Ән әлемінің Алтын көпірі

0
25

Ән әлемінің – Алтын көпірі
Тарих ғылымының кандидаты Әлімғазы Дәулетхан 1997 жылдан бері ҚР Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы тарих-этнология институтының «Ежелгі және орта ғасыр» бөлімінде аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп келеді. Оның қаламынан «Түркеш қағанаты 692-766жж», «Қазақстаның көркемсуретті тарихы. Ежелгі заманнан бүгінге дейін»,»Деректану», «Түрік халықтарының әдебиетінің тарихы», «Қазақ мемлекттілігінің тарихы», «Ұлы хун имериясының тарихы» түрік тілінен, «Тарту», «Шығыс Түркістан халықтарының ұлт-азаттық дәуірі әдебиеті 1979-1949жж» Ол кезінде жастар арасында кеңінен орындалған «Бақытым менің», «Арман-ай», «Неге», «Мөлдіркөз вальсі», «Достық жыры», «Алмагүл» секілді әндердің авторы. Жасы жетпістен асса да бойындағы табиғат берген осы өнерден ажырап көрген жоқ. Қандай уақытта болсын қоғамда болып жатқан өзгерістерге өзінің азаматтық позициясын ашық білдіретін белсенділігімен де еліміздің зиялы қауым арасындағы айрықша тұлға.
Әлімғазы Дәулетхан өткен 2014 жылы республикалық қоғамдық-саяси «Президент және Халық» газетінің жанындағы Қазақ Ұлттық салт-дәстүр академиясының академигі болып сайланды.
Төменде белсенді авторымыздың даңқты әнші-композитор Дәнеш Рақышев жайлы естеліктерінен үзінділер жарялап отырмыз.

***
Мен осыдан бірнеше күн бұрын «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінде берілген жарнамадан Дәнеш Рақышев бастаған әншілер облыс орталығы Шымкент қаласында арнайы концерт береді дегенді оқыған едім. Жексенбі күні арнайы іздеп барып «Южный» қонақ үйінен кездесіп таныстым.
Өткен жылдарға қайта оралайын. Онда біздер арғы бетте Қытайда тұратынбыз. Дәнешті бір көру бала күннен бергі арманым еді. Мен оқуымды 5-кластан былай қарай аудан орталығы болған Бестөбеде жалғастырған едім. Аудан орталығы деген аты болмаса қақ ортасынан өтетін жалғыз көшенің екі жағында көп болса 150-200 үй ғана бар еді. Ол үйлерде негізінен қазақтар, 10-15 үйлік ұйғырлар мен 7-8 үйлік дүңгендер, 2-3 сібе-соландар ғана тұратын. Орталықтағы төрт көшенің қиылысы деп аталатын шағын дөңгелек базардың шығыс жағында атақты Сасан бидің немере балалары Еркінбек Жайырбектердің ағаш қақпақты көк үйлері болушы еді. Сол үйлердің шарбағына жолтай салынған клуб үйі болатын. Клубтың алдындағы биік қарағай бағанаға бекітілген, қытайша айтқанда, Лоба дыбыс күшейткіш темір шелектен таңертең, кеште қазақша хабарлар мен концерттік бағдарлама үзбей берілуші еді. Сол жалғыз көк шелектен шыққан әуен аудан орталығы аумағына түгел жететін. Хабарлар тек қазақ тілінде ара-арасында ұйғырша беріледі.
Қытай нәсілді бір де бір отбасы ол уақытта Бестөбеде, тіпті, тұтас аудан бойынша елге кезікпейтін.
Біз әр күні дерлік «Шалқар» арнасы беретін концерттерден кейін Дәнеш Рақышпен Хабиба дейтін әншінің тамаша әндерімен Әшім, Дүңше, Әділжан, Құрманғали, Дәулет Мазақ, Дәулет Халық, Әліпбек, қырғыз Асанәлі күйшілердің алуан күйлерін тыңдап бір жасап қалатынбыз. Әсіресе Дәнеш аға тамылжыта шырқайтын «Қоңыр қаз», «Жан ерке», «Шалқы Сайрам», «Баян ауыл», «Әсеттің Хисмет», «Ардақ» бастаған тамаша әндерін тыңдап та, жаттап та алғанбыз.
