Өлең деген бабамның аманаты

0
251

Тұрлан Ботабаев – Алматы облысының Шелек өңірінде Сарыбұлақ ауылында туып-өскен. Бұған дейін «Ақын – жүрек», «Өн бойым – өлең, жыр – кеудем» атты жыр жинақтары жарық көрген. Төменде Тұрлан ақынның бір топ өлеңдері жыр сүйер қауымның назарына ұсынылып отыр.     

АУЫЛҒА СӘЛЕМ
Ешқандай жерге,
Ұқсамайтұғын еш елге,
Бауырым қалай?
Ауылым аман-есен бе?
Жарықтық анау, көне көздерім бар ма өзі?
Жаңалық бар ма көшем де?

Аңсарым ауса,
Алаңсыз қайтып жата алам,
Бауырым қалай?
Бай-қуатты ма ата-анам?
Сапарға кеткен,
Саулығын тілеп ұлының,
Жолымды бағып,
Жүр ме екен шығып жотадан.
Шаттығым менің,
Аптығым қойды-ау, басылмай,
Өзіңсіз өткен әр күнім менің осындай.
Жігіттер қалай?
Сау жүр ме сайдың тасындай?
Достарым жүр ме?
Басымыз жүрген қосылмай.

Бауырым қалай?
Ауылдың іші тыныш па?
Мал-жаны аман,
Жағдайы жалпы дұрыс па?
Жақында барып,
Жақында барып қалармын,
Сәлем айт ел-жұрт туысқа.

“ҚЫРЫҚ ЕКІ” ДЕЙТҰҒЫН ЖАСҚА КЕЛДІК
Кеше ғана,
Жиырмадан асқан едік,
Өзгеше едік,
Өрімдей жастар едік.
Жиырма  төрттен асқанда әке атанып,
Жиырма бесте жаңалық ашқан едік.

Кеше ғана,
Отыздан асқан едік,
Орда бұздық,
Отбасы, ақша дедік.
Қырықтығы ағаны құрмет тұтып,
Қошаметтеп жатушы-ек – патша көріп.
Кеше ғана,
Қырықтан асқан едік,
Өте шықты,
Қырық жыл атша желіп.
Інілерім ізімді басса дедік,
Балаларым өз жолын тапса дедік.

“Қырық екі” – дей тұғын жасқа келдік,
Қырық екі жыл бұрын бастап едік.
Қырық екі – мен үшін қызу майдан,
Қырық екіге келу де асқан ерлік.

ИӘ, МЕН ДЕ АҚЫНМЫН

Иә,
Мен де ақынмын. Жасырмаймын,
Жасыратын несі бар, несі уайым.
Ал, ақындық – ауру туа біткен,
Жұғып кетер деймісің, шошымай жүр.

Қай сасқаның,
Білмедім, досым-ай бұл,
Қосылмасаң, қосылма, шошымай жүр.
Қарт әкем мен әйелім, үш баламды,
Өлеңмен-ақ,
Өлтірмей асыраймын.

Иә, рас,
Ауырам “сөз” – дертімен,
Ем іздеген жан едім өз бетімен.
Бір-ақ, оны аластап мына ортадан,
Ала-алмайды,
Оны ешкім қызметінен.

Ғазалы дерт,
Ғасырдан жұққан – өлең,
Жұғысты ғыл басқаға, шықпа менен.
Өлең – деген бабамның аманаты,
Аманатын өлсем де құптап өлем.

Осы дерттен,
Өлейін, өлсем де мен,
Жырым қалсын,
Жұрт естіп, ел сенбеген.
Уақытым жетпейді-ау, жеңсем деп ем,
Бақытым ба?
Сорым ба?
Көрсем деп ем.

Керек емес,
Атағың, беделің де,
Шынайылық болмаса керегі не?
Тек өтініш!
Жалғыз-ақ, тілегім бар,
Өлеңімді алып қал көмеріңде.  

ШЫНДЫҚ ДЕГЕН
Қайтесің,
Шындықты іздеп, бәрі жалған,
Шындық деген – сұмдықтың соры болған.
Кімді көрдің?
Шындықпен жолы болған.
Бәрі өтірік,
Қайтесің, бәрі жалған.

Қай заманда,
Шындықтың мәні болған,
Шындық деген – мұңлықтың зары болған.
Айта-айта,
Талайдың жағы талған,
Шындық деген – әншейін сағым – арман.

Бәрі бекер,
Қайтесің, бәрі болжам,
Қилы дүние,
Қисапсыз қалың орман.
Жол-жөнекей талайдың жанын алған,
Шындық деген – шалғайда “шағын аудан”.
Шындығы сол, жалғанның бәрі жалған.

Жауап қалдыру