Мұқағали әлемі режиссердің көзімен

0
227

Бүгінгі жаһандануда ұлттық құндылық­тарымызды сақтап қалу үшін өнердің берері көп. Таңның атысы мен кештің батысына дейінгі қарбалас уақытта бір мезет өмірдің мәнін түсініп, өзіңнің бейнеңді сырттай бақылауға өнер әлемі айна іспеттес. Оның ішінде театр өнері көрерменді рухани жаңаруға жетелейді. Театр өнері мен поэзия әлемін тоғыстырсаңыз, қос қанат біткендей керемет күй кешесіз. Осындай кештің бірі поэзия әлемінің алыбы Мұқағали Мақатаевтың туылған күніне арналып, таяуда Астанадағы «Қазақконцерттің» сахнасында өтті. Онда өнер көрсеткен «Астана мюзикл театрының» артистері көрермендерді ақынның рухымен қауыштырды.
Әдеби сазды кеш жаңа тосын форматта бой көр­сетті. Мұнда ақынның бей­несі таптаурындылыққа са­лынбай тың дүниелермен то­лық­тырылыпты. Режис­сер М.Мақатаевтың өлең­дері арқылы оны үш қыры­нан ашып берді. Ол – лирик Мұқағали, тентек Мұқағали, патриот Мұқа­ғали. Қойылымның режис­сері – Аман Гумаров. Бұған дейін ол өзін актер ретін­де танытқан. Ал режис­сер ретінде бұл оның ал­ғаш­қы талпынысы. М.Ма­­қа­таев­қа арналған «Жыр­лай­ды жүрек» әдеби-саз­ды қой­ылымы Аманның ре­­­жис­­­­сер­лік мүмкіндігінің мол екен­дігін байқатты.

Анықтама

Аман Гумаров небары 25 жаста. Ол Батыс Қа­зақстан облысы, Жа­ңақала ауданы, Қызылоба ауылында дүниеге келген. Әкесі – Қасиден, анасы – Нұржамал. Қарапайым отбасынан шыққан жас дарын иесінің бойына берілген өнерге деген құш­тарлық атасынан дары­ған. Атасы ақын, күйші болған. А.Гумаров 2011 жылы арман қуып Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының «Музы­­калық театр артисі» мамандығы бойын­ша белгілі режиссер Ас­хат Маемировтың ше­бер­­ха­насына оқуға түседі. 2015 жылы оқуын аяқ­та­ған соң, «Драма театр режиссері» ма­ман­­­­дығы бойынша білі­мін Еркін Жуасбектің жетек­­­шілігімен магист­ратурада жал­ғастырды. Ғ.Мүсіре­пов атындағы Қазақ Мемлекеттік ака­демия­лық балалар мен жасөс­пірімдер теат­рын­да актер болды. 2017 жылы арнайы шақырумен «Астана мюзикл» теат­рына әрі актер, әрі ре­жиссер болып келді. Осы уақытқа дейін сах­на­да бірнеше ірі рөл­дер­ді сом­дап, бірнеше фильмге де тү­сіп үлгер­ген.