…Бозбала шағымызда өнеріне тәнті болған Дәнештің Шымкентке келгенін естіп тұрып, қаладан 40-шақырым жерден іздеп бармауға дәтім қалай барады? Мен қонақ үйдің дәлізіне кіргенімде 4-5 жастардағы қызыл көйлекті қызын жетелеп жүрген Дәкеңді суреттерінен көргенім бойынша бірден танып сәлемдестім.
Орта бойлыдан аласалау, дөңгелек қозы қарындау, шықшыты шығыңқы, селдір қоңыр шашын артына жыға қайырған, қараторылау, бадырақ көздеу өте ширақ, елгезек адам екен.
Бірден таныстық басталды. «Руым ұлы жүз ішінде Суанның Мырзакелдісі болады. Әкем шаруақор, әнші әрі күйші адам еді. 31-32 жылдың зобалаңында Жаркенттен қытай асып, Сүйдін деген ауданның Жарсу деген жерінде қалың сібелердің арасына аз тұрақтап, 1945 жылы Құлжа қаласына барып қоныстандық», –деп бір қайырды. Майда қоңыр үнімен, жұмсақ мейірлі жанары ол кісінің нағыз кішіпейіл аңқылдаған өнер адамы екенін кісі тани алатын біздерге бірден белгілі еді.
Мен қыстырма сөздерге уақытын оздырмай бірден білгім келген сұрақтарыма кірісуге ұмтылдым. Уақыт өте тығыз болды. Ол кісілер кешкі концертке дайындалуы керек екен. Сонда да бір қыдыру сұхбаттасып керекті жерлерін осы блокнотыма түсіріп отырдым. Түскі тамақ уақыты болғанда сол қонақ үйдің ресторанында жеңгеміз екеуіне арнайы қонақасы бердім. Кешінде облыстық филормонияда көріп бір жасап қалдым.
Қасиетті туған жерім мен әке-шешемді елімді сағынып жүрген мен байғұс жер жәннәті Ілемнің саума-самалын көкірек кере жұтқандай мейірленіп, көңілім өсіп қанаттанып қалдым. Туған жер туралы жазып жүрген «Тұтылған күн» атты кітабыма бір табан болса да жақындап барғандай шабытты әсермен үйіме қайттым.
Мен сол кездесуден қалдырған естеліктерім арасынан оқырмандар назарына ұсынғым келген екі-үш тақырыпты қамтыған тарихи мән-маңызға иелерін іріктеп алдым.
Біріншісі, «Аңшының әні» туралы айтылатын аңыз бен ақиқаттың мән-жайы болмақ.
Қазақ өнер танушылары мен музыка зерттеушілері және ақын-жазушылар мен журналистердің бүгінге дейін жазғандары бір-біріне тым қарама-қайшы. Әсіресе ол әннің авторы жөніндегі әңгіме тым көп. Әрі пәлендей сенімді де емес екенін шамалаушы едім.
Дәнеш ағамның айтқан әңгімесімен уәжі маған ұнады. Өнер сүйер отандастарыма ой салар деген ізгі мақсатпен сол сұхбатта айтылғандарды мәнерлеп жатпай-ақ қаз-қалпында қағазға түсіргім келген.
Дәнеш аға айтқан әннің мәтіні төмендегідей болатын.

Аңшының әні
Ахау, жүйрік ат, қыран бүркіт,ұшқыр тазы,
Жігіттің бұған құмар өнерпазы.
Күлім көз, оймақ ауыз бір сұлуды
Тағы да алсаң тауып айдын көлдің қоңыр қазын.
Бір қызық ит жүгіртіп аң ауласа,
Мінген ат шабуылмен танауласа.
Ішіктің іші қызыл орман түлкі
Құлпыртып жез сабаумен сабауласа.
Қарғылы тұрса тазың сылдыр қағып,
Керіліп бір сілкінсе дүр-дүр қағып,
Бүктелтіп жылқыдағы жараулы атты
Жылқышы ертеменен келсе алып,
Ду-думан бозбалалар шықса аңға.
