Өмірі өнеге болған – Хамза қажы

0
50

Көрнекті термеші, ақын, ішкі істер органдарының доғарыстағы полковнигі, көп жыл осы органның аудандық бөлімін адал басқарған, бірнеше мемлекеттік наградалардың иесі марқұм Қамза қажы Екейбаев биыл тірі болғанда 90 жасқа келер еді. Таяуда Алматы облысы Қарасай аудандық мәдениет сарайында қайраткердің 90 жылдығы көпшіліктің қатысуымен арнайы аталып өтілді. Осы орайда Хамза қажының ақындығын, білімділігін, адамгершілігін еске алғанды жөн көрдік.
Хамза қажының бүкіл өмір-ғұмыры туған халқына адал қызмет етумен бірге, өлең өнеріне де арналып, халық арасында жыршы, термеші деген құрметті атаққа да ұласқан. Ол кісі жер басып жүре бергенде биыл 90 жасын тойлайтын едік. Амал қанша, жыршы ағамыз ортамызда жоқ, оның жарқын бейнесі көз алдымызда.
Хамза қажы Тілеубайұлы Екей­баев 1928 жылы Алматы облысы, Қаскелен ауданы, Бірінші май елді мекенінде, Шұбарат тауының етегінде дүниеге келген. 1936 жылы осы ауылда мектеп табылдырығын аттайды, ал 1944 жылы қазақстандық 750 өрімдей жаспен бірге Кузбасс кен-металлургия комбинатына ФЗО-ға оқуға аттанады. Еңбекпен өрілген оқудан Хамза 1946 жылы елге оралады.
Жаркент шекара бекетінде сақшы болып қызмет атқарады. Одан кейін көп жыл Қарағанды облысында ішкі істер органында қызмет істеп, қатардағы сақшыдан полиция полковнигі дәрежесіне дейін көтеріледі. 1988 жылы еңбек демалысына шығады. Ерен еңбегі үшін бірнеше рет мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Хамза ағамен 1979 жылы Қарағанды қаласында таныстым. Дәм-тұз бұйырып сол жылдары Қарағанды мемлекеттік университетіне, заң факульте­тіне оқытушы­лық қыз­мет­ке қа­былданғанмын. Ал­маты­дан аттанарда туған ағам­дай қам­қор болған Вилтан Сағым­байұлы Айнанов: «Қара­ғандыға бара жатырсың, сол жерде Хамза деген ағаң бар, бір ауданның милиция бөлімінің бастығы, сол кісіні тауып алып, сәлем айт, екеуіміз Нарынқолда шекара әскерінде бірге болғанбыз» деді. Қарағандыға барып, біраз жұмыс істеп үйреніп алған соң, бір күні Майқұдық деген жерге Хамза ағамды іздеп бардым. Танысып, жай-жапсарымды ай­тып, Вилтан ағаның сәлемін жет­кізген соң, ол мені жылы қа­былдап, содан кейін туған ба­уыр­дай аралас-құралас болып кеттік.
Сол үйдегі Марға жеңгем де асыл адам еді, мамандығы әдебиетші, көп жыл ұстаз болған, адамгершілігі мол, көпке үлгі болатын, жөн-жоба көрсететін білімді жан. Бірге араласқан азаматтардың барлығы да Марға жеңгемнің: «Хамза ағаңды өзім әдебиетші болған соң ғұлама ақындардың, шешендердің, билердің сөзіне көңілін аударып, елді өзіне тартатын термешілікке бой алғыз­дым, енді ағаларыңның домбырасын қолына берейін, қалғанын өздерің кейін айта жүрерсіңдер» деп айтқаны есімде.
