Мұқағали рухының шырақшысы

0
378

атанған аяулы азамат Жұмаш Өтеев жайлы сыр

…Жүйріктен де жүйрік бар,
Қазанаты бір бөлек.
Жігітте де жігіт бар,
Азаматы бір бөлек, – дейді ғой дана халқымыз. Бұл тура мен сөз еткелі отырған Жұмаш Өтеев марқұмға тікелей қатысты тәрізді. Жұ­маш ағамыз да қазақ поэзия­сының «Хан-Тәңірі» атанған Мұқағали Мақатаев туған қасиетті Қарасаз өңірінде дүние есігін ашқан. Өле-өлгенше Мұқағали жырлап өткен Қарасаз, Елшен­бүйрек, Шалкөде, Есекартқан, Айғайтас, ақ шуда бұлттармен сырласқан асқар таулар, күміс күлкілі сырлы бұлақтар, міне осының бәрі Жұмаш ағамыздың да балалық балдәурен күндерінің куәсі. Осындай ғажайып, сұлу да көрікті өлкеде өмір сүрген адам жанының сұлу бол­мас­қа, жақсылыққа құштар болмасқа әддісі жоқ секілді.
Жұмаш ағамыздың бар саналы ғұмыры осы Қарасаз ауылының өсіп өркендеуіне, болашағының жарқын болуына арналды. Ол қай жерде еңбек етпесін жаңа бастамалардың, болашақ ұр­пақтың келешегіне, қаже­тіне жарайтын игілікті істердің басында болатын. Жүкеңнің есімін алғаш 1979 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, Сарыжаз ауылында жас ұстаз болып еңбек ете бастаған тұста естідім.
Аудандағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білікті мамандары қатарында Жұмаш Өтеевтің де есімі ерекше құрметпен аталатын. Кейін аудандық комсомол комитетінде, аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінде, аудандық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарып жүрген тұста жұмыс барысында жиі кездесіп тұрдық. Жүкең де ауылдық кеңестің төрғасы, ауыл әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. Сол кездерде, оның бойынан жоғарыда айтып кеткенімдей, өзінен жоғары қызмет атқаратындар алдында бәзбірулерше өтірік мәймөңкелемейтін, өз ісіне деген табандылық мінезін байқадым. Ешкімнің алдына түсе бермейтін және ешкімді алдына түсірмейтін. Қандай қызметте болсын өзіндік жаңа­­лық әкелуге тырысатын.
Өткен ғасырдың 80 жыл­дары­­ның бас кезінде ауданда алғаш рет мектеп оқушылары арасында өткізілген ақындар айтысын ұйымдастыруға белсене араласты. Өзі ұстаздық ететін мектептегі жас ақын­дардың қалыптасуына ық­пал етті. Осы тұста Мұқа­ғали ақынның мұрасын наси­хаттауға байланысты қыз­метін ерекше айтпасқа болмайды.
Бірте-бірте ол ауданда Мұқағали мұрасын наси­хаттаушылардың ал­дың­ғы легіне шықты. Кейін замандастары оны «Мұқағали Мақатаев шығар­машылығының шырақ­шысы» деп ататйтын болды. Шыныменде ол Мұқағали туындыларын аудан өңірінде қайта жандандырған тұлға. Өзі Мұқағалидың алдын көр­ген, шәкірті болған жан. Ол туралы Жүкең 2014 жылы жарық көрген «Қазақ өлеңнің қас шебері» атты кітабында жан-жақты баяндайды. Жас ұстаз кезінде туған ауылы Қарасазға атбасын бұрған ақынмен кездесіп тұрғандығы жайлы айта келіп, сол кездегі Мұқағалидің кейбір қызық мінездері, ақындық тұлғасын көрсететін әдеттері жайлы қоспасыз баяндайды.
Жұмаш Өтеев қазір алты Алашт­ың азаматтары тәу ететін Мұқағали мұра­жайы­ның о баста өмірге келуіне себепші болған тұлға. Ол сонау 1976 жылы Мұқағали өмір­ден өте салысымен өзі еңбек ететін Энгельс атын­дағы (қазір Албан Асан Бар­манбекұлы атындағы) орта мектепте алғаш рет Мұқа­ғали шығармашылығына арнал­ған мүйістің ашылуына мұрындық болды. Содан әрі жалғастырып мектепте Мұқа­ғалиға арналған мұра­жай ашылды. Сабақтан тыс шараларда Мұқағали шы­ғар­­машылығын барынша наси­хат­талды.
Мұқағали оқу­ларын, оқыр­мандар кон­ферен­цияларын өткізді. Ау­дан­дық деңгейдегі шаралар­ды Қарасазда өткі­зілуіне күш салды. Қысқасы, Жұмаш Өтеевтің ықпалымен бүкіл Қарасаз ауылы «Мұқа­ғали деп кеш батырып, Мұқағали деп таң атыратын» болды. Содан бастап Қарасаз дүр сілкінді.
Күні бүгінге дейін солай. Ол туралы Алматыдан Қарасазға барып қайтқан қаламдастарым аузының суы құрып әңгімелейді. Міне, бүгінгі күні өткізіліп жүрген республикалық «Мұқағали оқуларының» басында кім тұрғанын айтпасақ та іштеріңіз біліп отырған болар. Әрине, алғашында бұл шараларды ұйымдастыру оңай болған жоқ. Күллі тосқауылды жеңуге Жүкеңнің Мұқағали шығармашылығана деген ғашықтығы себеп болған шы­ғар. Мектепте мұражай ашу жайлы сол кездегі ауда­н­дық партия комитетінің бірінші хатшысы Бақыт Ос­па­новтың қабылдауында Жү­кең ұстаз, аяулы ана Жалғас апай Келдібекова екеуінің бірге барғандығынан ха­барымыз бар. Бәкең де бас­тамашыл ұстаздарды қолдай отырып, 60 жылдығы таяу қалған Мұқағали Мақатаевқа сәулетті мұражай салу жобасын да бастап беріпті.
Міне, ел игіліне, ақын рухына арналған руханият ордасы осылай өмірге келген. Жүкең зейнетке шыққанға дейін 1996 жылдан 2011 жыл аралығында М.Мақатаев атындағы әде­би-мемориалды музейінде директорлық қызмет атқар­ды. Алыс-жақыннан келген мей­мандарға Мұқағали шығар­машылығы турлы әсерлі баян­дап беруші еді.
Жалпы Жұмаш Өтеевтің болашақ жас ұрпақ алдында атқарған еңбегі ұшан теңіз. Оны бастамасымен өмірге келген жастарға ұлттық тәрбие беру бағытындағы «Алтын көмбе» халықтық педогогика мектебі кезінде рес­публика өңірінде ең бағалы бастама болды. Осы мектептен тәлім алуға еліміздің түкпір-түкпірінен ұстаздар жиі атбасын бұратын. Олар Қарасазда Өтеев мектебінен тәжірибе жинақтап, үйреніп, өресін биіктетіп қайтатын. Қазір де Жүкеңнің бұл игілікті ісі республикалық «Өрлеу» білім жетілдіру институты арқылы жер-жердегі білім орындарына таратылуда.
«Өлді деуге бола ма айтың­даршы, Өлмейтұғын соңына сөз қалдырған» дейді даныш­пан Абай. Жүкең мерейлі 70 жасына бір жыл қалғанда 2016 жылы өмірден өтті. Десек те, Жұмаш ағамыздың арманы жоқ та секілді көрінеді. Артына өлмейтұғын ісін қалдырды. Бірнеше кітаптың авторы болды. Мұқағали шығармашылығынан ғылыми атақ қорғады. Ауылда жүріп-ақ филология ғылымдарының кандидаты атанды. Көрікті қыздар, бөрікті ұлдар өсірді. Олар да өздерінің жолын тауып, бір қауым елге айналды. Аллаға шүкір, немерелері де өсіп келеді. Ертең-ақ олар атасының есімін мақтаныш ететін болады. Мақтаныш демекші, Қарасаз ауылы Мұқағалиын, Еркінін, Ауғанбай, Амантайларын мақтаныш етсе, сол қатарда Жұмаш Өтеевтің де есімі аталатынына сенімдімін.