Өлеңші, домбырашы болса жанда,
Қыранмен кешке дейін түлкі қағып,
Бөлісіп байлап алсаң қанжығаға,
Сол күн кешкіре қайтсаң елге.
Мінген ат қырауытып басса терге,
Ақ тамақ, күміс иек, қарақат көз,
Бір сұлу кез боларма ең бұраң белге.
Қолында бір мылтығың болса сонда,
Құрбылар өзің теңдес оң мен солда.
Сауықшыл бозбалалар сауық құрып,
Күн бата барып түссең қызды ауылға.
Паһ, шіркін, менің жарым боларма деп,
Күлімдеп қыз-келіншек тұрса сонда.
Самауыр, шәйнекпенен тұрса қайнап,
Бұраң бел тұрса бірі көзі жайнап.
Сол күні қыз әкесі үйде жоқ боп,
Отырсаң әзілдесіп, күліп ойнап.
Ол қыздың бір жеңгесі қастау келсе,
Шешесі желөкпелі жастау келсе,
Бір жігіт кездігімен түлкі сойып,
Қалжыңмен әзіл сөзді бастай берсе,
Ол жігіт бастай берсе әзіл сөзін,
Қадалтып мырза отырса екі көзін.
Қиыннан қиыстырып, сылтау таппай,
Ұнатып қыз отырса істің тезін.

Әннің шығу тарихы жөнінде Дәнеш аға былай деген еді:
«Менің 18-19 жастардағы ән айтып, думандатып жүрген кезім болатын.
Бір ауылға келгенде (қайсы ауыл есіме түсіре алмадым) бейтаныс бір жігіттен осы әннің алғашқы айтылуын естіп ұнатып қалдымда сөзін жазып алдым да тағы бір отырыста Алмасбек деген зиялы азаматқа осы әнді айтып беріп едім. Алмасбек Шығыс Түркістан уақытша өкімет құрылған жылы (1945 жыл) Құлжа қаласында жауапты қызмет атқаратын. Алмасбек елге танымал, руы Дулат болатын. Қазақстаннан барып, Гоминдан өкіметі тұсында қызмет етсе керек. Әнді тыңдап болған соң Алмасбек:
Сен бұл әнді кімнен үйрендің? – деді.
Мен оны Байбазар Рүстемовтен үйренген Тұрлықожа деген баладан үйренгенімді айттым.
Е, онда біліп ал, Байбазар менен үйренген болатын. Әнді кім шығарғанын анық білмеймін. Ал әннің ең соңындағы «қиыннан қиыстырып сылтау таппай, ұнатып қыз отырса істің тезін» деген жолдарды мен қосып едім, – деп еді.
Егер анығын айтып нақтылар болсам, мен арқылы Қазақстанға кең танылған «Аңшының әні» әу баста мүлде өзгеше, өте қарапайым, бүгінгідей бұрма-бұрылысы, әсіресе, қайырмасындағы ойнақы әуен, кең тыныс болмаған еді. Былайша айтқанда ән жәй бәйіт сарында жадағайлау болатын.
Менің өлең-жырға, сауыққа есім кете еліріп шабыттанып жүрген кезім болғандықтан бұл әннің сөзіне де, ырғақ әуендеріне де көптеген өзгерістер еңгізіп, өз дауысымның мүмкіндігіне қарай шырқатып, ойнақшыта сылқылдатып нағыз делқұлы жастық, сырбаз, серілік мәнермен гуілдетіп едік-ау!
Нақтылап талдай айтар болсам менің өз тарапымнан қосқан әуендерім мыналар болатын:
Бірден шырқай көтерілетін –
Ахау, қыран бүркіт, ұшқыр тазы,
Жігіттің оған құмар өнерпазы» – деген жолдардан бастап «қиыннан қиыстырып сылтау таппай» деген жолдардың әуенін, сондай-ақ қайырманың бұрма-бұрылыстарға арналған ойнақы ырғақтарды түгелімен дерлік өзім құрастырып толықтырдым.
