Қобызшы тағдыры

0
174

Таяуда Алматы облысы Ақсу аудандық мәдениет үйінде  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Молықбай Байсақұлының 160 жылдығына» арналған конференция және қобызшылар байқауы өтті. Байқауға облыстық мәдениет басқармасының басшылары, аудан басшылары мен тұрғындары, сондай-ақ өнер иелері қатысты.
Поэзия Құлагері Ілияс Жан­сүгіровтың шығармасына ар­­қау болған, Қосағаш ауы­лы­ның тумасы, қасиетті қара қобызымен аты аңызға айналған Молықбай Байсақұлының қазақ руханиятында алар орны ерекше. Өмірі – бүгінгі ұрпаққа айтып жүрердей өнеге, бойына тұнған қасиетімен тарихтың беттерінен өшпестей орын алған қобызшы Молықбай Байсақұлының шы­ғармашылығын ел арасында кеңінен насихаттау мақсатында Талдықорған қаласында он­лайн режимінде облыстық қобызшылар байқауының гала-концерті де ұйымдастырылды.
Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағ­дарламалық мақаласы аясында мәдениет саласы бойынша жоспарланған 6 жобаның бірі, Молықбай Байсақұлының 160 жылдығына арналған «Ұлы Дала мәдениеті» жобасы. Осы бағытта, ауданда атқарылып жатқан шаралар тарихымызды қайта жаңғыртқан, ел арасында ұмыт бола бастаған қазақтың қара қобызын насихаттаған, жас­тарымызды ұлттық өнерге тар­туға бағытталған жұмыс­тардың бірі.
Қобызшы баба есі­мін мәңгі есте сақтау үшін 2015 жылы Рес­публикалық ономастика ко­мис­сиясының ұйғарымына сәйкес аудандық мәдениет үйіне «Молықбай Байсақұлы» есімі берілген.
Өнер мен мәдениетімізді дамыту бағытында аудандық мә­дениет үйіне қарасты 21 ауылдық мәдениет үйі және «Иса­тай Исабаев» атындағы өнер мектебі мен Сағабүйен саз мектебі жұмыс жасайды. Бү­гінде аталған екі мектепте қо­быз аспабынан сабақ беретін 12 мұ­­ғалімнен 50 оқушы тәлім алу­да.
Молықбай атамыздың мұра­сын жас ұрпақ бойына сіңіру, дарындарымызды қолдау, қобыз аспабын ел арасында кеңінен насихаттау бойынша Сағабүйен ауылында құрылған «Саға сазы» ұлт-аспаптық оркестрі, аудан орталығында құрылған «Ақсу сазы» фольклорлық ансамбльге 2015 жылы «Халықтық» атағы берілген. Аталған ан­самбль құрамында білікті қобыз­шылар көп­теп саналады.
Олар­­­дың жетекшілігімен тә­лім ал­ған шәкірттері бүгінде рес­пуб­ликалық, облыстық бай­қаулардан бірнеше дүркін орын алып, Молықбай ата­мыздың ізін жалғастыруда.
Кеште аудан әкімі Далбағаев Әділбек Егеубекұлы, облыстық мәдениет, архивтер және құжат­тама басқармасының бө­лім бас­шысы Т.Ғұмаров сөз алып, зерт­теуші Жемісбек Толым­беков «Қобызшы Молық­бай» атты баяндама жасады.
Молықбай Байсақұлы 1857 жы­­­лы қазіргі Ал­ма­ты облы­сының Ақсу ауда­нында қобыз­шы Байсақ Бұғы­бай­ұлының от-басында өмірге келген. Үлкен атасы Жетібай да қобызшы болыпты. Ұлы бабасы – ер Тоқпанбет. Сүйегі Түркістанда жерленген. Қазақ тарихында белгілі адам. Ақын Сара Тастанбекқызы осы Мо­лық­­баймен туысқан.
Қызылорда қаласынан шы­­ға­­­тын «Жаңа әдебиет» журна­лында Ілияс Жан­сүгі­ровтің «Күй» поэмасы жарық көреді. Онда Ілияс ақын: «Қазақта қобызшының қалғаны сол», деп ашық айтады. Ілияс біледі. Ол кезде қазақтың атақты қобызшысы Ықылас Дүкенұлы өмірден өткен кез еді. Кеңес заманына жеткен қобызшы Молықбай Байсақұлы болатын.
Жалғыз қобызшы, Қорқыт күйлерін елге жеткізуші, ірі талант иесі Молықбайдың жазықсыз түрмеге қамалып өлгені Ілиясқа өте ауыр тиіпті. Ілияс ұлттық тұрғыда ойлайтын адам ғой. «Күйші», «Құлагер» поэмаларымен бірге «Исатай – Махамбет» пьесасын, Құрманғазы туралы «Көбік шашқан» дастанын, Молықбай туралы «Күй» поэмасын жазды.
Қажыған көңіл қамын, жүрек жанын,
Қозғаған қобыздағы қоңыр сарын.
Әлемнің әуеніне бермес ем-ау,
Қазақтың мұңын тартқан күйші шалын, – деп Ілияс жүрегімен жырлайды.
«Қазақтың мұңын тартқан күйші шалын», – деген сөздің астарында қазақ ұлты жатыр. Ілияс Молықбайдың күйлерін өте жоғары бағалады.
Мағжан Жұмабаев қобызшы Қойлыбай бақсы туралы поэма жазды. Сәкен Сейфуллин «Ықылас қобызшы» деген әңгімені өмірге әкелді.
