Музалар үндестігін іздеймін!

0
16

Нұрқанат Жақыпбай елімізге танымал көрнекті театр қайраткері, режиссер, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Бүгінде Астана қаласындағы Жастар театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері. Талай театр фестивальдарында бас жүлделерге ие болған Нұрқанат Жақыпбай биыл өзінің 70 жасқа толған мерейтойын атап өтті.
Сонау 1969 жылы Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына актер болып қабылданған күннен кейінгі күллі өмірі театрмен байланысты болып келеді. Өнерге арналған жарты ғасырға жуық уақыт. Нұрқанат Жақыпбай бұл кезеңде кәсіби тұрғыдан өсу мен қалыптасудың қызықты да бейнетті шақтарын бастан өткерді. Ол ойнаған жүздеген рөлдер, режиссер ретінде қойған ондаған спектакльдер театр өнеріне қосылған өзіндік үлеске айналды.
Нұрекең жастармен жұмыс істегенді ұнатады. Оларға ізденіс бағыттарын нұсқайды, ұстаз ретінде өсуін мұқият қадағалайды. Студенттік шақтағы жастардың эскпериментальді «Мен» театрынан басталған талпыныс аз уақытта өнер ұжымының кәсіби жастар театрына айналуына жол ашты. Үстіміздегі жылы қазан айының соңында Астанада өткен театр фестивалі өнер ұжымының өзіндік сахналық биіктерге жеткенін дәлелдеді. Майталман режиссердің жұмыстарын қарай отырып театр келешегінің кемелдігіне көз жеткіздік.
Әрине, құрылғанына небары он жыл ғана болған мерзім кәсіби шығармашылық ұжымға үлкен уақыт емес. Нұрқанат Жақыпбаев Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында бірқатар шәкірттерінен топ қалыптастырып, қатарынан екі курстың басын біріктірді. Жастарға лайықтап репертуар таңдады. Әр қойылымның көр­кемдік шешіміндегі кейіп­кердің образдық, пласти­калық һәм музыкалық партитураларын дайындады. Сөз, би, ән сын­ды өнердегі жанрлық ком­понент­терінің үндестігін бір арқауға жалғастырды. Бәрін бір ансамбльдің мүшелеріндей лайықты үндестікте қимылдауға бас­тады. Өнер шыңына жету осындай жанқиярлық еңбекпен жүзеге асады. Әдетте ұжымына режиссері, режиссеріне ұжымы сай келе бермейді. Жастар театры кәсіби театрлардың ішінде осындай үйлесімділіктегі ұжым, ол елімізде ілеуде бір кездесетін ақиқат жағдай.
Режиссердің кәсіби мамандыққа деген ұстанымының анықтылығы, синтездік өнерге деген ынта-жігері, талмайтын еңбекқорлығы оның шығармашылығының басты ұстанымдары. Бұл туралы театр тарланы журналист Назерке Жұмабайға берген сұхбатында: «Режиссер қолға алған кез-келген дүниенің «өмірбаянын» қоюға міндетті емес. Суретте де, скульптурада да, музыкада да бір-ақ сәтін ұстап қалу керек. Спектакльде де дәл солай. Өнер таңғалудан тұрады, өйткені адам көзіне көрінген нәрсеге емес, көңіліне әсер еткен дүниеге таң қалады. Мәселен, сурет галереясына кіріп келгенде, ішіндегі бір туындыға айырша назарыңыз ауды делік. Суреттің барлығы емес, тек біреуі ғана. Демек оған суретшінің жан дүниесі, сезімі сіңген. Сол шығармашылық қуат көрушісіне міндетті түрде сезіледі. Үнсіз қалып жүрек лүп-лүп соқпаса, бұл өнер емес. Біз көркемөнерпаздар емес кәсіби мамандармыз!», –дейді сондықтан.
Бұл режиссер үшін өте орынды ұстаным, кәсіби өнер шебері көрерменнің асқақ қиялына қанат байлап, бірде күлдіріп, бірде жылатып, бірде мұңға батырмаса онда өнердің де құны қалмайды ғой.