Құдайшылығын айтар болсам «Аңшының әні» менің өңдеп-әрлеуімнен жаңғыртыла жетілдірілмесе дәл бүгінгідегідей биік деңгейдегі тамаша ән болмас еді.
Ал әннің мәтініне қосқан өз сөздерімді де айта кету керек шығар:
«Ақ тамақ, күміс иек, қарақат көз,
Бір сұлу кез болар ма ең бұраң белге» деген жолдар және:
«Қалыңда бір мылтығың болса онда,
Құрбылар өзің тұстас оң мен солда.
Сауықшыл бозбалалар сауық құрып,
Күн бата барып түссең қызды ауылға.
Паһ шіркін, менің жарым болар ма деп,
Күлімдеп қыз-келіншек тұрса сонда» деген жолдарды қосқан едім.
Мен өзім ақындық дағуа құрмағандықтан мәтінге қосқан жолдарымның тыңдаушыларға қаншалық әсер еткеніне төрелік айта алмаспын. Ал өз тарапымнан қосқан әуендерімнің аса шабытпен шыққандығына әрі ау баста бар әннің табиғатына соншама үйлесе қабысып кеткеніне күмән-күдік келтіре алмаймын. «Аңшының әні» сондықтанда күллі қазаққа, әсіресе халқымыздың кемеңгер перзенті Мұхтар Омарханұлы Әуезовке ерекше ұнаған болар. Мен соған мақтанамын, соған марқаямын.
«Аңшының әніне» менің қаншалық еңбек сіңіргеніме, қай жылдарды қай уақытта, қай жерде шығарғаныма куә болған замандастарыммен қаламдас, өнерпаз достарым аз емес. Мен жоқты бар деп, болмағанды болдырып, өзін-өзі мақтап көтермелейтін бөспелерден емеспін.
Әзір, осы Алматының өзінде жазушы-журналист Құрманбай Толыбай, әнші-актер Абылай Жұмахан, ақын Оразақын Асқар, белгілі педагог, халық ән-жырларын, дастандарын таңды-таңға жалғап айта беретін Тілеужан Сақал қатарлы өнер иелерінен анықтап алуыңа болады.
Іле, Бұратала өңіріне кең танымал, аса дарынды, сал-сері атанған Қошқарбайдың Мәметі деген әнші-ақынмен достасып сауық-сайран жасаушы едік. Шапыраштыдан шыққан әйгілі әншінің бірі Әбдісалан Дүйсеновпен де талай той-думанда қатарласа ән шырқатып едік.
Маған жазған бір хатында Мәмет ақын мынандай өлең жазыпты:
Ақын Қара Керей Мәмет деген,
Мәметтен қыз қалдыма дәметпеген,
Алал алмай алты қызды алпарыспен,
Өмірім босқа кетті-ау әлекпенен» – мінеки, қазақ даласында осындай тентек серілер болған. Солардың қасында жүріп біз де біраз шалқып едік-ау!»…
***
«…Дәнеш ағаның әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлымен алғашқы таныстығы жөніндегі естелігі мен ақынның жары Бәти апаның ақын қазасына қатысты айтқан өкінішті естелігі де мені өте әсерлендіріп, жан-дүниемді тербеліске түсірген болатын. Енді солар жөнінде жазылған күнделік беттеріне үңіліп көрелік.
…1946 жылдың аласапыраң қарлы-жаңбырлы, батпақты күндерінің бірі болатын. Құлжа қаласының «үш дарбаза» дейтін көшесінде тұратын өте сауықшыл, сері мінезді, қолы ашық Балтиев деген өзбектің үйінде өңкей сауықшыл өнерпаз жастар бас қосып гуілдеп отырғанбыз.
Елеуреп ән салып, әзілдесіп отырған топты елең еткізіп әдемі киінген бір адам «Ассалаумағалайкум жақсылар мен жайсаңдар» деп соза амандаса кіріп келді. Менің көзіме ерекше түскені ол адамның сыртқы келбеті болды. Әдемі қара мұртты, қызыл шырайлы, орта бойлы, алшақ кең иықты сыптығыр шағын денелі, жанары өткір қағілез адам екені анық байқалады.