Қо­йы­­лы­мында басты ке­­­йіп­­­кер жоқ. Театрдың бү­кіл артистері ақынның бей­­­­не­­сін мозаикалық тә­сіл­­­­мен сомдады. Бірақ еш­­­бір гримсіз, декора­ция­­­сыз, рек­визитсіз. Бұл қойы­­лым­нан еуропа­лық режиссер Ежи Гратовскийдің «Кедей театр» элементтерін анық байқауға болады. Өйт­кені режиссер актерлік ойын­ға басты екпін салған. Қағи­далы айырма­шы­лық­тар жө­нінде белгілі ағыл­шын режиссері Эдвард Гордон Крэг: «Қойы­лымның негізгі идеясын жеткізу үшін суретші-декораторлардың алатын орны зор, ал актер – қуыр­­шақ», – десе, Е.Гра­товский керісінше: «Көп режиссерлер жарыққа, гримге, музыкаға, декора­цияға және оқиға желісіне көп мән береді де, актерлік ойын тыс қалып жатады. Негізгі екпін актер ойынына бағытталуы керек», – дейді. Крэг айтатын қуыршақтық қағидат бүгінде қазақ театрларында белең алып отыр. Ал Аман Гумаровтың режиссерлік ерекшелігі ол актерлік өнерді алдыңғы планға шығарған. Оның басты мақсаты – ак­тердің жан дүниесі арқы­лы қойылымның негізгі идея­сын ашу. Осы міндетті ат­қару үшін Мейрхольдің «био­ме­­ханика» жүйесіне де сүйенген.
Мысалы, қойылымда А.Гу­­ма­ров сомдаған эпизод­тық М.Мақатаевтың ролін­де ақынның қия­лын­да­ғы махаббаты түсіне кіре­тін жері бар. Осы тұста актриса ақынның қиялы ретінде билейтін көрініс бар. Актрисаның ішкі жан дү­ниесі қимыл-әрекеті ар­қы­лы көрінеді. Яғни, био – табиғи, жанды және сыртқы механизммен, әрекетпен ұштасып жатты. Сонымен қатар орыс актері Михаил Че­ховтың «Актердің техни­касы жайында» атты әдісі де пайдаланылғанын бай­қадық.
М.Чеховтың айтатыны актердің энергиясы, яки күш-қуаты арқылы керекті ақ­па­ратты көрерменге жет­­кізу. Осының негізінде кө­рер­меннің «Жырлайды жү­рек» қойылымынан ал­ған әсері актерлердің энер­гия­сының жылуынан туын­­да­ған күй. Мәселен, ақын­ның соғыс жайындағы өлең­­дерінің бірін актриса ба­­сы­нан шешіп алған ора­­малын сүйрете жүріп оқиды. Мұнда біріншіден, қа­зақтың қалыптасқан сал­тында кү­йеуі қаза болған әйел ба­сындағы орамалын ше­шіп, шашын жайып жібе­реді.
Екіншіден, М.Чеховтың айтатын психологиялық ым-ишара әдісі көрініс бе­реді. Режиссер осы екі әдісті негізге ала отырып, адамның тосын оқиғадан бірден басын ұстайтынын және әйел адамның ора­малды шешу арқылы ішкі трагедиясын көр­се­туге ұмтылған. Мұның бар­­­лығы режиссердің ізде­нісі, жаңашыл болуға талпын­ғаны. А.Гумаров кейбір режиссерлер сынды нақты К.С.Станис­лавскийдің әді­сін, не болмаса Б.Брех­тың әдісін, тағысын тағы ұстанбай, әр жүйеден өзіне керегін алып, қазақтың болмысына ыңғайлап, оны қазақы дүниетаныммен бай­ланыстырғаны қазақ ре­жис­сурасының бүгінгі таң­дағы тосын ізденісі.
«Жырлайды жүрек» қо­­йылымының тағы бір ерек­шелігі – оның компози­циялық құрылымында. Онда штамп болып қатып қалған: экспозиция, өрбу, шарықтау шегі, құлдырау және шешім деген жоқ. Қойылымдағы құрылым кардиограммалық жолақ тәріздес. Жүректің лүпілі секілді бірде төмен, бір­де жоғары, қала берді көңіл-күйге байланысты бірде қатты, бірде баяу. Режиссер өмірдің аумалы-төкпелі екенін көрсеткісі келгендей. Актерлер қойы­лым басталғаннан соңына дейін сахнада. М.Мақа­таевтың ролін кезек-кезек алмастырған актерлердің артқы жағында қалған орындаушылар халықтық сахна (массовка) мен де­корацияның орнын ал­мас­тырып тұрды.
Бүгіндері қазақ өнерінің басты проблемаларының бірі – фонограмма. Сол сынды, театр өнерінде де талайдан бері айтылып келе жатқан тақырып. Осы орайда бұл қойылым бізді қуантпай қоймады. Себебі хор, жанды дауыстағы ән, фортепиано, домбыра, ги­тара сүйемелдеуі көрер­менді тәнті етті. Оған қоса би, поэзия, құдды бір пер­форманс дерсіз.
Тоқсан ауыз сөздің то­бық­тай түйіні, аталмыш қойы­лым жас режиссердің тың дүниесі. Қазақ театр өнерінде осындай жаңа бетбұрыстар қолдау табар болса, қазақ өнерінің гүл­денуіне жаңа жол ашыл­мақ. Режиссер Аман Гума­ров: «Біз шет елдің туын­дыларын орындап, әлемді таңдандыра алмай­мыз, тек қазақи құндылық­тарымызды дәріптеу ар­қылы ғана әлемдік аре­наға шыға аламыз», дейді. Бұл шын мәнінде қазақ театр өнерін табысқа бас­тайтын лайықты ұста­ным деп бағалаймыз.

Альбина ТУЛАҚОВА,
театр сыншысы.

 

Жауап қалдыру