Нұрқанат Астанадағы Жастар театрына өзіндік қолтаңбасын қалдырып келеді. Таңның атысынан кештің бастысына дейін ізденіс пен шыңдалу. Труппа әртістерінің жұмыс кестесі әр ай, әр апта, әр күнге белгіленіліп қойылған. Режиссер жас дарындарды тәрбиелеуде ойын өрне­гі ерекше болуын, көркемдік шындықтың тереңіне бойлауды, алдына Алатаудай асқақ арман қоя білуді бұлжымас қағидаға айналдырған. Режиссер әлемдік театр өнері бәсекесіне лайық таланттар тәрбиелегісі келеді. Білім-біліктілігімен қоса рухани күш-қуаты мықты шәкірттер қалыптастыруды көздейді. Әр сабақтың ерекшелігін ескере отырып онда түрлі музаның бір арнада үндестік табатындай шешімдерге жетелейді.
Қазақ жастарының бойында сегіз қырлылық пен бір сырлылық сияқты асыл қасиеттер орныққаны қуантады. К.С.Станиславский, В.Э.Мейрхолд, В.Немирович-Дан­ченко, М.Чехов сынды сахна өнерінің реформаторы ұсынған бағытқа қоса Ш.Айманов, Ә.Мәмбетов, А.Тоқ­панов сынды отандық ғұламалар нұсқаған жол да қаперден шыққан емес. Ізденістерден туындаған әдістемелік іс-әркеттер ұлттық нақышқа ойыса орындалса әрине, құба құп. Берік ұстаным, табанды еңбек өнер шаңырағын аз жылдардың өзінде өз биігіне көтерді әрі нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай.
Он жыл ішінде жүзге тарта спектакль қойылса оның 11-і әртүрлі республикалық, халық­ара­лық деңгейдегі фестивальдерде бас жүлдені иеленіпті. Нұр­қанат Жақыпбай адам өмірі­нің ішкі сезім иірімдерінен басталатын мұңы мен махаббатын, қуанышы мен қайғысын, достығы мен қастығын, адалдығы мен опасыздығын, шынайылығы мен кесір-кесапатын ашады. Ізгілік иелері мен тоғышар топас шенқұмарларды өлтіре мінейді. Сахналанған шығармалар қатарында У.Шекспир, Ж.Пило, О.Шультез сияқты еуропалық классиктерімен қатар Ш. Айтматовтың, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ә. Кекілбай, С. Раев, Н. Гоголь, Т. Ахметжан, О. Бөкей, Н. Оразалин сынды отандық драматургтердің де шығармалары бар. «Сахна дегеніміз үлкейтілген әрекет айнасы». Тақырыпты көркемдеп, көрерменіне ізгілікті ой тастай алуы кемеліне келген сахна сарбазының ғана қолынан келері анық.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры «Парасат», «Достық» ма­ра­паттарының, «Алтын Адам» ұлттық сыйлығының, Ха­­лық­­аралық Ш.Айтматов атын­­­­дағы алтын медалі мен «Тар­­лан» сый­лықтарының иегері Н.Жақып­байдың 70 жыл­дық мерейтойы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілді.
Театр фестивалінде респуб­ликаның тоғыз облыстық драма театрларының әртістері қатысты. Оларға жеті күн бойы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кәсіби ұстаздары сахна тілі, вокал, актер пластикасы пәндерінен мастер-кластар өткізді. Сахна сыншылары кешкі қойылымдарға кәсіби тұрғыда талдау өткізді. Қатысушы театрлардың актер, режиссер, басқарушыларының фестиваль аясында пікір алмасып, шеберлік жетілдіргені де оңды қадам болды.
Ия, елімізде фестивальдер мен мерейтойға арналған кеш­тер жетіп артылады…. Бірақ, тәлімі мол талғамы терең тұжы­рым­ды ой түйетін кәсіби сахна маман­дарының еңбегі айырық­ша. Сол қатарда Нұрқанат Жақыпбайдың қойылымдарына дуылдата соғыл­ған шапалақ режиссердің қиялын аспандатып, жаңа шығар­маларға жетелейтіні сөзсіз.

Аман ҚҰЛБАЕВ,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық
өнер академиясының деканы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
профессор

Жауап қалдыру