Үстіне кигені де сол уақыттағы Іле қызайларының ішіндегі қала тұрмысына бейімделген әдемі киімдер деуге болады. Басында әдемі түлкі тұмақ, ақ бөрік келте тон пен тыстаған полушовка, қара барқыт галаипе шалбар, аяғында жалтылдаған кебіс етік, бәр-бәрі жарасым тауып қонағымыздың салтанатын асырып тұрғандай.
Мен гармонмен атақты әнші Темірғали Жүсіповтың жырын сүйемелдеп отырған едім.
Қонағымызға мені таныстырғанда ол кісі мені сырттай білетінін айта келе ән салып беруімді өтінді.
Мен, әрине, күттірген жоқпын. Әсет Найманбайдың әйгілі «Хисмет» әнін барымды сала шырқап бердім. Ол кісі аса разылығын білдіріп рахметін айтты.
Сөйтсем, мен бүкіл Шығыс Түркістанға әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлынан бата алғандай болған екенмін ғой. Үрімшідегі қытай түрмесінде алты жыл жеті ай жатып, Құлжада жалауы көтерілген «Шығыс Түркістан Жұмһұрятының» тегеурінімен түрмеден азат етіліп елге келгенін естісек те, жүзін көріп отырғаным алғаш рет болғандықтан, аса қуанышты едім. Ол кісінің өтініші бойынша Әсеттің бірнеше әнін айтып бердім.
Сол кездесуден кейін Тәкеңмен дидарласудың сәті түспепті. Ол кісі өкіметтің ұйғарымымен өзінің туған жері Күнес ауданына бір жағынан денсаулығын жақсарту үшін, әрі сол ауданның жер-су шаруашылығын жолға қою үшін қызметке жіберіліпті.
Қытайдың тозақы абақтысында алты жыл жеті ай жатқанда денсаулығына қанша залал келсе де, аман-сау еліне келгенде 1947-жылы есіл ер қапияда қаза тауып, елін аңыратып кете барды … »
Ескертпе ретінде:
Таңжарықтың аяқ астынан ауырып, жарты күнде ажал құшуы ел арасында талай алыпқашпа әңгімелердің таралуына себеп болған еді. Солардың ішінде ең көп айтылатыны әлдеқалай себептермен әлдеқалай біреулер әдейі қастық ойлап улап өлтірді-міс. Бірақ, оған нақтылы айғақ, бұлтартпас дәлелі болмаса да Таңжарық елінің сөз ұстар, ру намысын қорғаштайтын ақсақалдары айыпкер ретінде Тәкеңнің кейінгі әйелі Бәтидің атын атайтынын бала күнімізде үлкендердің әңгімесінен талай естігенбіз. Өйткені төрт қызай, төрт саманың ішіндегі Бегімбет-Дербістің ақсақал-қара сақалдары екі қызымен 30-жылдары Жаркент өңірінен ауып барған Суан елінің жесірін елдің бетке ұстар мақтанышына айналған Таңжарықтың алуын сүйекке таңба, ел намысына дақ түсірер жамандыққа балап өте наразы болады. Олар Тәкеңді ортаға алып: Сен мынандай аусар қылығыңды көрсетпе, осы төрт қызай, төрт самамен албан-суан, төре-төлеңгіттің қай қызын аламын десең қалың малын төлеп алып береміз. Тек мына тайлы құлынды биедей шұбырған кесірлі жесірді аламын дегеніңді қойсаң болды. Құдай қосқан қосағы ит жеккенге айтатып жіберген суанның жесірі саған, мына елге опа қылады деп ойлайсың ба, деген сияқты ауыр-ауыр сөздер айтады.
Тағдырға не шара? Жазмышта Тәкеңнің маңдайына жазылған бұйрықты жар Бәти апамыз болыпты. Жұрттың айтқаны емес, құдайдың айтқаны болып 1936 жылы бір беткей, қайсар ақын өз жүрек қалауымен Бәтиге үйленіп, 1940 жылдың ақпан айына дейін төрт жыл өмірін бірге өткізіпті.
