Ән бұзылды, қазағым, сен бұзылма..!

0
39

Тегінде қазақтың әні тым мұңлы, тым жылауық емес болатын. Әншілері де соншалық заржақ болмаған. Өңк-өңк етіп секіріп, сандарын шапалақтап, малақайын лақтырмайтын. Сүйем, күйем, өлем, Шашыңның иісін искеп өтем, көздеріңнен, сөздеріңнен, жүзде­рің­нен, гүл ерніңнен, тәтті деміңнен деген секілді жабайы тіркестер мүлде түске кірмейтін. Сазгерлері тіпті сал­қын­қанды тұғын.
Мен ауылдан шыққанда бесін еді,
Астымдағы ақ боз ат кісінеді.
Сен есіме түскенде, беу қарағым,
Белімдегі белбеуім шешіледі, –
деген сықылды қарапайым ұйқас­тарға құрылатын. Керек десеңіз ға­шықтың тілі болып есептелетін. Ға­жап­танарлығы бұдан сұлу сөз, ынтық сезім, денеңді дір еткізетін бояу, образ көре алмаймыз. Сөйте тұра елжі­рейміз. Және мұндай әндердің ғұмырының ұзақтығына еш шүбә келтірмейміз. Өз заманының тосын шыққан, қарапайым әні болатын. Енді Абайға оралайық, бір ғана әнін алайық. «Желсіз түнде жарық айды», қалай қарайсыз?
Мезгіл мен мекенге құрылған өлең. Оқиғадан көрі лирикаға жақын. Тымық түн, жарық ай. Таза ауа, сұлу табиғат. (Қыз бен жігіт әрине тапа тал түсте немесе көзге түртсе көргісіз қою тұманда жолықпайды). Суда дір-дір еткен айдың сәулесі. Қыз ернін, қыпша белін, қос бұрымын суреттеуге осы да жетіп жатқан сыңайлы. Судағы айдың дірілі, ол қыздың ұяң жүрегінің символы деп ұғыңыз, тіпті қыздың шолпысының сыңғыры деуге де, тұрарлық. Ауыл сыртындағы терең шатқал ішіндегі, далаға әр берген сұлу өзен жағасында құпия кездесу. Түнделетіп, ұрланып жолығу. Шын ғашықтың сипатын бе­рері xақ. Елестетіп көріңіз. Жүрек қобал­жиды, лүпілдейді, асығады, қор­қады, кездескен соң уақыт өтпесе екен деп тілейді. Осының өзі өлең емес пе?
Шын маxаббат болған жерде мұндай қорқу, асығу, азаптану, ләзаттану деген секілді сезімдер әрине болу керек қой. Ауылдың xақ ортасында, көпті көзінше сүйісіп-өбісіп, күйіп-жанып дарақылана сықылықтап тұрған арзан маxаббатқа құрылмаған поэзия емес пе бұл. Жыра-жылғаның, терең шатқалдың ішінде кездескеннің өзі ол кезде әбестік саналатын шығар.
Қалың ағаш жапырағы, өз-өзімен сыбырласады дейді. Желмен тербеледі дейді. Жер жүзі көк кілем. Бұл тазалық. Пәктік. Атам қазақтың қанына сіңген, пәктігі бұл. Қыз-боз баланың түнгі әніне тау куә. Куә болатыны олардың үрген иті мен айтағына тау жаңғырығады. Ән қосады. Қос ғашық шөп-шөп сүйісіп, сезімсіз серттесіп тұрған жоқ. Алыстан орағытып әрең жолығады. Денелері бір ысып-бір суып, елеңдеп бал-бұл жанады. Тазалықтың, шын ғашықтың, маxаббат өртіне оранған жүректің кейіпін танытады. Себебі арлы жүрек алып-ұшып табысқанда, дүрсілдеп, ұялып, тіл күрмеліп, ғашықтың үнсіз тілімен, түсінісіп жас ару жігіттің кеудесіне басын сүйейді. Алма бет қызыра күреңітіп, бал-бұл жанады. Олар үшін романтиканың шегі осы болмақ. Көпті тәнті еткен Абайдың әні, міне осындай.
«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бейшарасы», – деп өзі айтқан талапты Абай өзі орындап тұр. Сұлтанмаxмұт Торайғыров «Әнің­нің кеткені, сәніңнің кеткені, сәніңнің кеткені жаныңның кеткені» деп аһ ұрса, Абайға «Халқым надан болған соң, қайтып адам болайын», – дегізген (Абайша айтқанда) надан xалық пен бүгінгі теxникамен қаруланған зиялы біздердің тыңдап жүрген әніміз қандай деген сұрақ әрбіреуімізді қынжылтса екен деймін.
Ән бұзылды қазағым, сен бұзылма..!

Ерболат ӘБІКЕНҰЛЫ.

Жауап қалдыру