О.Сәбден кітабы Лондонда таныстырылды

0
91

Көрнекті экономист, ака­де­мик Оразалы Сәбденнің жа­ңа философиялық еңбегі ке­­зекті рет әлем қауым­дас­тығының на­зарын өзіне аударып отыр. Жуырда ұлыбри­та­ниялық «Hertfordshire Press» бас­па­сы мен Еуразиялық шығар­машылық гильдиясы ғалым­ның «Абай және Қазақ елінің болашағы» атты кітабын көп­шілікке таныстырды.
Автор кітапта XXI ғасырда жаһандану заманына жаңа көзқараспен қарап, инновациялық серпіліс беріп, әлеуметтік-экономикалық талдау жасап, алдағы цивилизациялық сұраныстарға лайық деген өзінің ой толғамдарын оқырман­дарға ұсынған. Еңбекте Абайдың ой-тұжы­рымдарын ертеңгі ізгілендіру қоғамын құруға, оның моральдық кодексін жасауға пайдалану әрекеттері көрініс тапқан. Қазақ елін алға жетелейтін құндылықтардың тетіктері мен тың пікірлер берілген, болашаққа бағыттайтын жол мен жобалар да бар.
Кітапта адамзаттың экономикалық, саяси, экологиялық дағдарыстан шығу жолдарының шешімі философиялық көзқарас тұрғысынан ұсынылған.
Бұған дейін 2016 жылы Лондонда «Open Eurasian Literature Festival&Book Forum» V әдеби фестифалі аясында Оразалы Сәбден мен Әбдімәлік Әшіровтың ағылшын тіліндегі «The Conceptual Strategy for Humankind’s Survival in the XXI Century and Food Security» атты еңбектерінің таныстырылуы авторлардың ғана емес, күллі Қазақстан экономика ғылымының үлкен жетістігі. Бұл кітап қазақ экономикасы тарихында ағылшын қоғамы тарапынан қолдау тапқан алғашқы еңбек. Туындыға Нобель премиясының со-лауреаты, Вашингтон академиясының академигі С. Тимашев пікір білдірген болатын.
Ұлыбританиялық баспагерлердің дерегінше, кітап бүгінде Аустралия, Жаңа Зеландия, Канада, Шведия, Нидерланды, Дания, Ұлыбритания және АҚШ секілді мемлекеттерде сатылуда. Сондай-ақ еңбек әлемнің үздік 200 университетіне таратылған.

Төрткен ҚЫЗЫЛЖАР

Жауап қалдыру