Артынан ілісіп келген он жасар Сара қызға қоса Бәти апамыздың туған сіңлісінен туған Шара (Шарапат) қызды (әке-шешесі қатарынан жұқпалы аурудан көз жұмғандықтан) бауырына басып, өз өлеңдерінде сағынышпен еске алады. 1946 жылы жазылған «Елге амандасу» атты жырында:
«Сәлемет ер жеттің ба балаларым,
Ой тоқтап, орнықты ма саналарың.
Есімнен ертелі-кеш қалмаушы едің,
Уалихан, Шара менен Сараларым» деп сағыныш сарығын басады. Өз кіндігінен жаралған Уалиханнан екі қызды бөлектемей әкелік сөзін арнайды.
Әйтсе де Бегімбет-Дербіс елі ақсақалдары ру намысын жыртып Тәкеңнің бұл әрекетіне түсіністікпен қарай алмайды. Әсіресе, ақынның төтен қазасы, оның шын мәнінде уланудан болған қайғылы қазасы осыдан 11 жыл бұрынғы ескі жараның аузын тырнап ашқандай болады. Есіл ердің қазасын Бәти апамыздан көріп, ол кісіге кешіріммен қарай алмайды. Сондықтан да болар, Бәти апамыз Таңжарық қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай Құлжаға қоныс аударып күйеу баласы (Сараның күйеуі) Бұхара Тышқанбайды төңіректеп солармен бірге тұрды. Бұхара Шинжияң ұйғыр автономиясы өкіметінің мәдениет уәзірлігіне қызметке ауысып Үрімжіге көшкенде Бәти апамыз да бірге кетті. 1962 жылы Қазақстанға Кеңес одағы елінің төлқұжатымен Қазақстанға қоныс аударып кеткен болатын.
Бәти апамызды мен Шымкент Педагогикалық институтында оқып жүргенде 1974 жылы Алматыға келгенімде Бұхара ағаның үйінде көріп әңгімелескен едім. Сексенге таяп қалған қарттығына қарамай, сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейтінін дәлелдегендей дегдар қалпын сақтағанына сүйсіндім.
Таңжарықтай талғампаз сері ақынды өзіне табындырған екі қыздың анасы Бәти келіншектің тұла бойынан сұлулықпен сылқымдықтың із-жұрнағын іздеп қадала қарағаным әлі есімде.
Бәти апамыз қараторыдан гөрі Балуан Шолақ серіні өзіне ғашық қылған Ғалия Банумен Сұршақыз атанған сұлудай Сұршаның әдемісі болған сияқты. Орта бойлы, тіп-тік аршын төсті, аяқ-қолы балғадай шымыр бәдәнді, оймақ ауыз, күлім көздің өзі болғанын шамаладым да Таңжарық атамыздың талғамын ақырын оқығандай болдым.
Бәти апамыздың дауысы да айрықша әуезді, жігерлі һам құлаққа жағымды қоңырлап, бірде екпіндей шығады екен. Есте сақтау қабілетінің сонша мықтылығына да тәнті болдым. 50-60 жылдың алдындағы әңгімені кеше ғана болғандай етіп нақтылап айтады.
Тәкеңе түрмеде алты жыл жолдас болған кіп-кішкентай көк сырлы қобдишаның тарихын әңгімелеп біраз естеліктер айтып еді. Бәти апаны екі-ақ рет көрдім. Ол кісі қысты Алматыда – Бұхарамен Сара қызының үйінде өткізеді екен. Ал жазда Жаркент жақтағы Қоңырөлең, Көкталдағы бауыр-туыстары арасында болады екен. Сондықтан апамызбен кең отырып әңгімелесе алмадым. Көкейімде жүрген түйткілді сұрақтарымды айтып жауап алудың ыңғайы келмей-ақ қойды, көп ұзамай қайран Бәти апамыз дүниеден өтіпті.
Мені мазалаған сұрақтың бірі Таңжарық әкеміздің қайғылы қазасының мән-жәйі болатын.
Құдай сәтін салса ойламаған жерден күтпеген жағдайларға куә болады екенсің.
