Қоңыр қазға әуелетіп үн қосқан

0
250

Дәнеш Рақышев есімі ұлы дала перзенттерінің құлағына өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап етене таныс болды. Сол кезде радио құлағын бұрап қалсаңыз: «Дәнеш Рақышев ән шырқайды» деген диктордың әуезді даусынан кейін қос ішегін ширата тартқан домбырасын бебеу қақтырып, ешкімге ұқсамайтын қазақи қоңыр үнін көкке әуелетіп, Дәнеш шырқай жөнелетін. Домбыра қағы­сы да бөлек. Сұқ саусағының ұшымен қос ішекті алма-кезек іліп тартып, домбыраның өзін сөйлетіп әкететін. Әннің сөзі мен әуені, домбыраның үні мен Дәнештің даусы бір-бірімен астасып, көңілді бір серпілтіп тастайтын.
Дәнеш Рақышев 1926 жы­лы 1 мамырда Алматы об­лысы Панфилов ауданының Еңбекші ауылында дүниеге келген. Отызыншы жылдары басталған ашаршылық пен тағдыр тауқыметінің кесірін­ен өмір есігін жаңа ашқан бала Дәнеш ата-анасымен шекараның арғы бетінен бір-ақ шығады. Дәл осы тұста Кеңес Одағы мен Қытай арасын­дағы шекара жиегі қайта нақтыланып, әкесі Рақыш қо­ныстанған аймақ Қытай же­рінде қалып қояды.
Дүйім жұртқа «Дәнеш» аты­мен та­нылған әншінің азан шақы­рып қойған о бастағы есімі Әбимолда болатын. Бұл әкесі Рақыштың ағасы Баясылдың Әбиғожа деген баласына «серіктес болсын», «екі үйдің қос ұлы тең өссін» деген ниетпен ұйқастыра берілген еді. Бұл да қазақ хал­қына тән «туыс кетіп, туа­жат болмасын, ел көшіп, іргесі ажырамастың» бір бел­гісі ғой.
Дегенмен, Дәнештің наға­шылары Әбимолданы Да­ниярға ауыстырады. Кейін зе­рек жастың ұтқыр өнеріне, аса байсалды мінезіне тәнті бола бас­таған жұрт оны «Данияр, Дәкен, Дәнеш» деп, еркелете жүріп, ақыр аяғында Дәнеш атандырып жіберген. Бұл да әншінің болашақта халықтың ұлы болатындығына лайық, әрі жеңіл, әрі өнерлі жасты кез келген жерде көтермелеуге де ыңғайлы, еркелеу есім еді.
Жастайынан зерделі Дәнеш ойын баласы болса да, ата-анасы Рақыш пен Тәжіханнан естіген өлеңдерді дереу жат­тап алып, үш-төрт адам бас қосқан жерде айтатын бо­ла­ды. Қағылез сәбиді бүкіл ауыл «Әнші бала» атап кетті. Ба­лаң даусымен өзі естіген «Қа­раторғай», «Елім-ай», «Сұрша қыз» әндерін сызылта салды.
Әке – балаға сыншы. Өнерлі ұлдың беталысын, жалпы ау-жайын байқаған Рақыш оны шаужайынан қақпады. Шал құйрығы төгілген қоңыр құ­нанға ер салып, Дәнешін қол­тығынан демеп, өнерлі топқа қосты. Адамды тәрбие­лейтін орта ғой. Бертін келе ол домбыра, гармон, сыр­най тарта бастайды. Осы аспап­тарға қосылып Дәнеш қазақ­тың халық әндерімен қоса, ұй­ғыр, татар әндерін де айтуға машықтанды.
Өнерге оң қадам басып келе жатқан жас Дәнештің бойына ақындық пен серілікті дарытқан, өнерге аса зор құрметпен қарайтын, көзі ашық, көкірегі ояу, домбырашы әрі әнші Қадрихан, Қытайда тұратын қазақтардың ішіндегі өз өнерлерімен ел арасында мәшһүр болған домбырашы, әнші Мәмбет және Қайыпбек Бай­тасұлы болады. Жас өнер­паз «Қысмет», «Жай­қо­ңыр», «Екі жирен», «Сары­ар­қа», «Нақ-нақ» әндерін ай­туға машықтанып, Әсет Най­ман­баевтың «Салиха – Сә­мен», «Қаракөз» әндерін үйре­неді.
1950 жылы Қазақстанның бірқатар өнер шеберлері гаст­рольдік сапармен Құлжа қа­ласына барып, арнайы кон­церттер береді. Қазақ мә­дениеті мен өнерінің май­тал­маны, аты мәшһүр ком­по­зитор Ахмет Жұбанов басқарған Құрманғазы атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, ұлттық өнеріміздің жарық жұлдыздары Жүсіпбек Елебеков, Ғари­фолла Құрманғалиев, аға­йын­ды Абдуллиндер, Роза Бағ­ланова мен Шара Жиен­құлованың қатысуымен өт­кен концерт көршілес елге қазақ­тың ұлттық өнерінің інжу-мар­жанынан шашу шаш­қан­дай әсер қалдырады.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, академик-жазушы Сәбит Мұқановтың Қытай еліне сапары кезінде оның жанында Дәнеш бірнеше күн болып, ән салып, табақтас болған. Ғұлама жазушының ғибратты әңгімесін тыңдаған.
