Пайымы парасатқа толы ақын

0
214

Таяуда Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында облыстық мә­дениет, мұрағаттар және құжаттама басқар­масының ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушы­лар одағының мүшесі, ақын Әбен Дәуренбековты еске алу кеші өткізілді. Шараға кезінде ақынмен бірге қызмет істеген ардагер журналистер, өнер адам­дары, жерлестері мен жыр сүйер қауым қа­тысты.
Кешке жиналған қауымға ақынның өмірі мен оның өз аузымен оқылған өлеңдері жайында түсірілген видеофильм көрсетілді. Шараның ресми бөлігінде облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев, облыстық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы, ақынның жерлесі Ермек Келемсейіт, көп жылдар бойы облыстық газетке басшылық жасаған, Әбекеңнің төл құрдасы, ардагер журналист-жазушы Тұрсын Әбдуалиев және бірқатар ақындар сахнаға шы­ғып, қаламгер туралы ес­теліктер айтып, оған арна­ған жыр жолдарын жолдады. Ал, Жетісудың талантты жастары ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді құйқыл­жы­та шырқады.
Сонау жетпісінші жылдары өлең өлкесіне өзіндік ою­лы өрнек салған, қарапа­йым әрі көпке сыйлы жай­дарлы мінезімен, тілі тұщым­ды, сезімі таза ойлы өлең­дері­мен ақындар тобына қосыл­ғандардың бірі – Әбен Дәурен­беков еді. Не жазса да, өмірдің өзегінен алған шы­на­йылықты дәріптей оты­­­рып, бояуы қанық қазақи көр­­кем тілдің кестесін тоқи отырып, өз оқырман­дары­ның жүрегіне жол тапты. «Ұя бұз­­­бас» табиғи қал­­­­пынан ауытқымай, «қауы­­зына сый­ғысып бір тарының, жібе­­ретін кей кез­де жайраң­датқан» өмірдің ащы, тұщысына мойын бұр­май, жел­ке шашын оң қолының алақанымен бір сипап қо­йып, шұрайлы шумақ­тарын кестелеп, өмір ағы­сы­­мен өрге жүзген ақын өз оқыр­ман­дарына «Мөлдір там­шы», «Саяхат», «Балконнан ұш­қан көгершін», «Мамыр айы» «Тамшыбұлақ», «Белжайлау», «Құс тілінен тамған жыр» атты жыр жинақтарын ұсынды.
Аяңдай жүріп, поэзияның жықпыл-жықпылын терең мең­герген қаламгердің мөл­дір сезімді жыр шумақ­тарының өзі әнге сұранып-ақ тұратын. Бүгінгі күні ұлттық сахнамызда шырқалып жүр­ген «Белжайлау сазы», «Шопан атаға хат», «Тойың тойға ұласcын» әндері Әбекеңнің құдіретті қаламы арқылы дүниеге келген өлеңдерден туған. Солардың ішінде «Мә­дина» атты өлеңнің сөзіне жазылған осы аттас ән әр тыңдаушысының таңдайын қақтыруда.
Әбен Дәуренбеков 1939 жылы Шығыс Түркістан (ҚХР) өлкесінің Жарсу деген же­рінде дүниеге келген. 1967 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітірген. Одан кейін Панфилов ауданындағы орта мектепте әдебиет пәнінен сабақ берген. Кейін облыс орталығы Талдықорған қаласына қоныс аударып, облыстық «Октябрь туы», «Жерұйық» атты газеттерде тілші, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар Одағының жанынан қазақтың көрнекті қаламгері Оралхан Бөкейдің бастамасымен құрылған «Аққұстың» (Ауылға қоныстанған қалам­герлердің ұйым серік­тестігі) Талдықорған өңірін­дегі бөлімшесінің төра­ғасы бол­ды. Осы тұста жеті­сулық ақын-жазушылар өңір әде­биетінің дамуына өл­шеу­сіз үлес қосты. Серік­­тестіктің қолдауымен «Ша­быт» журналы да шыға­рылып тұрды.
Егер тірі болса, өзінің ел сүйсінткен әсем өлеңдерімен топ жарған, құрдастары арасында «Әбеке», іні-қарындастары арасында бір ғана «Әбен аға» атанған сыр мінез ақын биылғы жылдың қазан айында 80 жасқа толар еді. Мәңгілік ғұмыр жоқ. Ақынның бақилық бол­ғанына да біраз жыл өтіпті.
Иә, Жетісу өңірі әдебиеті майданында өзінің пара­сатқа толы ой пайымын, жұмыр шумақтарын, мән-мағы­насы зор астарлы тілмен жеткізетін Әбекеннің поэзиядағы орны осы жолы тағы бір ұмытылмас қырынан көрінді.

Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ.
«P&H».
Талдықорған қаласы

Жауап қалдыру