Ендігі сөзді Шымкенттегі кездесу сәтінде Дәнеш ағам айтқан әңгіме арқылы жалғастырудың реті келіп тұр.
Дәнеш Рақышев туыстық жағынан да, жүріс-тұрыс жағынан да, әсіресе өнер мен оның қадірлі адамдарының өміріне қатысты оқиғаларды бағалау, әспеттеу жағынан да Бәти апасына тым жақын сырлас, мұңдас адам екенін сөз арасында толқи әңгімелеп отырды.
Таңжарықтың өтініші бойынша Балтиевтің үйіндегі отырыста айтқан әнінің бірі – Әсеттің өлер алдында айтқан атақты әні болған екен. Менің Дәнеш ағаның әңгімесі барысында қыстырма ретінде айтқан ақын Таңжарық пен Бәти апамызға қатысты естелікті тәптіштей жазуға себебім Әсет марқұмның сол әнін туындаған көкейкесті сұрақтың жауабын тапқандай болғанымнан еді.
Енді күнделік сөйлейді:
***
1967-жылдың аяғы болса керек. Мен Алматыдағы Бұхара Тышқанбаевтың үйінде қонақта отырғанда баяғы үйреншікті дағдымен Әсеттің өлер алдында елмен қоштасу әнін шабыттана айтып беріп едім.
Бәти апамыз көзіне жас алып терең күрсініспен дауысы жарқышақтана тұтқырланып былай деп еді:
– Сендер білесіңдер ме, жоқ па,мен қайдан білейін,Таңжарық марқұм да солай қайтыс болып еді-ау, ол да көпіреш деген бәледен кетті.
Тәкең Үрімжі түрмесінен келгеннен кейін Құлжада көп тұрмай Күнестегі туыстары арасына бардық, жазда Шақпы жайлауына шығып қымыз ішіп, бағлан етін жеп әжептәуір сергіп тыңайып қалғандай болып жүргенде Тәкең аяқ астынан ауырды да қалды. Қызуы көтеріліп, қолды аяққа тұрмай безектеп, дөңбекши берді. Мен есім шығып не істерімді білмей абдырап қалдым. Көршілес отырған бір бақсы есіме түсіп жүгіріп бардым да жағдайды айтып едім, ол бірден:
– Ыстығы көтеріліп кеткен екен ғой деп бір үлкен кесе суға көпіреш деген дәріні салып соны ішкіз, тәуір болып қалар деді.
Мен дереу үйге келіп кесені Тәкеңе ұсындым. Кеседегі судың беті шытынаған әйнектей быт-шыт болып айғызданып тұр екен.
Тәкең төрде жүрелей отырып кесені қос қолдап ұстаған күйі –
– Бәти мынаны ішейін бе? – деп маған көзін тікте қарады, мен қапелімде не дерімді білмей абдырап тұрғанымда
– Мынаны ішейін бе Бәти мен неге үндемей тұрсың? – деп қатқыл сөйледі.
– Мен қайдан білейін, бақсы ем деп отыр ғой деп міңгірледім. Сол-ақ екен ол кісі кідірместен кеседегі суды қағып салды. Ой сұмдық-ай, сәлден кейін-ақ екі беті шытынай жарылып, өңі бұзыдып кетті, орын төсегін жөндеп салып жатқыздым. Қайдағы жатқан, дөңбекшіп, жаны қинала ыңыранып жан азабына түсті. Сәлден кейін басын көтеріп:
– Бәти қағазбен қалам берші, тездетші деп тапыршыды. Амал қанша, қапелімде ештеңе тауып бере алмай қалдым. Таяу жерде көрші отырған сырнайшы құрдасы бар еді. Соны шақыртып алды. Күн батардың алдында қиналып жатып:
– Мен кететін шығармын. Адам болмаймын-ау. Әттең жарық дүние-ай, қош енді. Ей, құрдас, бір жылдың төлі едік қой. Бар айтарым осы болсын, мені көмгенше сырнайыңды тартып тұр.
