Нұрлы адам

0
61

Адам баласының өмірдегі міндеті өте көп секілді көрінеді. Айтып тауыса алмайтын, іс­тесең бітпейтін ұшы-қиыры жоқтай… Дей тұрғанмен, соның бәрін саралап көрсең бір ғана түйінге жинақталады екен. Ол болса – адам болып жасау. Алла Тағала негізгі міндет-борыштарымызды арқалатып, күллі жаратылыстан озық сана беріп, түр беріп, тіл беріп, абзал етті. Құдайдың күткеніндей нұрлы күйімізден айнымауды сақтай білу – бізге парыз. Ал, өнерлі болуың, бай-бардам болуың, шенді-шекпенді болуың алар сыбағаң, асар асуың. Шынына үңілсек, ол да сынаққа берілген, өлшеуіш таразы секілді нәрселер. Адам болып туған соң – адамша есейіп, адамша тіршілік көріп, діттеген жерден табылып, «адамзаттың бәрін бауырым деп сүйе алатындай» өлшемге жету екінің бірінің қолынан келе бермейтін секілді. Оның мүддесінен шығатындар саусақпен санайтындай ғана болса керек!..
Бұлай айтуға бізді алып келген ой, Зейнолла Сәніктің өмірі мен шығармашылық жолы. Қаламгердің қажыр-қай­­ра­ты, ақыл-парасаты, болмыс-бітімі біз іздеген нұрлы адам­дардың бірі екенін көрсетеді. Неге десеңіз, мынау қым-қуыт заманда өзін сақтай білу, адасып кетпей адымдап алға тарту таңдаулылардың ғана тағ­дырына жазылғандай!.. Кейбіреуге қарасаң, тарыдай талантымен тауды қопарардай, теңізді қотарардай даланы шаңдатып, дақпыртымен даңғаза етеді. Шілдеде үсік түсіріп, тамызда қар боратып, елдің берекесін алады. Тілімен тікен қадап, көзінен жебе атылып, бетінен без бедірейеді… Сон­дай ортаны көп көрген біздер Зейнолла Сәнікті көргенде Қыстан көктемге шыққандай, түннен жарық таңға жеткендей қуанғанымыз шындық.
Кейбір адам жүрген жүрі­сімен, айтқан сөзімен, нұрлы келбет-көркімен кісіні қарыздар етіп, борышқа буып тастайтындай! Ондай адамның бір қажетіне жарағың келіп, қасы­нан табылғың келіп тұратыны тағы бар. Зиялы дегеннің төркіні де сол ортасын жарықтандырып жүру болса керек! Сонымен біз іздеген адамға тән басты белгіні таптық, енді одан ары қарай оның адам баласына жасаған еңбегі мен ұлтқа көрсеткен көмегі қалай екен дегенге келер болсақ, аз-кем үңіліп көрелік.
Жазушы, этнограф, тарихшы, зерттеуші-ғалым Зейнолла Сәнік қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосты. Ол кісі Құдайдың берген таланты мен парасатына сүйене отырып көптеген салаға қалам сілтеді. Қазақтың қайнаған ортасында өмір сүруі, көпті көріп басынан ыстық-суықтың молынан өтуі айтарын жеріне жеткізіп, алған асуын биіктетті.Қазақ тілінің құнары мен нәрін бойына жинаудан өзге Қытай тілін жетік меңгергендігінің арқасында тарихтың терең қат­парында қаттаулы жатқан асыл мұраларымызды қауызы­нан аршып кәдеге жаратты. Көшпенділік пен жаугершіліктің салдарынан сайда саны, құмда ізі қалған байлықтарымыздың дерегін жинап, өлі күйден тірілтіп, айналымға енгізді.
