыр мен абырой нәсіп етсін!

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты

Жауап қалдыру