Ұқтың ба деп көзін тарс жұмып, үнсіз жатты да күнмен бірге батып бақилық сапарына аттанып кетті, қайран Тәкең. Улап-шулап біз қалдық.
Жұрттың ол туралы не айтқанын қайтемін. Менің өзім куә болған бар жағдай осылай болған еді.
Менің өзегімді өртеген арманды өкінішім, сұраған қағаз-қаламын дер кезінде тауып бере алмағаным, көкейіндегі ақтық сөзін әлде өлеңмен, әлде қара сөзбен жазып Әсетше елімен қоштаса алмағаны, қоштастыра алмағандығым деуге болар. Кімнің аузына қақпақ бола алармын. Ел ішіндегі көп гуілдің бірінің айтуынша мен Таңжарық сұраған қағаз-қаламды әдейі тауып бермей қойған көрінемін. Бірақ асыл азаматынан қапияда айырылып қалған қаншама туыс-туғандардың ол өкпе-ренішіне де түсіністікпен қарауға мәжбүр сияқтымын. Қайтейін,есіл ерім, қайран Тәкенімді Қытайдың алты жыл, жеті айлық азапты түрмесі өлтіре алмағанда өз қолымызбен қаспен көздің арасында азаптап өлтіргендей болғанымыз өзекті өртейді-ақ.
Бәти апам сол бір қайғылы өлімнің мән-жәйін 20 жылдан кейін маған егіле жылап отырып айтып беріп еді.
Қадірлі оқырмандарым. Тағы да ескерте айтайын, мен Дәнеш ағаның айтқандарын сол 1976-жылдың 21-қарашасында қойын дәптеріме қалай түсірген болсам, сол қалпында төте жазудан крилицаға солай көшірдім. Арасындағы қыстырма, анықтамалардан басқа қосып-алар болған жоқ.
Мұны осылай жазып отырған себебім, біріншіден бұл күнде көзі жоқ Дәнеш ағамыздың аруағын сыйлағандығым деп, екіншіден сол бір алмағайып заманда өмір сүрген, өзіме рухани туыс санаған қадірменді адамдардың қилы тағдырына қатысты тарихи ақиқатты бұрмаламай қолдан тігісін жатқыза бояуламай қаз-қалпында жеткізуге деген ынта-ықыласым деп қабылдасаңыздар екен.
Ел ішіндегі қаңқу сөздермен рушылдық пендешіліктен аулақ тұра алсақ өнерге, тарихқа, ақиреттік жолдастыққа адал Дәнеш ағаның айтқандарына шәк келтіруге орын қалмас.
Алда жалда «ол дұрыс емес, дұрысы мынау болатын» дейтін адамдар болса өз уәждерін айта жатар.
Сөз соңында Дәнеш аға өзі сүйіп айтқан әндерінің қандай болғаны туралы айтқандарын келтіре кеткім келді.
Қоңыр қаз.
Сәулем-ай.
Ал, агай.
Қоңыржай-Гүлжай.
Ой, қарға.
Рудай, қыз кетер руға-ай.
Жан ерке.
Аяулым.
Әридәрім.
Баян ауыл.
Шаттық толқыны (өзімдікі)
Мақтанышым, елім бар (Құрманбай Толыбаевтікі)
Қалқам-ау (Мұхтархан Мұсахановтікі)
Шалқын Сайрам.
Сәулетай (Тоныбековтікі)
Өзім шығарған күйлерім
Нұрғазар.
Жаңа тұрмыс.

***
Өнер сүйер қауымға белгілі болғандай әйгілі әнші-композитор Әсет Найманбайдан қалған қаншама асыл әндер мен жыр-дастандарды қазақ халқымен аман-есен қауыштырған адамның бірі һам бірегейі Дәнеш Рақышев еді. Әсеттің орындаушылық мәнерімен аспан дауысты асқақ үніне үндес Дәнештен қалған ән мұрасының өзі не тұрады?
Қытайдағы қазақтармен Қазақстандағы қазақтар арасындағы мәдени-рухани тұтастықты орнықтырған алтын көпірдей болған Дәнеш Рақышевтың орны ерекше.
Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Жауап қалдыру