Әнеу бір жылдары ҚХР-дың Үрімжі қаласындағы «Жаңа әуен» компаниясының жетекшісі Нұрбосын Нұрмұқаұлы­ның мұрындық болуымен му­зы­касы реттеліп, ән-сөзі жазы­лып, әуезді әншілеріміз ар­қылы орындалған, сұлу қыз­дарымыздың мың бұралған биімен қайта тіріліп жандана түскен «қаражорға» биіне әлдебіреулер қатты шұқ­шиып «бұл қазақтікі емес, орал­ман­ның биі», – деп байбалам салғанда, З.Сәнік аға ашуын сабырға жеңдіріп, әр жерде көзқарасын айтып, жоғымызды түгендесіп, жоғалып табылған мәдениетімізді қорғады. Бас­пасөзде мақала жазып шыр-пыр болды. Мінеки, соған дә­лел, қолымдағы мақаласы. Сол тұста өз қолымен он бет материялын жазып әкеліп маған тапсырды (10-қаңтар, 2011-жыл, Алматы қаласы). Сол күйі мақаланың түпнұсқасы менде сақтаулы тұр. «…солайда қазақ арасында бұл қазақтың биі емес, дейтін кейбір бөгде пікірлер де таралып жүр. Осыған орай қытайда жарық көрген «қазақ этнографиясы» атты көлемді оқулық кітабымда «қара» сөзінің этимологиясы және «қаражорға биі» туралы берген түсініктемемізден үзінді келтіре кетуді жөн көрдік», – дей келіп, дәлелдері мен дәйектерін алға тартады. Бірімізді екеу ете алмай отырғанда, барымызды мансұқтаған білгіштерге тойтарыс жасап, тоқтамға шақырады.
З.Сәнік аға екеуміздің келесі бір әңгімеміз «Қабанбай шоқысы» мен Райымбек батыр атындағы «Әулие шоқы» туралы болып еді. 1988-жылы менің «тесік тас» деген толғауым жазылып, ол Қазақ­стандағы ела­ралық «Шалқар» газетінде 1990-жылы жарық көрді. Осы толғау туралы сөз Қазақ радиосының «Шалқар» бағдар­ламасында эфирден берілді. Онда Қабанбай батырдың Әтеке жырықпен жекпе-жек кезінде батырлар тұс-тұстан бас қосатын еді ғой, сол Әтекенің жолын тосып Қабанбай батыр Өртекесте (Іле өңірінде) бір ай ат шалдырады. Батырға ұнаған Текес өзені жағасындағы тауға «Аттың тауы» деп ат береді. Сол жолы Тян-Шань тауының бір сілемі, Тоғызтарау ауданы аумағындағы шоқыға батырдың құрметіне ел-жұрты «Қабанбай шоқысы» деп ат қояды. Ал, Үйсін тауының ең биік шыңына (Мұңғұлкүре ауданы мен Шапшал ауданының арасында) Албан руынан келген Райымбек батырдың құрметіне «Әулие шоқы» деп ат қойылады. Сон­да Батырдың қарауыл тұғыры болған Қонақай аңғарын­дағы тау жартасындағы тесіктас ме­нің өлеңімнің тақырыбы бол­ды. Сөз Қабанбай мен Ра­йым­­бек батырлар жөнінде өрбиді. Осы толғауды жазарда аталған тауға шығып, тас үң­гірде отырып жырдың алғаш­қы шумақтарын бастаған бола­тынмын. Толғауымнан хабар тапқан Зейнолла аға қасында Төкен Байболатұлы бар мені іздеп келіп, Жазушылар ода­ғында танысқан болатын. Ке­йін менің сол толғауыммен ағаның «Қабанбай шоқысы» деген көлемді мақаласы бірге «Әдебиет айдыны» газетіне басылды. Біз осылайша шығармашылық жақтан да бірлікте еңбек еткен кезіміз болып еді. Осыдан біраз жыл өткенде З.Сәнік «Түркістан» газетіндегі мақаласында «Халық аңызы бойынша Қабанбай шоқысымен іргелес жатқан тағы бір ірі тау шоқысы – Әулиенің шоқысы деген шоқы сол рет Райымбек батырдың бекініс жасаған жері екен. Бұл уақиғалар туралы белгілі қазақ ақыны Дәулетбек Байтұрсынұлы тамаша жыр-толғау жазғаны жұртқа мәлім» (Зейнолла Сәнік, жазушы, ҚХР-ның мемлекеттік «тұлпар» сыйлығының иегері. «Түркістан» 10-мамыр, 2012-жыл) дейді.