Жұмашқа хат
немесе оның Мұқағали ақын туралы естелік жинағын оқығаннан соң

Жұмаш ағам,
Не айтсам екен жырыммен сірә, саған,
Мұқағали мұң-сырын дәл тап басқан,
Бұл жалғанда Өзіңнен кім асады, ә.

Жұмаш ағам,
Айтсам деген ойым ед бұл да саған,
Жалғандықты көресің жаныңа жат,
Хат жазғаным өзіңе сірә, содан.

Жұмаш ағам,
(Жасырмайды шын сырын ұнаса Адам).
Ұлы Мұқаң тағдырын ақтарасың,
Сәттерін де шаттанған, «мұң асаған».

Жұмаш ағам,
«Жазғыштарды» білем көп, сірәсі «арам».
Естелікпен қосылып «естілерге»,
Өзін бетті санайды сірә, содан.

Жұмаш ағам,
Көрмегенді көреді тірі осы адам.
Мұқағали ақынмен малданған көп,
Бос мақтанмен «қырттар да қыр асады, ә».

Жұмаш ағам,
Дей алмаймын солармен күресе алам.
Тірісінде Мұқаңнан қашып жүріп,
Досым дейді «бір ішіп, бір асаған».

Жұмаш ағам,
Ғажап екен еңбегің бұл жасаған.
Алмай-қоспай келбетін суреттепсіз,
Ақиқатын жазады шын дос адам…

Жұмаш ағам,
Ойлағам жоқ өзіңді «мұңға» салам.
Болашақта Сізбен де сыр бөлісер,
Мұқаң айтқан, ұрпақтар кұрдас оған…
Сеніңіз…

Серікжан ҚАЖИ

Жауап қалдыру