Хамза ағам сол жолы әсем домбырасын қолға алып, бі­раз күмбірлетіп тартып, сөз бас­тады: «Жеңгелеріңнің айт­қаны рас, ма­ған қажетті ай­тыс ақындарының жырларын жинап беріп, «Домбыраны жақ­сы тартасың, енді осы ұлы бабаларымыздың ай­ты­сын халқыңа жеткіз, сол ғұлама­­лар­дың сауабы тиеді, жаман бол­майсың» дейтін. Осы сөз дәтке қуат болып, біраз ақын­дардың жырларын жаттап, ел арасында айтып жүрмін. Солардың ішінде маған өте ұнайтыны Сүйінбай бабамыз бен қырғыз ақыны Қатағанның айтысы. Ұлы жазушы, кемеңгер ғұлама Мұхтар Әуезов Сүйін­байды «ақындардың алтын діңгегі»  деп бекер айтпаған. Сүйінбай көзі тірісінде тірі жаннан жеңіліп көрмеген екен».
Сүйінбай бабамыздың қа­сиетті сөздерін айтқан сайын Хамза ағам жігерленіп, бойы­на күш-қайрат біткендей құлпырып кете берер еді. Осы айтыста қазақтың бірлігін, салт-дәстүрін, ел тыныштығын, ұлылардың кемеңгерлігін, кең байтақ жеріміздің байлығын айтып Сүйінбай Қатағанды жеңеді, оны қырғыз ағайындар да мойындайды. Хамза ағамыз Сүйінбай бабамызды өте құрмет тұтатын, оның аруағына әр уақыт құран бағыштап, ұлылығына бас иетін. Қандай жиында отырса да Сүйінбай бабамыздың жақсы мен жаман адамның қасиеттері – деген жырын домбыраға салып өсиет ретінде айтатын. Енді Сүйінбай бабамыздын осы өсиетін тыңдаңыз:
Жақсы жігіт ел-жұртының қаласындай,
Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай,
Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,
Көреді бәрін де өз баласындай.
Жақсы жігіт сөзіне сақ тұрады,
Қыранның қырдан байқар баласындай.
Жаман парқы жақсымен бірдей емес,
Жақсы жігіт елінің ағасындай.
Жақсының сөзін әркім пайдаланар,
Миуалы алма, өріктің ағашындай.
Жаманның көкірегі – көр, көзі соқыр,
Жүрер жолдан тал түсте адасып-ай.
Жақсы адам қай жерден ажырайды,
Жақсымын деп бәрі жүр таласып-ай.
Жамандар өтірікші, өсегі көп,
Ел-жұрттың іріткі салар арасына-ай.
Жалған сөзбен бықсытар ел арасын,
Жанбай қалған ағаштың шаласындай.
Соқтығып әркімге бір ұрынады,
Сиырдың тентек болған танасындай.
Сондай жанның ешкімге сүйкімі жоқ,
Жылқының қотыр болған аласындай.
Жақсы адам елдің басшы серкесіндей,
Жұғымды болар елге еркесіндей.
Жақсының жүзі жылы, сөзі майда,
Халқымның қалың жүнді көрпесіндей.
Жақсы болар баланың жүзі жақсы,
Орыстың күймей піскен бөлкесіндей.
Жақсыға үлкен-кіші бәрі жақсы,
Жасынан бірге өскен еркесіндей.
Жақсы кісі көрінер жыл құсындай,
Жаман адам балтаның ұнғысындай.
«Олақтан салақ жаман» деген мақал,
Жамандар түзей алмас тұрмысын-ай.
Жақсы адам алысты жақын етер,
Беттескен екі таудың тұрғысындай.
Жамандар өсек-аяң айтып жүрер,
Ешкімнің білмесе де қылмысын-ай.
Жаманның кеудесі үлкен, сөзі кесек,
Ақылы ауысқан адамның жындысындай.
Екеуін салыстырып әдейі айттым,
Қажетін қолданасың тұрмысыңа-ай.
Хамзакеңнің шабыты келгенде жырлайтын термесінің бірі Мақтымқұлының мына нақыл толғауы еді:
Биік таулар, бойшаңмын деп шіренбе,
Бір күн құлап, сен де типыл боларсың,
Терең теңіз, тәккаббарсып түнерме,
Суың кепсе, сен де бір шөл боларсың.
Таудағы аю, арыстан мен барыстан,
Піл мен бір күн тышқан, шыбын алысар.
Сең соғылса Нілдегі нән балықтар
Құлаққа ұрған есекке тең боларсың.
Қияметті болжап айтсам ұрпаққа,
Қарау біткен жығылмақшы таяққа,
Залым біткен тапталмақшы аяққа,
Ғарып біткен әділет шері боларсың.