«Өз елімде жүрсем, мен де осылардай еркін, сауатты әрі үлкен мәдениеттен сусындаған болар ма едім?» – деген ойдың көк дөненіне мінгізіп, арман жетегіне түседі. Туған жерге оралу оның жастық арманына айналады.
1959 жылы Дәнеш Рақышев кір жуып, кіндік кескен туған жерінің табалдырығын ат­тай­ды. Бұл «өнерді – өмірім» деп бағалайтын жас әншінің қадамына тың серпін береді. Әнші Панфилов ауданындағы «Октябрьдің 40 жылдығы», «Үшарал» колхоздары мен «Көктал» совхозында көркем өнерпаздар үйірмелерін ұйым­дас­тырады, соның негізінде «Үшарал» халық театрын құрады. Өнерлі жас белсенді әрі нәтижелі істерімен аудан халқының сүйіспеншілігіне бө­ленеді.
Дәнеш туған еліне қол қусы­рып бос келген жоқ. Қазақтың үш мыңжылдық тарихы бар, саят­шылық өнерін әнмен өрнек­теген «Аңшының әнін» ала келді. Бұл ән ұлттың ұмыт­қанын қайта оралтып, жоғалт­қанын түгендегендей әсер берді. Сонымен бірге, «Қоңыр қаз», «Ақырғы сөз», «Қош­та­су», «Сары бидай», «Угай-дай» әндері қазақ сахнасынан берік орын алды. Ал, қыр­ғыздың «Ой, бұлбұл», «Ақ маң­дай келін» әндері Дәнеш шә­кірттерінің ән қоржынынан әлі күнге дейін түскен жоқ.
Он жылдан астам туған жеріне қызмет еткен әнші 1972 жылы облыс орталығы Тал­дық­орған қаласына қоныс аударады. Тәжірибелі талант иесі өнер ұжымдарын ұйым­дас­тырудағы шеберлігін тағы да танытады. Сөйтіп, ол ұлттық сарындағы «Шұғыла», «Арай», «Сары жазық» ансамбльдерін өмірге әкеледі және олардың репертуарларының жандана түсуіне күш жұмсайды.
Дәнеш Рақышев – Біржан, Естай, Ақан сері, Әсет Най­ман­баев, Таңжарық Жор­туылұлы, Шәкәрім Құ­дай­­бер­діұлы әндерін орын­­даудың хас шебері. Ол – тек асқан орын­даушы ғана емес, со­ны­мен бірге өз жанынан жүзден астам ән шығарған сазгер. Қазіргі кез­­де оның сырлы да, сыр­шыл туындылары халық­тың сүйіп тыңдайтын әуен­дері­не айналған. Ол – жиырмадан астам шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Солардың қатарында ұлттық ән өнерінің майталмандары атанған, республикалық байқаудың бірнеше дүркін жеңімпаздары Жақ­сылық Мырқаев, Мыр­захмет Мүкаманов, Абылай Қар­мысов, Бақбер­ген Асқар­беков, Серікбол Шыны­баев, Нұржан Жанпе­йісов және басқа шәкірт­тері ұлағаты мол, тәлімі терең ұстаз жолын мүлтіксіз жалғастыруда.
Еліне сіңірген осындай еңбегі үшін жезтаңдай әншіге 1976 жылы «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген әртісі», ал 1986 жылы «Қазақ ССР-інің халық әртісі» атақтары берілді. Өнерге де, мінезге де бай Дәнеш Рақышев 1992 жылы 3 шілдеде Тал­дықорған қаласында өмірден өтті. Елін әсем әнімен әс­петтеген азаматты халқы қимастықпен соңғы сапарға шығарып салды. Бүгінгі күні облыс орталығы Талдықорған қаласы мен Жаркентте екі көше мен өнер мектебі әнші есімімен аталады. Жыл сайын жас өнерпаздар арасында Дәнеш әндерінің байқаулары тұрақты өткізіліп тұрады.
Құшағың неткен ыстық,
Алаулап көкке де ұштық.
Туған жер, сен деп келем,
Сағынып шөлдеп келем, – деп, өзі шырқағандай кір жуып, кіндік кескен жері Қазақстанның шымын тартсаң шырыны, түгін тартсаң түбіті бұрқыраған шырайлы өлкесі Жетісуда өтті.
Жетісу, сенде тудым, сенде өстім,
Жасымнан машықтанып өлең қудым, – деп, салған әні өнер тарланының жүрек лүпілін анық сездірсе керек. Еліне әуезді ән сыйлаған, туған жерін сүйген аяулы азаматты халқы да қадірлеп «Жетісудың бұлбұлы» атандырды. Бұл – өнерге, өнер адамына деген құрмет. «Артында өшпейтұғын із қалдырған» деген осындай болар.

Ғалым Жазылбеков.
«P&H».
Талдықорған қаласы

Жауап қалдыру