Ілияс Молықбайдың қайдан шыққанын, өмірде болғанын елге айтып кетеді. «Матайда, Кенже, Тұңғат, Сақайдағы!» – деп айтуы Молықбайдың төл құжатының белгісі. Қобызшыда тууы туралы куәлік болмаған.
Қобызшының тұсында Ақсу өңірінде атақты Толғанбай ақын өмір сүрді. Қобызшы осылармен араласты. Әсет Найманбаевтың өзі Молықбайдың қобызындағы күйлерді тыңдаған. Жетісу же­рінде атақты Сүйінбай, Бақ­тыбай ақындармен бірге Мо­лықбай қобызшы қатар ай­ты­лады.
Дәмелі Имашқызы мен Қалпендеұлы Орысбайдың қал­дырған деректері бойынша Молық­байдың түр-сипаты: «Кел­бетті, ұзын бойлы, сүйегі сұлу, бітімі тік, сақалды, мұртты, бетінің сары шұбар секпілі бар, өңі сары, бүркіт мұрын, оң жақ шекесінде алақандай қалы бар, жар қабақ, арсақай, дауысы жуан», – делінеді. Бұл Ілияс Жансүгірұлының «Күй» поэмасындағы «жар қабақ, сида, арсақай, сар шұбар шал» деген қобызшы Молықбайдың суреттемесімен дәл келеді. «Молықбай қысы, жазы басынан елтіріден тігілген бөрік пен зер тақиясын тастамай, үстіне жазда желбегей шайы шапан, қыста елтірі тон, аяғына саптама етік киіп, өзін өте мұқият таза ұстаған, кірпияз жан еді», – деп деректейді Елубай мен Досбайдың Жанатбектері.
Молықбай – кеңес өкіметі белсенділерінің астамшыл істе­рі­нің қуғын-сүргінінің құр­баны болған. Молықбай Құ­рақ­байдың келіні елі ноғас Имашқызы Дәмелінің төркіні мінгізген тор атқа ықыласы ауып, Құрақбайдан қалап сұрап алады. Молықбайдың аталас інісі Нөкербек, партячейка қызметінде жүріп, тор жорға атты Моқаңнан сұрап алып, кеңес өкіметі жасаған талай тойдағы жорға жарысына қосады. Ат басқа аттарға дес бермей, бас жүлдені әперіп отырады. Газет беттеріне тор жорға аттың суреті басылып шығып, даңқы асқақтайды. Тор жорға атқа кеңес белсен­ділерінің көңілі артып, әсіресе қызылдар белсендісі Күн­туов Құндақбайдың талабы ызғарлы болады. Қалау-тілектері орын­дал­маған кеңес бел­сенділері Молықбайдың ісін дік, кек көріп, 1928 жылы екі жүз пұт бидай астық «продналог» деп, оған салым салады. Молықбай өзіндегі бар мал мен қаражатын жиыстырып, салымды өтейді. 1929 жылы қызыл белсенділері Молықбайға үш жүз пұт бидай астық салымын тағы салады. Оны өтеуге мұршасы жетпеген Молықбайды белсенділер «халық жауы» деген желеумен қобызы мен өзін қамауға алып, тор атын, күміс ерін, үй мүлкін «тәрік» деп тәркілейді. «Халық­тың Молықбайын ұста­дыңдар, қарау ниет, жүзі қаралар» деп, қайнар Торыбай Молықбаймен бірге Алматыға айдалып, Көкесік түрмесіндегі абақтыға екеуі қамалады. Түрмеде Мо­лық­бай­мен уақыт­ша ұстал­ған ақын Кенен Әзірбаев­тің да жол­дары ұшта­сыпты.
Молықбайдың түрмеде қобыз­­бен орындаған күйлеріне, өнеріне тәнті болған түрме бастығы мен колонна басшысы Молықбайды үш күнге астыртын өз үйлеріне босатып апарып, қобыз сарынына дауысын қосып тартқан күйлерін үнтаспаға, одан пластинкаға жазып алады. Колонна басшысы Молықбайға түрмеден бостандыққа шығуға көмектесіп, «Молықбайды ке­ліп, алып кетіңдер» деген, үй-ішіне телеграммамен хабар жібертеді.
Молықбайдың әйелі мен баласы өгіз арбамен бір ай мер­зім шамасындай жол жүріп, Ал­маты маңындағы Көке­сік түрмесіне жеткенінше, Мо­лық­бай іш ауруынан 1930 жы­лы көкек айының 30-ында 73 мүшел жасында қайтыс бо­лып кетеді. Амалы құрыған әйелі мен баласы киелі қара жарық қобызды алып, кері елге оралады. Киелі қара қобыз 1930 жылдан 1984 жылы Тал­дықорғандағы Ілияс Жансү­гіров мұражайына өткізіл­­генін­ше, Молықбайдың келіні, Адас­қанның үйінде сақталып келді. 1978 жылы Адасқан апаның үйі дымы қалмай өртенгенде, сандықтағы қара жарық қобыз өрттен дін аман қалады. Бұл әлі шешуі табылмаған қобыздың кие, қасиеті десе де болар.
Бүгінгі ұрпақ Молықбай Байсақұлын шебер қобызшы, сазгер және кеңестік қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны ретінде мәңгі есте сақтайды.

Н.АҚСУОВ

Жауап қалдыру