Тұлпар мініп, сұлу құшқан әуре жан,
Не әкетпекші сонда мынау жалғаннан?
Қор болмақшы ар-иманнан құр қалған,
Ұятты жан, жарық нұрдай боларсың.
Үлгі қылса тыңдаған жұрт сөзіңді,
Менменсімей, төмен ұста өзіңді.
Ғалымға ерсең күндей ашар көзіңді,
Наданға ерсең, қараңғы көр боларсың.
Лұқмандай тапсаң дерттің дауасын,
Рүстемдей жыртсаң жаудың жағасын,
Ескендірдей алсаң дүние қаласын,
Сонда да бір жермен-жексен боларсың.
Мақтымқұлы, өлшеп сөйле бойыңа,
Асыңды бер қарай-қарай жайыңа.
Дана тапсаң, басыңды қи жолыңа,
Сонда өзің де кәміл адам боларсың.
Осы ғұлама адамның ой-өрісінің түпкі мәні де астамшылықтан аулақ болып, адамдар арасындағы бірлікті, тату­лықты, өтпелі өмірдегі адами қасиеттерді сақтап, құрметтеуге арналған ғой. Осыған орай біздің бабаларымыз да «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», «Рушылдық – жұт, ұйымшылдық – құт». «Бірлік, татулық түбі – береке, ынтымақ пен достық түбі мереке» деп түйіндейтін Хамзекең өз сөзін.
Хамза қажы ұлылардың ғұлама сөз­­де­ріне ерекше мән беретін. Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ғибраттарын жатқа айтатын. Ол кісіге Мөңке бидің жорама­лы қатты ұнаушы еді. Домбыраға үн беріп, ол жорамалды жырлағанда тың­дап отырғандарға терең ой салатын, бо­лашаққа зор бағдар беретін.
Хамзакеңнің тағы бір ерекше қа­сие­ті үйленіп, тұрмыс құрған жас жұбай­ларға беретін батасының мәнінің маңыз­дылығында еді. Хамзакең шың пейілімен қолын жайып, жұбайларға мынандай бата-тілек білдіретін:
Айналайын, жұбайлар!
Сіздерге Алла тағала,
Сезімнің пәктігін берсін,
Көңілдің ақтығын берсін,
Аяулы отбастарыңа,
Сәбидің шатты үнін берсін!
Айналайын, жұбайлар!
Үлкен ел ағасы болыңдар,
Ел анасы болыңдар,
Ғалым болыңдар, дарын болыңдар,
Ол үшін жақсылармен жанасып жүріңдер.
Қаріптерге қарасып жүріңдер,
Щалқудың шамасын біліңдер,
Ақ пен қараның арасын біліңдер!
Ұрпақтарың көп болсын,
Алла тағала ұрпақтарыңа –
Ұлы Абайдың басын берсін,
Құртқа тәуіптің жасын берсін,
Күләштің әнін, Сәкеннің сәнін берсін,
Жиренше бабамыздың шешендігін берсін,
Қарасай бабамыздың батырлығын берсін,
Жамбыл атамыздың ақындығын берсін,
Ағайын-туыстардың жақындығын берсін,
Алладан рахмет, пайғамбардан шапағат берсін, Аумин!
«Бабаларымыздың данышпандық өсиеті, еліміздің өнегелі әдет-ғұрып, дәстүрі – Алланың бізге берген үлкен сыйы, жастарымызды осы жолмен тәрбиелесек, біз ешуақытта кем болмаймыз, бай қуатты, өнегелі елге айналамыз» дейтін Хамза ағаның көп азаматқа көмегі тиді. Ағалық қамқорлығын ешкімнен аяған жоқ, туған ауылына керемет мешіт салып, елді имандылық жолға салды, өзі үш рет Меккеге қажылыққа барып келді. Ел-жұртының, Жаратқан иемнің алдында өз парызын адалдықпен атқарған мұндай азаматтың аты мәңгілік есте қалады.

Арықбай АҒЫБАЕВ,
заң ғылымдарының докторы,
профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Жауап қалдыру