НАУРЫЗ КЕЛДІ, АЛАҚАЙ!

0
117

Қыс қоштасты мұзды қылыш сүйреткен,
Қаһарымен жүрген жерін күйреткен.
Неше түрлі салды емес пе әлекке,
Талай сирақ шығарып та бүйректен!

Бозторғайлар әнге салып далада,
Ойын сауық басталмақшы қалада.
Әжеміздің күлкі үйіріліп жүзіне,
Қуанды әне бесіктегі бала да.

Себебі оның Наурыз келді еліме,
Күзде қайтқан құстар келді көліме.
Наурыз келді ұйықтағанды оятып,
Гүлдер сыйлап ұлан байтақ жеріме!

Наурыз келді көптен күтіп, сағынған,
Алма ағашы гүл сырғасын тағынған.
Қыс қылығы әуре еткен табиғат,
Күннің жылы шуағына малынған.

Байтақ дала гүлді көйлек киген кез,
Жануарлар тілі көкке тиген кез.
Ерке самал сан сырларын паш етіп,
Шын ғашықтар бірін-бірі сүйген кез.

Қозы – лақ, құлын – тай, жарысқан кез,
Гүлдер теріп, жүректер табысқан кез.
Тағдырларын қосуға белін байлап,
Өмірлік бір болуға барысқан кез.

Өткен жылы жасаған ұяларын,
Қарлығаштар жөндеуге кіріскен кез.
Адамзаты аяусыз қыстан кейін,
Алланың шапағатын біліскен кез!
Келді Наурыз, ағаш біткен бүр жарды,
Сағынысқан достар төкті сырларды.
Бұлақ сылдыр қағып айтқан әнімен,
Қырдың биші қызғалдағы ырғалды.

Ұлы иеміз сұлу етіп жаратқан,
Қыз, келіншек Наурыз – көже таратқан.
Сақпаншы жүр қозы, лақты көтеріп,
Наурыз күні бұлақтардан бал аққан.

Наурыз келді, құбыладан жел ескен,
Желмен келді жусан иісі белестен.
Қыз, бозбала гүл теріп жүр жарыса,
Бірін қызыл, бірін сары деместен.

От семсерлер қара бұлтты тілген шақ,
Жер де иіп нөсер дәмін білген шақ.
Шын ғашықтар бірін-бірі қия алмай,
Еріндердің балын жұтып жүрген шақ!

Жауын жауып, кең далам көлдеген шақ,
Төрт түлігі елімнің төлдеген шақ.
Бал сезімі бозбала жанын тербеп,
Сүйген жанын аңсаумен шөлдеген шақ!

Төк нұрыңды Алла шамы – көкте күн,
Жиырма жеті азат көктем көргенің,
Құтты болсын, желбіресін көк туың,
Зарлы жылдар – ұмыт болып өткенің!

Сенбек САНСЫЗБАЙҰЛЫ,
«Казсушар» РМК қызметкері

Жауап қалдыру