Жазушының қытай бетінде басылып шыққан «Басбай» романы, «Қазақ этнограпиясы» қатарлы көптеген кітаптарынан өзге, Қазақстанда да бірнеше құнды еңбектері оқырманына жол тартты. Атап айтар бол­сақ, «Хан батыр Қабанбай», «Тұғы­рыл хан», «Сергелдең», «Сүлеймен би» секілді еңбек­тері елмен бет көрісті. Өздеріңіз байқап отырғандай, бұлардың бәрі дерлік тарихи тақырыпқа арналған дүниелер.
Мен Жазушылар одағында жүргенде «Хан батыр Қабан­бай» мен «Тұғырыл ханның» тұсаукесері өткізіліп, Әдебиет­шілер үйінде салтанатты бас­қосу өтті. Бірнеше жылдан ке­йін Алматыдағы «Жалын» рес­то­ра­­нында «Сүлеймен би» кі­та­бының тұ­саукесері өтіп, қа­­ты­насқаным есімде. Ол кісі үздіксіз ізденіс үс­тінде жү­ре­тінін, тоқтаусыз еңбек­тене­тінін осы еңбектері арқы­лы дәлел­деді. Сол тұста «Сер­гел­дең» романы туралы газе­тіміздің қызметкерлері Болат Шарахымбай мен Қайрат Дүйсен екеуі бірлесіп көлемді талдау мақаласын жазып, айқарма бетке берген едік («Әдебиет айдыны» газеті). Осындай көлемді еңбектердің қарашаңырақта жарық көруі авторға үлкен шабыт болып, шығармашылық тынысын аша түсті әрі кесек еңбектерден мұндағы оқырмандар да сусындап, мол мағлұмат, құнды дерекке ие болды. Ұлт тарихындағы ақтаңдақтарды толықтап ұрпақ­тарға жаңа өрістер ашты. Та­рихқа ғылыми түрде, шынайы ұлттық сүйіспеншілікпен қарау­дың үлгісін жасады. Зейнолла Сәніктің тың бастамасымен Қазақстанның әлде-неше қа­ласында, елді-мекендерінде Қа­­банбай батырға арналған есімдер берілді. Тарихқа тұжы­рым жасаудың, ұрпақ­тарды тәр­бие­леудің жаңа кезеңі құла­шын жайды.
Ол өзінің саналы өмірінде бар білгенін қазақ деген халықтың игілігіне арнады. Ғұмыр бойы үй­ренумен, зерттеумен шұ­ғыл­данды деуге болады. Қы­тай­дағы жантүршігерлік сая­си науқандарды басынан өт­кізіп, қауіп-қатердің арасында аман қалып «Социалистік жы­лымыққа» ілінген аз ғана тұлғалардың бірі. Алпарыспен өткен «оңшыл ұлтшылдарға қарсы күрес» және «мәдениет зор төңкерісі» кезіндегі кеткен есесін, жіберіп алған уақытын толықтау жолында жатпай-тұрмай еңбек еткені анық. Соның арқасында әлденеше әдеби-көркем роман, ғылыми-танымдық кітаптар, ұлттық-этнографиялық монографиялар жазып қалдырды. «Ғалымның хаты қалады, жақсының аты қалады» деген осы. Ең бастысы, Тәуелсіз қазақ еліне аман жетіп, еңбектерін отанына сыйлады. Қасиетті қарашаңырақтың құтты құшағында мәңгілікке да­мылдады. Бір зиялыға тән нұр­лы өмірімен көпшілікті өзіне тәнті еткен қалпымен халықтың жү­­­регінде қалды!
Дәулетбек Байтұрсынұлы,
Түркі дүниесі ақындары жыр мүшәйраларының жүлдегері.

Жауап қалдыру